Қоғам

«Іс бітті, қу кетті» Бұдан кім ұтты?

Бүгінде өңірдің коммуналдық жүйелеріне жаңғырту жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Мұндай ауқымды тірлікті облыс орталығынан да байқауға болады. Дегенмен, жаңғырту жұмыстарының басы тәп-тәуір басталғанымен, соңы сылдыр суға, ал, мердігерлер қуға айналуда. Себебі, серіктестіктер құрылыстың сапасын ұмыт қалдырып, «іс бітті, қу кеттіге» салуды әдетке айналдырып алған. Оның зардабын қарапайым халық көруде.

Мәселен, теміржолдың арғы бетіндегі С.Мұқанов, Чкалов және Матросов көше­ле­рі­нің бойынан тартылған ауызсу құбырының құрылысы аяқсыз қалған. Аталған көше­лердегі асфальттың тас-талқаны шығып, жол апатты жағдайға жеткен. Ең сорақысы, көше бойын­да­ғы құдықтардың барлығы ашық-шашық күйінде жатыр. Бұл өз кезегінде тұрғындарға қауіп төндіруде. Жауаптылар «қылмысын» жасырмақ болып бір шұңқырды таспен қымтаған болса, енді біріне тал шыбықтарын шаншып қойған. «Жаман айтпай, жақсы жоқ», егер ойын бала­ла­ры­ның бірі ашық құдыққа құлап кетіп, жара­қат алып жатса, бұған кім жауапты бол­мақ? Балалар түгілі қақпақсыз құдыққа үлкен­дер­дің өздері де түсіп кетуі мүмкін. Осындай кезде «мердігер компания жұмысты не себепті аяқсыз қалдырған?», деген орынды сұрақ туады.
– Өткен жылы Амангелді, С.Мұқанов, Чкалов және Матросов көшелерін қазып, коммуналдық жүйелерге жөндеу жұмыстарын жүргізген болатын. Бірақ, мердігер компания жұмыстарын дұрыс жасамағандықтан, көшеміздің сұрқы қашты. Жолмен жүріп-тұрудың өзі мұңға айналды. Немерелерімізді көшеге шығаруға қорқамыз. Себебі, тереңдігі 1,5-2 метр болатын құдыққа түсіп кете ме деп қауіптенеміз. Жергілікті билік құрылыс жұмыстарын қайта қарап, тым құрығанда ұзындығы 1 шақырым ғана болатын Матросов көшесін асфальттап берсе ғой. Өйткені, көліктердің басым көпшілігі сол көшемен жүреді.
Одан кейін жауаптылар құрылыс сапа­сы­на мән берсе екен дейміз. Себебі, асфальт жабындысы төселді деген Амангелді көше­сі­нің өзінің жылға жетпей, кей жері ойылып түсіп жатыр. Көшелеріміздің шам­да­ры да жанбайды. Осындай келең­сіз­дік­терді көріп тұрып, жауаптылар қалай ғана үнсіз отыр, – дейді С.Мұқанов көшесінің тұрғыны Сейсенкүл Темірбекова.
Расында, ол көшелермен автокөлік түгілі, жаяу жүргіншілердің жүруінің өзі мұң. Тұрғын­дар жаз айларында шаң-тозаңнан аяқ алып жүре алмаса, күзде лай-батпақ кешеді. Әсіресе, мек­теп жасындағы балалар көп қиналады екен. Оқушылар жауын-шашын кезінде поли­эти­лен­ пакеттерін киіп, сабаққа барудан басқа амал таппай отыр. Осы мәселелерді алға тартып, Тараз қаласы әкімдігіне қарасты №10 аумақ­тық округінің инспекторы Қанат Нұрлановқа хабар­лас­қанымызда, ол бұл түйт­кілден толық­­тай хабардар екенін айтты. Алайда, «су құбыр­ла­рын жүргізген мердігерді біл­мей­мін» деген «әкімщик» олардың жұмысына өзінің де көңілі толмағанын жеткізді.
– Бұл аумақтағы мәселелерді көтеріп, қала әкімдігіне жеткіздім. Бірақ, әлі шешілетін емес. Өткен жылы ол көшелерді мердігер компания ауызсу жүргізу үшін қазды. Оған шамамен 300 миллион теңге бөлінген болатын. Ашығын айту керек, жүргізілген сол құбырлар арқылы су беріліп те жатқан жоқ. Жол бойындағы құдықтардың беті әлі күнге ашықтан-ашық жатыр. Рас, құрылысты тапсырыс беруші қабылдап алар кезде барлық құдықтың қақпағы болды. Бірақ, құжатқа қол қойылып, мөр басылғаннан кейін, бір түнде бүкіл қақпақ қайта жоқ болып кетті. Сонда кім-кімді алдады? Осыны түсіне алмай, шағымданбаған жерім жоқ. Бірақ, әзірге еш әрекет болмай тұр, – дейді аумаққа жауапты инспектор.
