Жамбыл жаңалықтары

Инвесторлар да игі істің басынан табылды

Written by Aray2005

Коронавирус инфекциясының таралуына қарсы күрес шаралары аясында Қазақстанда жұмыс істейтін бірқатар түрік инвесторлары гуманитарлық көмектің жаңа партиясын жіберді.
Атап айтсақ «Tek-imas» компаниясы облысқа бес оттегі концентраторын тарту етті. Құрылғылар Тараз қаласындағы көпсалалы клиникалық аурухананың пульмонология бөліміне жеткізілді.

Оттегі терапиясы кезінде қол­да­ны­ла­тын оттегі концентра­тор­лары коронавирустық инфекциямен және пневмониямен ауырып жатқан науқастарға уақтылы көмек көрсетуде маңызды рөл атқарады.
Сондай-ақ «Orhun Medical» және «Yildiz Holding» сынды түрік компаниялары да пандемиямен күрестің алдыңғы шебінде жүрген жамбылдық медицина қызмет­кер­леріне 450 дана қорғаныс киім­де­рі­нің жиынтықтарын жіберді. Гуманитар­лық көмек партиясы өңірге келесі аптада жетеді.
Гуманитарлық көмек «Air Astana» ұлттық әуетасымалдаушысының тікелей қолдауымен Қазақстанға жеткізілмек.
Шұғыл гуманитарлық көмегі үшін Тараз қалалық көпбейінді клиникалық ауруханасының басшылығы түрік инвесторларына және Қазақстанның Түркиядағы елшілігіне шын жүректен ризашылығын білдіреді. Бұл көмек Түркия мен Қазақстан халықтары арасындағы достық пен сенімділіктің дәлелі.
– Жамбылдық дәрігерлер бауырлас халықтың көмегін ризашылықпен қабылдап, мұны COVID-19 ауруымен күрес кезінде ынтымақтастықтың айқын көрінісі деп санайды. Көмек тек шетелден ғана емес, сонымен қатар жергілікті ұйымдардан да, жекелеген жанашыр тұлғалардан да келуде, – деді Тараз қалалық көпбейінді клиникалық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Ербол Ордабеков.
Азаматтар осынау қиын сәтте жауапкершілігі зор міндетті атқарып жүрген денсаулық сақтау саласы қызметкерлеріне барынша көмектесуге тырысуда.
Дәрігерлер «Эскулап» емдеу орталығының директоры Олег Ратниковқа NewPort HT-70 тыныс алу аппаратын тарту еткені үшін де алғыс білдіреді.
Сондай-ақ Тараз қалалық көпбейінді клиникалық ауруханасының реанимация және пульмонология бөлімінің дәрігерлері мен медициналық қызметкерлері жергілікті кәсіпкерлер Ақылбек Садырбаев пен Бахром Муминовқа ыстық түскі ас жеткізгені үшін алғыс айтады.
Қазіргі таңда облыс әкімінің тапсырмасы бойынша денсаулық сақтау басқармасы қосымша төсек орындарын дайындап, дәрі-дәрмектер мен медициналық жабдықтар сатып алуда.
Бүгінде облыстың медициналық мекемелерінде 70 оттегі концентраторы бар. Бірер күн бұрын демеушілер есебінен қосымша 11, ал жергілікті бюджеттен тағы 4 оттегі концентраторы сатып алынды.
Облыстың медициналық мекемелерінде барлығы 146 өкпені жасанды желдету аппараты бар. Жақында жергілікті және республикалық бюджет есебінен сатып алынған 62 осындай аппарат жеткізіледі деп күтілуде.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР