Сұхбат

«Инвестор табылса, жатақхана мәселесі шешіледі»

Written by Aray2005

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында ел дамуына ерекше екпін сыйлайтын басым бағыттарды айрықша атап өтті. Оның ішінде медицина саласына да айшықты мән берілді. «Медициналық қызмет сапасы халықтың әлеуметтік көңіл күйінің аса маңызды компоненті болып саналады. Ең алдымен, әсіресе ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажет», деді Ұлт көшбасшысы.
Әрине, Ата Заңымызбен ардақталған адам өмірі һәм басты байлық – денсаулық қай кезде де маңызды орында. Адам өміріне араша түсетін абзал жандардың жұмысы қандай жауапкершіліктен тұрса, медицина мамандарын даярлау ісі де соншалықты үлкен сенім жүктейтіндігі жасырын емес. Осы бағытта табаны күректей 83 жыл бойы өңірімізге ғана емес, жалпы ел аумағына қажетті 22 мыңнан астам медицина мамандарын даярлаған Жамбыл медициналық колледжі бүгінде Жамбыл жоғары медициналық колледжі статусына ие болып отыр. Осынау уақытта тарихы телегей мемлекеттік білім ошағының жеткен жетістіктері, алған асулары да аз емес. Алда бағындырар белестері де мол. Осы орайда колледж директоры, дәрігер-педиатр, жоғары санатты оқытушы Жәмила Сарыбековамен сұхбаттасқан едік.

– Жәмила Нұрғалиқызы, медицина мамандарын даярлау осал һәм оңай шаруа емес. Оның үстіне облыста әлі күнге дейін ақ халатты абзал жандардың жетіспеушілігі, яғни маман тапшылығы бар. Талай жылдық тәжірибелі оқу орны ретінде кадр даярлау ұстаханасының ұстанымы қандай?
– Біздің оқу орнымыз қазір Жамбыл жоғары медициналық кол­леджі деп аталады. Осы оқу жылының қараша айында жо­ға­ры медициналық статус берілсін деген Денсаулық сақтау ми­нистр­лігінен шешім қабылданды. Соның негізінде облыс әкім­ші­лі­гіне ұсыныс жасадық. Ол кісілердің қаулысын алып, бү­гі­нгі таңда статусымыз өзгерді. Жалпы оқу орнымыз 1936 жылы құрылған. Биыл 83 жыл толып отыр. Тек өзіміздің облыс­қа ғана емес, бүкіл республикаға орта буын ме­ди­ци­на қыз­мет­керлерін даярлайтын мемлекеттік оқу ор­ны­­мыздың тарихы тым терең. Елбасының Жолдауында да аталып өткен басым бағыттардың бірі – осы денсаулық сақ­тау мен білім беру саласы. Осы екі бағытты біріктіріп отыр­мыз. Бұл бағытта әр оқу орнының алдына қойған өзіндік пер­спективалық жоспары бар. Біздің басты принципіміз – ең алдымен, бәсекеге қабілетті, отандық медицинаның өркендеуіне өзіндік үлес қоса алатын, кез келген уақытта науқастарға сапалы көмек бере алатын маман даярлау.
– Алтын ұя мектебін аяқтап, сіздердің табал­ды­рық­ты аттаған талапкердің бұл шаңырақта қандай мүм­кіндіктері бар?
– Медицина саласын таңдаған жас өзінің қалауымен келуі керек. Өкінішке қарай, бізге көп талапкерлер ата-анасының қалауымен келеді. Немесе ҰБТ-ға бармас үшін ат басын бұрады. Оның үстіне медицина мамандығын халық қадірлейді. Кез келген отбасыда бір медицина маманы болуы қажет деген ұғым қалыптасқан. Сондықтан көбінесе ата-ананың ықпалымен қайырылып жатады. Негізінен, бізде 20 маусымнан бастап қабылдау комиссиясы жұмыс атқарады. Олардың өзінің қабылдау ережесі бар. Қажетті құжаттарды өткізгеннен кейін, тамыз айының басында кешенді түрде емтихан қабылдаймыз. 9-сыныптан кейін келсе, екі пәннен, 11-сыныптан кейін келсе, үш пәннен тест сұрақтарын тапсырады. Жолы болып өткендерін оқуға қабылдаймыз. Дегенмен тағы да қайталап айтамын, салаға келетін маман іштей дайындалып, ниет-талаппен келуі қажет. Өйткені кез келген адам медицина маманы бола алмайды. Кейбір студенттеріміз оқуға түскеннен кейін өкініп жатады. Ал кейбір студенттер оқуға түскеннен кейін ғана мамандыққа деген қызығушылықтары оянады. Сондықтан олар үшін арнайы ашық есік күндерін ұйымдастырамыз. Онда студенттердің ұсыныс, талап-тілектері ескеріледі, олармен әрдайым санасып, пікірлесіп отырамыз.
