Инвестиция – игіліктің бастауы

0 1

Өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айларында облысымызда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 344,1 миллиард теңгені құрап, 2019 жылмен салыстырғанда 12,7 пайызға өскен. Ал 2021 жылдың қаңтар айында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 11,1 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,5 пайызға артқан. Бұл жөнінде аймақ экономикасына жеке инвестиция тарту бойынша облыс әкімдігінде өткен жиында облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев мәлімдеді.

Облысымызда жылда инвестиция көлемі өскенімен басқа да мүмкіндіктерді пайдалану керектігіне көңіл аудартқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев:
– Өткен жылы Даму институт­тары өкілдерімен кездесіп, бірқатар жобаларды келіскен едік. «Бәйтерек», «Самұрық-Қазына» холдингтерімен де тиісті жұмыстар жүргіздік. Елшіліктермен де жұмыс істеуді тапсырғанмын, – деп өңір басшысы берілген тапсырмалар аясында қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын сұрады.
– Облысқа 2021 жылы салы­на­тын жеке инвестиция көлемі өңірдегі іске асырылатын инвестициялық жобалардың есебінен артатын болады. 2021 жылы облыста жалпы құны 483,2 миллиард теңгені құрайтын, 41 инвестициялық жоба іске асырылады деп жоспарлануда. Одан бөлек 4 405 жаңа жұмыс орны ашылады.
Сонымен қатар индус­трияландыру картасына жатпайтын облыста 7 инвес­тициялық жоба жүзеге асады. Жалпы құны 7,8 миллиард теңгені құрап, 236 жаңа жұмыс орны құрылады,– деген басқарма басшысы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының тиімділігін де атап өтті.
Бағдарлама жүзеге асырылғалы бері жалпы сомасы 75,5 миллиард теңгені құрайтын 203 жоба бойынша жұмыстар жүргізіліпті. Бүгінгі күні бағдарлама аясында 2 791 жұмыс орнын құруды, өндірісті 83,4 миллиард теңгеге арттыру және салық түсімдерін 7,9 миллиард теңгеге ұлғайту жоспарланған.
Бағдарлама аясында өндіріс көлемін арттыру, өнім көлемін көбейту және модернизациялау бойынша ірі жобалар қолдау тапқан.
– Инвесторларды тарту бойынша республикалық маңызы бар индустриялық аймақты құруға қаулы жобасы дайындалып, бекітілуге ұсынылды. Индустриялық аймақ бойынша министрліктің реестріне республикалық маңызы бар индустриялық аймақ ретінде енгізілді.
Қазіргі таңда индустриялық аймаққа екі жобаны енгізу бойынша ұсыныстар жіберілді. Басқарма қарауында 3 жоба пысықталуда.
Инвестиция тарту мәселелері басқарманың тұрақты бақылауында. ҚР Сыртқы істер министрлігі арқылы инвестиция тарту мәселелері қолға алынған, барлық мемлекеттік бағдарламалар аясында жұмыстар жүргізілуде, – деді Аспандияр Мұраталыұлы.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі өңір экономикасына инвестиция тартудың өсімін сақтап, бұл істе елшіліктермен байланыса жұмыс істеуді және индустриялық аймақты ашуды тездетуді тапсырды.

Қ.РАХМЕТУЛЛИНА

Leave A Reply

Your email address will not be published.