Сұхбат

«Іш пыстыратын шараларға түбегейлі қарсымын»

Елдің ертеңі саналатын жастар қашанда мемлекет тарапынан қолдауға ие. Сол себептен де олардың қоғамнан өз орнын тауып, бәсекеге қабілетті маман атануы мемлекеттік жастар саясатының басым бағыттарының бірі саналады. Осы орайда, Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына кезекті Жолдауында келер жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынды. Яғни, алдағы жыл жастар саясаты үшін жаңалықтарға толы жыл болмақ. Әсіресе, ауылдағы замандастарымыз да айрықша қуануда. Меркі аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Еркебұлан Базарбаевпен болған сұхбатымыз да жастар саясатындағы жаңа белестер турасында өрбіді.

– Еркебұлан Базарбайұлы, орталық директорлығына тағайындалғанға дейін ағылшын тілі пәнінен сабақ бергеніңізді білеміз. Ұстаздық қызметіңізді жастар саясатына алмастыруыңызға не түрткі болды?
– Расында, жоғары білім туралы диплом қолға тигеннен кейінгі 4 жылға жуық уақытымды педагогика саласына арнадым. Аудан орталығындағы И.Трубицын атындағы №17 орта мектеп-гимназиясында ағылшын тілі пәнінің мұғалімі ретінде еңбек еттім. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде оқып жүргенімде студенттік декан атанып, белсенді жастардың қатарынан табылғанмын. Сондықтан, өзіме студент күннен жақсы таныс салада қызмет етуді алдыма мақсат қойдым. Ал, 2016 жылдың желтоқсан айында аудандық жастар ресурстық орталығына директорлыққа тағайындалдым.
Жастар саясаты ұрпақ тәрбиесіндегі ең маңызды міндет саналады. Таным-түсінігі кеңейіп, өмірге өзіндік көзқараспен қарайтын өрендерге бағыт-бағдар сілтеу оңай емес. Демек, ұстаздық пен жастар саясаты бір-бірімен тығыз байланыстағы сала.
– Дегенмен, қарапайым мектеп мұғалімінен бір ауданның жастар саясатына жауапты мекеменің тізгінін ұстау алғашында қиын соққан болар…
– Әрине, жастар саясаты мен педагогиканың арасында аса бір алшақтық болмаса да, басшылық қызметті алып жүрудің жауапкершілігі жоғары. Белсенді студент ретінде университеттегі жастар ұйымдарының қызметін үйлестірумен тұтас бір аудандағы жастардың ахуалына жауапты мекемені басқарудың арасы жермен көктей екеніне көзім жетті. 4 жылға жуық еңбек еткен педагогикалық ұжыммен салыстырғанда кіл жастардан құралған мекеменің тізгінін ұстауға жүрексінгенім рас. Алайда, алғашқы жұмыс күнінен жанымнан табылып, қолдау білдірген ұжымның ұйымшылдығы бар қорқынышымды жеңуге көмек берді.
– Ал, қазір аудандағы жастар саясатының аяқ алысы қалай? Әлгінде «ұстаздық қызметте жүргенде аймақта жастардың мәселесі көп ойлантты» деп қалдыңыз. Орталық директоры ретінде аталмыш түйткілдердің түйінін тарқатуды жолға қоя алдыңыз ба?