– Жасыратыны жоқ, қазір бұқараның арасында ақ халаттылардың әдебіне, дөрекілігіне қатысты назын айтып жататындар да аз емес. Маман даярлау процесінде іс-тәжірибеден бөлек, қарапайымдылыққа, кәсіби этикаға қаншалықты көңіл бөлесіздер?
– Медицинада деонтология деген ұғым бар. Яғни медицина этикасы. Қазір бізде болашақ медицина мамандарын даярлауда коммуникативті дағдылар деген арнайы пән енгізілген. Онда кез келген науқаспен сөйлесу әдістері жан-жақты оқытылады. Себебі бір ауыз сөз адамды сауықтыруы мүмкін немесе дұрыс сөйлемей адамды өлтіруге де болады. Сондықтан міндетті түрде қосымша тағы психология негіздері пәні оқытылады. Соның арқасында науқастардың ауру түрлеріне байланысты сөйлесу дағдылары үйретіледі. Биылғы жылы тәуелсіз сарапшылар біздің түлектерден емтихан алады. Онда бес стансадан студенттер өздерінің тәжірибелік дағдыларын көрсетеді. Соның бір стансасы осы коммуникативтік дағдыға бағытталған. Яғни науқаспен тікелей қарым-қатынасы бағаланады. Ол үшін арнайы пациенттерді даярлап қоямыз. Оның бірі ашулы науқас болса, бірі үндемейтін, бірі жылап келеді, осы секілді әр түрлі ситуациялық жағдайларға іс жүзінде дайындаймыз. Түлектер науқастармен дұрыс тіл табысып, емшараларын өз деңгейінде түсіндіруі қажет. Себебі науқас ауруханаға барғанда оны ең алдымен мейіргер қарсы алады. Оның жақсы сөзі кез келген науқасқа аз да болса да шипа бола алады.
– Білуімше, өзіңіз дәрігер-педиатрсыз. Соңғы кездері елімізде педиатрия саласына кадр даярлау ісі кідіріп, салдарынан бала өлімі арта түсті. Кейін оның тиімсіздігін кештеу болса да түсінген сыңайлымыз. Осыған маман ретінде өз ойыңыз қандай?
– Дұрыс айтасыз. Өзімнің мамандығым балалар дәрігері болғандықтан 1991 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын бітіріп, сол дипломмен Алматы облыстық балалар ауруханасында, одан кейін қазіргі Түркістан облысы, Шымкент қаласының және Төле би ауданының балалар үйлерінде дәрігер-педиатр болып ұзақ жылдар бойы қызмет атқардым. Әрине, педиатрия факультеттерінің жабылуына тікелей өз басым әу баста да, қазір де қарсымын. Себебі баланың анатомиялық және физиологиялық ерекшеліктері мүлде бөлек. Ересектермен салыстырғанда дене құрылысында өте көп айырмашылықтар бар екені айтпасақ та түсінікті. Қазір жалпы тәжірибелік дәрігерлерді даярлағанда оларға ересекпен бірге баланың да емдеу тәсілдерін үйретеді. Бірақ ол жеткіліксіз. Біз 6 жыл бойы балалардағы өзгерістер, аурудың өтуі, асқыну түрлерін, әр баланың физиологиялық нормасын жан-жақты меңгердік. Балалармен жұмыс жасаған жақсы әрі өте қиын. Олай дейтінім, бала өзінің қай жерінің қалай ауырып тұрғанын айта алмайды. Іс барысында біз ата-ананың шағымдарын ескеріп, зертханалық нәтижелермен анықтайтынбыз. Сондықтан педиатрия саласы медицинаның ең бір ажырамас бөлігі деп айтар едім. Оған ерекше көңіл бөлген дұрыс деп санаймын. Былтырдан бастап елімізде қайтадан педиатрия факультеттерінің ашылғаны жақсы шешім болды. Енді ол дұрыс жолға қойылады деп сенемін.