Осы орайда, «жұмбақ» мердігерге өзіміз іздеу салдық. Тараз қаласы әкімдігінен біл­ге­ні­міз, құрылысқа тапсырыс беруші қала әкім­ді­гі­нің құрылыс бөлімі екен. Ал, ауызсу құбырын «КМК Жақсылық» ЖШС жүргізіпті. Мамандардың айтуынша, осыдан екі жыл бұрынғы құрылысқа жауапты болған мердігердің үстінен қылмыстық іс қозғалып, 362 754 теңге көлемінде айыппұл салыныпты. Және қала әкімдігі биыл тексеріс жұмыстарын қайта жүргізіп, олқылықтардың орнын толтыруды қолға алып жатқан көрінеді.
Десе де, құрылыстан кейін қалпына келті­ріл­меген асфальт жол мұндағы жалғыз мәселе емес. Жосықсыз мердігердің сапасыз жұмысы Чкалов көшесінің бойындағы аспалы көпір­ден де көрініс тапқан. Ауызсу құбырын тарту кезінде серіктестік көпірдің бір жағын құлатып кеткен.
– Осындағы оқушы балалардың дені №17 орта мектепте оқиды. Олардың басым көпшілігі осы көпір арқылы білім ұясына барады. Оның да бүгінгі жағдайы мүшкіл. Ауызсу құбыры тартылған кезде, бір жағы құлап қалды. Ол жермен балалардың өтуі қауіпті болғандықтан, күнделікті өзіміз өткізіп жіберіп, сабақтан қайтқан уақытта күтіп алуға мәжбүрміз, – дейді С.Темірбекова.
Айта кетерлігі, аталмыш көпір «Қарасу» каналының үстіне салынған. Байқағанымыз, ағып жатқан су арнасы пластикалық бөтел­ке­лер мен қауын-қарбыздың қалдығына толып қалған. Оның себебі, сол көпірден сәл жоғарырақ «Күншуақ» демалыс орталығы орна­лас­қан. Яғни, «Қарасу» каналының жаға­сы­нан орын тепкен демалыс орнына келу­ші­лер қоқыстарын су арнасына тастап, тазалық сақ­та­майды. Демалушылардың осын­дай жауап­сыздығынан су арнасы жабылып, ағын судың тасу қаупі артып отыр. Тіпті, бір-екі мәрте жа­ға­ға жақын маңдағы үйлердің ауласын су шайып кеткен фактілер де тіркелген екен. Ал, сол канал­дың тазалығына жауапты делінген «Жасыл Ел -Тараз» мекемесі бұл келеңсіздіктен бейхабар сияқты.
Бұдан бөлек, аталған каналдың екі жақ жағалауында тұрмыстық қалдықтар үйіліп жатыр. Мұның себебін округ инспекторы жақын маңдағы тұрғындардың қоқысқа ай сайын төлейтін төлемнен бас тартып отырғандықтарымен түсіндірді. Яғни, ондағы халық қоқыс тазалайтын мекемемен келісімшартқа отырғысы келмей, үйлерінен шыққан тұрмыстық қалдықтарды каналдың жағасына әкеліп тастауды әдетке айнал­дыр­ған.
– Бүгінде ол аумақтың қоқысын шыға­ру­мен «Сұлтанғазы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысады. Олар өздерінің жұмысын өз деңгейінде атқарып жатыр. Бірақ, тұрғындар қоқыстарын оларға бермей, өз беттерінше шығарып, аумақты ластауда. Шындығын айту керек, бізде қоқыс мәселесі өзекті болып тұр. Бәлкім, Тараз қаласы әкімдігі тұрмыстық қалдықтарды арнайы мекеме жинасын дегенді міндеттейтін шешім қабылдау керек шығар. Сол кезде тұрғындарда қоқыс шығару мәдениеті қалыптасып, осы мәселе реттеліп қалар. Ал, «Қарасу» каналы жағалауындағы қоқысты мен өз бетімше тазалай алмаймын. Ол үшін техника да қарастырылмаған. Қоқысты тастап кетушілерге айыппұл салуға да құзыретті емеспін. Мен тек халықпен түсіндіру және ұйымдастыру жұмыстарын ғана жүргізе аламын, – дейді аумақ инспекторы Қ.Нұрланов.
Қалай дегенде де, бұл талқылайтын емес, тез арада нақтылайтын мәселе. Жосықсыз мердігерлерді жүгенсіз жібермеу үшін, қала әкімдігі де өз жұмысына қырағы болса екен дейміз. Әйтпесе, «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» деп білетін олар, ертең бұдан да сорақысын жасауы бек мүмкін.
Одан кейін, қоқыс мәселесін де назардан тыс қалдырмау керек. Бәлкім, «Күншуақ» демалыс орталығының қожайындарымен келіссөздер жүргізіп, егер мәмілеге келмесе, заң шеңберінде айыппұл салу керек шығар. Және тұрғындармен де түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, қоқыс таситын мекемелермен келісімшартқа отыруға үгіттеу қажет. Сонда ғана, жоғарыда айтылған келеңсіздіктер жөнге келеді. Бұған Тараз қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов жіті көңіл бөледі деп сенеміз.

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ
Тараз қаласы

ПІКІР