ІРІ ҚАРАНЫҢ АУРУЫНА ЕКПЕ ДЕ КӨМЕКТЕСПЕЙ ТҰР

0 4

Мал дәрігерлерінің айтуынша, облысымызда көбіне жаз мезгілінде тейлериоз, яғни сары безгек ауруы асқына түсетін көрінеді. Жалпы ауруға қарсы екпе барлық тұрғындардың ірі қараларына ақпан айында салынады екен. Дегенмен екпе де аурудың алдын алуға көмектеспей тұр.
Т.Рысқұлов ауданындағы Луговой ауылының тұрғыны Жанар Жаңбырбаева екі сиырының аталған кеселмен өлгенін айтады.
– Күнделікті айран-сүт ішіп отыру үшін жалғыз сиыр асыраймыз. Өткен жылғы жазда сиырымыз өліп, орнына тағы басқасын сатып алып, сауып ішіп отыр едік. Жақында ғана тағы да жалғыз сиырымыздан айырылдық. Азанда ауырып тұрғанын байқап, әкем мал дәрігерін іздеп кеткен. Бірақ ешбірі бос болмай, түстен кейін бір дәрігерді ертіп келді. Дәрігер сиырды қарап, сары ауру белгілері барын айтты. Тиісті ем-домын жасады. Бірақ кешқұрым сиырымыз өліп қалды. Екі жыл қатарынан өле берген соң енді мал ұстауға қорқып отырмыз, – дейді Ж.Жаңбырбаева.
Басқа-басқа Т.Рысқұлов ауданында ветеринария саласында маман тапшылығының болуы қисынға келмейді. Себебі ауданда мал дәрігерлерін оқытып, даярлайтын арнайы колледж бар. Ал облыс әкімдігінің ветеринария басқармасы қызметкерлерінің айтуынша, мал ауруымен күресудің нәтижесіз болуы маман жетіспеушілігінен емес екен.
– Сиырлар көп ауыратын тейлериоз немесе сары безгек – қанның қызыл түйіршігінде тіршілік ететін, паразиттердің әсерінен қозатын, жіті түрде өтетін ауру. Сары безгектің тасымалдаушысы – қанмен қоректенетін кенелер. Кенелер сілекейімен малдың қанына қоздырғыштарды енгізеді. Аурудың жасырын кезеңі 10-15 күнге созылады. Клиникалық белгілеріне негізгі бездерінің қабынып, 2-3 есеге үлкеюі, сүтінің азаюы, тәбетінің нашарлап, өкпесін соғып, ауыр дем алуы жатады. Алғашында дене қызуы 42 градусқа дейін көтеріледі. Егер дер кезінде ветеринариялық көмек көрсетілмесе, 1 аптадан кейін дене қызуы төмендеп, бойынан безгекке ұқсас белгілер байқалып, соңында өледі.
Кенелердің көп шабуыл жасайтын кезі – наурыз-қыркүйек айлары. Ең қауіптісі жаз айларында. Осы мезгілдерде жайылымда жүрген малды 4-5 күн сайын кенеге қарсы препараттармен дәрілеу қажет. Ал қора-жайларды жылына 4-5 рет залалсыздандырып тұру керек.
Біздің аймақта бұл ауру жиі кездесетін паразитарлық ауру болғандықтан энзоотиялық аурулар қатарына жатады. Сондықтан жергілікті бюджеттің қаражатынан вакцина егіледі. Ақпан айында екпе жүргізсек те облысымыздың сазды жайылымдары бар бірқатар аудандарында трейлериоз ауруына шалдығатын малдар кездесіп жатыр. Себебі кенелердің белсенділігі екпенің де екпінін жеңіп тұр, – дейді облыс әкімдігі ветеринария басқармасының ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Талғат Қожабергенов.
Маманның кеңесіне сүйенсек, сары безгекті емдеу үшін қан паразиттеріне қарсы қолданылатын телемакс, неозидин, имидокарбті, ал ауру жануардың жағдайын жақсарту үшін кофеин, гемодез, витаминдер, симптоматикалық препараттарды қолданған жөн.
Күннің ыстығында таралу қаупі артатын тағы бір ауру – сібір жарасы. Облыста қатерлі дерттің 189 ошағының ескі көмінділері тіркелген. Барлығы бетондалып, қоршалған, ескерту тақтайшалары ілінген. Жыл сайын көмінділердің бәрінен топырақ сынамалары алынып, ветеринариялық зертханаларға өткізіліп тұрады. Биыл да сәуір-мамыр айларында тексеріліп, ешқандай ауру қоздырғышы анықталмапты.