– Өзіңіз атап өткендей, білім нысаны 1936 жылы небәрі 2 жылдық мейірбикелерді даярлайтын мектеп болып ашылды. Ол кезде 30 адам білім алыпты. Қазіргі уақытта қанша студентті оқытып жатырсыздар? Сонымен қатар биылдан бастап мейіргер мамандығы бойынша қолданбалы бакалавр дайындауды қолға алыпсыздар…
– Расында, алғашында екі жылдық мейірбике мектебінен басталса, бүгінгі таңда жоғары медициналық колледж болып отырмыз. Қазіргі кезде 2 095 студентіміз бар. Оның ішінде 3 мамандық, 4 біліктілік бойынша маман даярлаймыз. Атап айтқанда, емдеу ісі, мейірбике ісі, фармация, оның ішінде біліктілікке емдеу ісінен фельдшер мен акушер даярласақ, мейірбикеден жалпы тәжірибедегі мейірбике, жаңа құжаттар бойынша олар мейіргер деп аталады және фармацевт мамандарын даярлап шығамыз. Жалпы айтқанда, қазіргі денсаулық сақтау жүйесіне қажет мамандықтармен қамтамасыз етіп отырмыз. Келесі жылы тағы зертханалық диагностика мамандарын оқытсақ деген жоспарымыз бар. Және өзіңіз атап өткендей, биылдан бастап мейіргер мамандығы бойынша қолданбалы бакалавр даярлаймыз. Себебі статусымыз өзгерді, қазіргі заман талабы, саладағы жаңа реформалар жетілуде. Соның бірі мейіргерлік білім беруді жаңғырту. Облысымызда осы бағыттағы үйлестіруші болып табыламыз. Сондай-ақ республика бойынша бұл бағыттағы талаптар да өзгеруде. Мәселен, бұрын мейіргер тек дәрігердің нұсқауын орындайтын көмекшісі болса, бүгінгі таңда мейіргердің құзыреттілігі үлкейіп жатыр. Өзі жеке диагноз қоя алатын мейіргерлік үрдісі бар.
– Бүгінгі таңда айтып отырған түлектеріңіздің қанша пайызы өз саласында жұмыс жасауда және Елбасы Жолдауында атап өткендей, ауылдық жерлерде еңбек етіп жатқандары бар ма?
– Былтыр 713 түлекті бітіртіп шығардық. Биыл 750 маман даярлап отырмыз. Былтырғы түлектеріміздің 81,9 пайызы салада жұмысқа орналасты. Оның ішінде ауылдық жерде, қалалық деңгейдегі емдеу мекемелерінде жұмыс жасап жүргендері де бар. Қалғаны жоғары оқу орнына түсіп, оқуды жалғастырғандар. Көбі Қарағанды мемлекеттік медицина университетінде, Алматыдағы Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде және елордамыз Нұр-Сұлтанда оқып жатыр. Ауылдық жерлердегі дәрігерлік амбулаторияларда фельдшер болып еңбек етіп жатқандары да аз емес. Сонымен қатар студенттеріміздің ішінде ғылым жолын қуғандар да бар.
– Қазір барлық салада талап жоғары, жауапкершілік үлкен. Құжаттар мен іс қағаздардың басым көпшілігі цифрлық жүйеге ауысып жатыр. Бұл шаруа сіздерде қалай шешілуде һәм емдеу мекемелерімен әріптестік байланыс қандай?
