Қоғам

Инвестициялық жобаның игілігі мол

Written by Aray2005

«ЕвроХим» компаниясы аймақтың дамуына айтарлықтай үлес қосуда

Киелі Әулиеата өңірі еліміздегі химия өнеркәсібі мықтап дамыған аймақтардың бірі. Облыста осы сала бойынша ілкімді істер қолға алынып, өңір экономикасының ілгерілеуіне өзіндік септігін тигізіп келеді. Мәселен, кеншілер қаласы Жаңатаста жаңа өндіріс орындары ашыла бастады. Соның бірі – минералдық тыңайтқыш өндірісімен айналысып келе жатқан «ЕвроХим» компаниясы. Бүгінде оның жұмысы жүйеленіп, өнім қуатын арттыру үшін жаңа жобаларды қолға ала бастаған.

Жалпы, 2010 жылдың мамыр айында Қазақстан Үкіметі Көкжон және Гиммальфарбское фосфор кен орындарын игеру бойынша конкурс өткізген болатын. Осы орайда, еліміз үшін ресейлік «ЕвроХим-Тыңайтқыштар» компаниясы стратегиялық маңызды жобаларын ұсынып, кеншілер қаласында жұмысын бастап кеткен еді. Негізінен, аталған компанияның жобасының дамуы тұтастай алғанда өңірдің дамуына, сондай-ақ ауыл шаруашылығын сапалы тыңайтқыштармен қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ бұл жоба ауыл шаруашылығы өнімділігінің өсуіне жағдай жасайды.
2012 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметі мен «ЕвроХим-Тыңайтқыштар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында «Қазақстан Республикасындағы минералды тыңайтқыштар өндірісі және Қаратау фосфат бассейнін игеру бойынша зауыт құрылысы» инвестициялық жобасын іске асыру туралы тарихи келісімге қол қойылып, кен өндірудегі жұмыстарын бастап кеткен болатын.
– 2013 жылы Түркістан және Жамбыл облыстарындағы екі фосфат кенін игеруді бастадық. Кен орнында өндіріс 2014 жылдың басынан бастап жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта Қытай және Орталық Азия нарығындағы калий сульфаты мен күрделі тыңайтқыштарды өндіретін кәсіпорын құру жоспарланып отыр. Бүгінде компания кальций хлориді, кальций сульфаты және күкірт қышқылының қажеттіліктері үшін дикальций фосфатын өндіруді жоспарлап отыр. Біздің өндірістік активтер Ресейде, Литвада, Бельгияда, Қытайда, Бразилияда орналасқан. 25 елдегі сату кеңселері 100-ден астам елдің клиенттеріне қызмет көрсетеді. Бұл өздерінің теңіз терминалдары мен вагон паркі логистикалық шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар компания азот пен фосфат тыңайтқыштарын шығарып, калий кен орындарын игеруді бастады. Компанияның барлық өнімдері стандартты, яғни жалпы мақсаттағы және ұзақ уақыт қолданылатын мамандандырылған тыңайтқыштар, – дейді «ЕвроХим-Қаратау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі филиалының директоры Владимир Бугаев.
Бүгінде кен орындарын игеру бойынша инвестициялық жобаның бірінші кезеңі аяқталған. Нәтижесінде фосфат кенін өндіру және алғашқы өңдеуге арналған жобалық қуатына жетіпті. Бұл бағытта аталған компания қысқа уақыт ішінде айтарлықтай өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізді. Нақтырақ айтқанда, кәсіпорынның Жаңатас қаласындағы зауыты осы жылдың 1-тоқсанында кен өндіру ісін 48,7 пайызға және фосфорит ұны өндірісін 0,4 пайызға арттырған. Сол секілді компанияға қарасты «ЕвроХим-Қаратау» ЖШС жыл басынан бері 149 мың 905 тонна фосфорит ұнын өндіріпті. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 0,4 пайызға артық. Ендігі жерде инвестициялық жобаның екінші кезеңінің егжей-тегжейлі жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Бұл кезеңнің 70 пайыздан астам жұмыстары аяқталып, химия кешенінің құрылысы алаңын дайындау үшін қазба жұмыстары жүргізілуде. Жобаны іске қосу келер жылға жоспарланып отырған көрінеді.
– Аталмыш жоба барысында 500 жұмыс орны құрылды. Компанияның Қазақстан кәсіпорындарында жұмыс істейтін қызметкерлердің 85 пайызы Жамбыл облысының тұрғындары. Химиялық кешеннің құрылысы аяқталғаннан кейін, өндірісте мыңға жуық адам жұмыс істейтін болады және осыған бай­ланыс­ты салаларда 2 мың­нан астам адамға тұрақты жұмыс көздері пайда болмақ. Осын­дай жұмыстар тұтастай алғанда өңірдің дамуына ықпал етіп, Қазақстанның химиялық кластерін жақсартуға елеулі үлес қосатынына сенімдіміз, – дейді В.Бугаев.
Қазіргі таңда компания оңтүстік аймақтың әлеуметтік дамуына, сондай-ақ Жаңатас қаласының сәулеттік келбетінің жақсаруына үлкен үлес қосып келеді. Сонымен қатар шаһардағы барлық спорттық жарыстар мен іс-шараларға белсене қатысып отырады. Мәселен, «Zhanatas Juniors» футбол командасына әрдайым қолдау білдірсе, Ш.Уәлиханов атындағы мектептің химия кабинетін соңғы үлгідегі заманауи техникалармен жабдықтап беріпті. Бұл жобаның демеушілік көлемі 16 миллион теңгені құрады. Бұдан өзге шағын шаһардың инфрақұрылымын жетілдіру, тұрғын үй жағдайын жақсарту жас мамандарды жұмысқа тарту сынды мәселелерінің оң шешілуіне қол ұшын созып келеді.

Шынболат Сейдуалиев

ПІКІР