Қауіпті ауру малға, әсіресе құрғақшылық кезде шөппен бірге ілескен топырақты жегенде жұғады екен. Ал адамдарға ауру малды сойғанда, терісін сыпырған кезде, етін жіліктегенде, тіпті жер қазған сәтте топырақтан да жұғуы мүмкін. Сібір жарасының белгілеріне – сап-сау малдың кенеттен өлуі, аузы-мұрнынан қан ағуы, ішінің кебуі, өлгеннен соң аяқтарының сіреспеуі, қанының ұйымауы жатады. Егер аталған белгілер байқалса, бірден мал дәрігеріне айтып, ветеринариялық зертханада шұғыл тексерткен жөн. Әйтпегенде жұқпалы ауру адам өміріне қатер төндіреді. Індетке қарсы екпе мемлекет тарапынан бөлінген қаржы есебінен тұрғындар үшін тегін жүргізіледі.
– Мал немесе ит-мысық болсын, жануарға иелік еткеннен соң әрбір азамат өз міндетіне жауапкершілікпен қарауы керек. Қора-жайларды міндетті түрде жыл сайын түрлі аурулардан залалсыздандырып, күнделікті тазалықты сақтап отыру қажет. Жануарларға да адамға қарағандай тиісінше қажетті дәрумендерді беріп отырған дұрыс. Шыны керек, тұрғындар малға күнделікті тұз беріп отыруды ескермейді. Сондай-ақ жайылымды ауыстырып отырудың да аурудың алдын алуда пайдасы көп. Тұз минералға бай. Кем дегенде әр мал күніне 100 грамм тұз жеп тұрғаны жақсы. Олай етпегенде ауруға тез шалдыққыш болады. Сауын сиырларға кальций глюконатын беріп отырған жөн. Ол сүзбеде, борда көп болады. Жем-шөбіне осыларды қосып беріп отырса, мал да сау, адам да аман болар еді.
Ал біздің мал бағу әдісіміз қандай? Азанда сүтін сауып алып, өріске айдап жібереді. Кешкісін тағы сауып алады да, қораға қамай салады. Мал далада жүріп не жеп қойды, қандай жәндік шақты, денсаулық жағдайында қандай өзгеріс барына бас қатырмайды. Тіпті малдың ауыра бастаған алғашқы белгілерін де иесі байқай бермейді. Өлген соң «ах» ұрады. Көбіне малға ақша деп қана қараймыз. Жаны бар мақұлық екенін, күтім керегін естен шығара береміз.
Биыл құрғақшылық болып, шөп жайқалып өсе алмағандықтан мал тіліне ілінген шөпті топырағымен қосып жеп жүр. Жайылым ауыстырып отыру керек. Алайда бізде қазір жайылым жер өте тар. Тіпті кейбір елді мекендерде жоқ. Әйтеуір, ауыл арасында жайылады. Ал малдың ауру жұқтырмай, сау жүруі үшін иммунитетін көтеру керек. Иммунитет көк шөптен қалыптасады. Оны малымыз тек көктем, жазда жей алады. Қыста жейтін құрғақ шөптен иммунитет қалыптаспайды. Ондайда катозал деген дәруменді егу керек, – дейді Талғат Ермекұлы.
Айтпай келетін апат секілді байқатпай дендейтін дерттен малды қорғаудың тағы бір тиімді жолы жекеменшік малдәрігерлік клиникаларын, дәріханаларын көбейту екенін айтады мамандар. Ал қазіргі таңда әр аймақта ветеринариялық жұмыстарды мемлекеттік негізде жүргізіп отырған мекемелер негізінен мемлекеттік тапсырыстарды атқаратындықтан, малы ауырып, шақырған тұрғындарға дер кезінде көмек қолын соза алмауы мүмкін. Және қажетті дәрі де ауданнан, ауылдан керек кезінде табылуы екіталай. Осындай олқылықтардың орнын жекеменшік малдәрігерлік клиникалары мен дәріханалары толтырады деген сенім бар.
Қайткенде де «Жаным – арымның садағасы, малым – жанымның садағасы» дейтін біздің халыққа әр төлінің дертке шалдықпай, кәдесіне жарағаны маңызды. Бабалардан қалған «Ауру – астан» деген сөз тек адамдар үшін айтылмаса керек-ті. Мал-жаныңызды түрлі дерттен сақтаймын десеңіз, өзіңізге азық болар малдың да не ішіп-жегеніне мән берген жөн-ақ.

Қ.Рахметуллина

Leave A Reply

Your email address will not be published.