– Әрине, емдеу мекемелерімен байланыс болмаса, жұмыс жүрмейді. Себебі қазіргі таңда дуальді оқыту әдістерін енгіздік. Жылда бір топты осы бағытта оқытамыз. Жалпы, облыста 51 емдеу мекемесімен тығыз байланыстамыз, келісімшарттарымыз бар. Мұндай әріптестік іс жүзінде студенттерді шыңдайды. Қазіргі таңда негізгі қалалық балалар ауруханасы, облыстық перинаталдық орталықпен, қалалық №1 ауруханамен, №5 қалалық емханамен тығыз байланыста жұмыс жасаудамыз. Сол жерлерде толығымен базалық кабинеттеріміз жасақталған. Сонымен қатар заман талабына байланысты «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру негізінде көп жұмыс жүргізілді. Оған дәлел ретінде біздегі оқу процесін автоматтандыру, қазіргі жалпы оқу үрдісіне байланысты құжаттарымызды электронды форматқа көшіріп жатқанымызды айтуға болады. Бізде мұғалімдердің жұмыс кестесі, жылдық жүктемесінің барлығы, күнделікті сабақ кестесі, сабаққа келгені, келмегені, оның себептері электронды түрде жазылады. Қазір электрондық журнал мен студенттердің сынақ кітапшасын цифрлық жүйеге енгізу жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесінде кез келген ата-ана үйінде отырып-ақ баласының сабағын, оқу үлгерімін көре алады. Алыс жердегі ата-аналарға тиімді болмақ. Одан кейін бізде 3D тур бар. Яғни екі ғимаратымыз бойынша келушілерге қай жерде қандай кабинетіміздің бар екенін көрсете аламыз. Одан кейін дуальді электронды әдістемелік кабинетіміз жұмыс жасауда. Кез келген мұғалім әдістемелік кабинетте сабақ жоспарымен, керекті нормативтік құжаттармен таныса алады. Өтетін сабағына қатысты қажет ақпараттар, суреттерін, деректерін ала алады. «Ақылды колледж» жобасы аясында да біраз жұмыстар жасадық. Бізде жалпы кәсіптік пәндер ретінде анатомия, физиология, жалпы патология деген медицинаның негізгі пәндеріне басымдық беріледі. Соларды оқыту, балалардың сабақты дұрыс қабылдауы, яғни тиімділік үшін әртүрлі технологияларды енгіздік. Смарт парта, смарт тақталар, 3D принтер секілді құрылғылар осы сөзіміздің анық дәлелі. Бұрын арнайы дене мүшелерін муляждарға тапсырыс беріп жасататын болсақ, қазір студенттердің өзі үйден жобасын сызып келіп, оны 3D принтерге жалғап, ағза мүшесінің құрылыс пішінін жасап шығара алады. Одан кейін виртуалды көзілдіріктің де маңызы зор. Оның көмегімен студенттер арнайы бағдарлама арқылы жүрек-қантамырлары жүйесін, қанның ағысы, құрамындағы клеткалармен жақын таныса алады. Және жалпы патология пәнінен ісік секілді әрбір аурудың қалай пайда болатынын біледі. 3D қаламсаптың да тиімділігі мол. Бұрын дене мүшелерімен танысу үшін студенттер арнайы альбомға суреттерін салатын. Қазір аталмыш қаламсаппен ағза мүшелерін бейнелеу арқылы бірден оның орналасуын біліп отырады. Сондай-ақ бізде облыстағы орта буын медицина қызметкерлерін қайта даярлау бөлімі, симуляциялық орталық жұмыс жасайды. Онда әртүрлі маникен, муляждар арқылы науқастарға қалай көмек көрсету керектігі, емдеу жолдары үйретіледі. Яғни өз студенттерімізді ғана емес, облыста медицина саласында еңбек етіп жүрген мамандарды да оқытамыз. Робот симуляторларды сала мамандарының біліктілігін арттыруға пайдаланамыз.
– Енді шалғайдан келіп оқып жатқан студенттердің үлгерімін ата-аналары үйден біле алады деп айтып қалдыңыз. Алыстан келіп оқитын студенттер жатақхана­мен қамтылған ба? Және олардың дұрыс тамақтануын қадағалайсыздар ма?
– Ең бір шешілмей жүрген өзекті сұрағымызды қойып отырсыз. Елбасының 2022 жылға дейін студенттерді жаппай жатақханамен қамту мәселесі бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Өкінішке қарай, колледжімізде әлі күнге дейін жатақхана жоқ. Бірақ екінші ғимаратымыздың территориясынан жер телімі берілді. Оған жобалық-сметалық құжаттарын даярлап қойдық. Енді істі жүзеге асыратын инвестор қажет. Олар келіп те жатыр. Алайда әлі «мен соғып беремін, қолымнан келеді» деген адам табылған жоқ. Себебі мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында болу керек деген талаптар инвесторларға ұнамай жатыр. Сол үшін іс тоқтап тұр. Десек те болашақта шешіледі деген үміттеміз. Асханамызды жеке кәсіпкер қаржы басқармасы арқылы жалға алып отыр. Студенттерімізді тамақтандырып отырғандықтан, санитарлық норманы талап етеміз.
– Соңғы жетістіктермен бөлісіп, алдағы мақсат­тарыңызды айта кетсеңіз?
– Терең тарихы бар оқу ошағына басшы болғаныма биыл үшінші жыл. Дегенмен бұл жерде еңбек етіп жүргеніме 21 жылдай болды. 1998 жылы анатомия пәнінің мұғалімі болып келіп, директордың орынбасарына дейін көтеріліп, қазір директорлық қызмет атқарудамын. Ұйысқан ұжымымды жоғары бағалаймын. Барлығы колледжді көтеруге, дамылсыз дамытуға сүбелі үлес қосқан әріптестер. 2017 жылы бізді жекеменшік сенімгерлік басқаруға беріп жіберді. Сол бір жылдың өзі бізге біраз кедергі болды. Себебі сенімгерлік басқарудағы инвесторлар білім саласында жұмыс жасамаған азаматтар және олар өздерінің талаптарын төтесінен қойды. Кейбір талаптары заңға қайшы болғандықтан, біз олармен бір бағытта жұмыс атқара алмадық. Оларға да талап қойдық. Ол кезде бізде спорттық алаң жоқ еді. Соны жасап беріңіздер, материалдық техникалық базаны жақсартыңыздар деген ұсыныстар жасадық. Бірақ ешқандай қолдау көрмедік. Кейін сот арқылы, заң жүзінде колледжіміз қайтадан мемлекеттік статусты иеленіп, өзгерістерді өзіміз жасадық. Яғни студенттерге спорттық алаңымызды жасақтадық. Тарихсыз болашақ жоқ болғандықтан колледж мұражайын аштық. Оқу ордасы қаншама кезеңдерден өтті, қаншама адам еңбек етті. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында «Рухани дамыту» орталығын аштық. Студенттерге біліммен бірге жақсы тәрбие де беруіміз керек.
Биыл – Жастар жылы. Дегенмен жастарға тек Жастар жылында ғана көңіл бөлінбеу керек. Оларға білікті, іскер маман болу үшін әрдайым басымдық береміз. Азамат ретінде тәрбиелеп шығу үшін колледж базасынан коворкинг орталығы ашылды. Таяуда тренажер залын пайдалануға бердік. «Жамбыл – адалдық алаңы» жобасы аясында «Адалдық дүкенін» аштық. Онда сатушы болмайды. Яғни қажетті тауарларды студенттер өзі ақша төлеп алып кетеді. Яғни сенім бар. Оған басшы ретінде өзім демеушілік көрсеттім. Кондитерлік тауарлар мен сусындар қойдық. Студенттеріміз де бізді ұятқа қалдырмады. Алайда кейін асханадағы жеке кәсіпкеріміз арзан бағадағы «Адалдық дүкеніне» шағымданып, қазір дүкен кітаптар сөресі болып өңін өзгертті. Яғни студенттер көркем әдебиет, мамандығына қатысты кітаптарды журналға толтырып, үйлеріне алып кетеді. Ол жерде тұрақты түрде жемқорлыққа қарсы бейнематериалдар көрсетіліп тұрады. Осы адалдық алаңы бойынша жұмысты жалғастыру алдағы жоспарымызда да бар. Маусымның басында «Саналы ұрпақ» студент клубын ашқалы отырмыз. Клуб студенттерді адалдыққа, мамандыққа деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу мақсатында жұмыс жасамақ. Және телестудия ашсақ деген ойдамыз. Яғни студенттер колледж ішіндегі тіршілік тынысын таныстырып, мамандықтарына қатысты түсірілімдер жүргізсе деп жоспарлап отырмыз. Және студенттерге арналған «Жасыл дәріхана» деген жылыжай ашпақпыз. Ол екінші корпусымызда орналаспақ. Жылыжайда фармация мамандығының студенттері дәрілік шөптер өсіретін болады. Осылайша шөптердің иісі, гүлі, қолданылуы, кептірілуі, пайдалануын үйренеді. Және жылыжайдың қасынан фитобар жұмыс жасайтын болады. Ол жерде студенттер қажетті дәрумендік сусындар, шайлар даярлайды. Іс жүзінде болашақ мамандықтарына деген түсінігі, көзқарасы өзгереді.
– Әңгімеңізге рақмет, ілкімді істеріңізге табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан Нұржан ҚАДІРӘЛІ

ПІКІР