– Аудандағы жастар саясатының бүгінгі жағдайына көпшіліктің көңілі толады. Ресми мәлімет бойынша, аймақта 19843 жас бар. Олардың басым бөлігі белсенді жастардың қатарына жатады. Өңірдегі №9 Меркі колледжі, А.Асқаров атындағы Меркі экономика және құрылыс колледжі сынды арнаулы орта білім беру мекемелерімен байланыс жолға қойылған. Колледж студенттері аудан көлеміндегі ірілі-ұсақты шараларды өз деңгейінде өткізуге қолғабыс жасайды. Орталық өз жұмысында ең әуелі жастардың әлеуметтік жағдайының жақсаруына басымдық беруде. Бұл орайда жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету шаралары ерекше назарға алынды. Әсіресе, мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсібін бастағысы келетіндермен жұмыс жүргізуге күш салдық. Аудан жастары «Zhas project» жастар корпусын дамыту жобасына белсене қатысты. Меркілік өрендердің үздік шыққан 5 жобасының әрқайсысы 1 миллион теңге көлеміндегі қаржылай қолдауға ие болды. Жоба талабына сай грант иегерлері 6 ай бойы тұрмыстық жағдайы төмен отбасыларға тегін қызмет көрсетуге кірісіп те кетті. Олардың арасында «Қымыздың пайдасы зор», «Сладкая жизнь» кондитерлік өнімдерін дайындау», «Дәстүр» қыш құмыралар жасау» сынды ерекше жобаларды атап өтуге болады.
– Жасыратыны жоқ, қазір жастарға арналған жиындар бірсарынды өтіп жатыр. Ұзын-сонар баяндамалар мен флешмобтардан ары аса алмай жүрген шаралар жастарды мезі еткені ащы да болса шындық. Жастар саясатында азды-көпті тәжірибесі бар басшы ретінде осы мәселеге қатысты жеке пікіріңіз қандай?
– Расында, қазіргі жастар бірсарынмен өтетін жиындардан шаршады. Көзі ашық, көкірегі ояу жастарға тың дүние қажет-ақ. Орталық директоры ретінде мұндай іш пыстыратын шараларға қарсымын. Менің ойымша, мұндай форматтағы жиындардың жастардың кәсібилігін арттыруға, ой-өрісін кеңейтуге пайдасы шамалы. Көп жағдайда орталық қызметкерлеріне аудан жастарына арналған шараларды ерекше үлгіде әрі қызықты етіп өткізуді тапсырамын. Реті келсе оның ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасынан табылуға тырысамын.
– Әрине, сіздердің жұмысты бағалаудың белгілі бір өлшемі, тиісті талаптары бар. Дегенмен, жаңа қызметке тағайындалған аз уақыт ішінде ауданның жастар саясатына қандай оң өзгерістер алып келе алдыңыз?
– Белгілі бір жұмыста нәтиже көрсету үшін екі жыл аз уақыт емес. Сондықтан, өзім де осы кезеңде жастар саясатына айтарлықтай үлес қостым деп есептеймін. Қызметіме кіріскен алғашқы күннен жастардың осал тобымен жұмыс жасауды жолға қойдым. Жыл сайын бекітілетін іс-шаралар жоспарында әлеуметтік жағдайы төмен, есесіне кәсібилігі жоғары жастарға қолдау білдіруге баса назар аударудамыз.
– Жастар саясаты біле білгенге үлкен тәжірибе мектебі. Сан түрлі саланы ұршықша иіріп жүрген білікті кадрлардың дәл осында жүріп шыңдалатыны белгілі жайт. Мансаптық өрлеу жолында ұтымды ұсыныстар түсіп жатса, қызмет ауыстыруға дайынсыз ба?
– Дұрыс айтасыз, білікті маман ретінде қалыптасуда жастар саясаты үлкен тәжірибе мектебіне айналып келеді. Бұл сала қоғамның әртүрлі санаттағы өкілдерімен тікелей жұмыс жасауымен ерекшеленеді. Бүгін аудан әкімі алдында есеп берген орталық директоры күні ертең мүгедек жастарды қабылдап отыруы бек мүмкін. Бұл жас маманды шыңдай түседі. Сол себептен де мен үнемі мекеме қызметкерлеріне жастар саясатының мансаптық өсу жолындағы баспалдақ екенін ескертіп отырамын. Ал, қызмет ауыстыру мәселесіне келер болсақ оны әзірге уақыттың еншісіне қалдыра тұрған дұрыс шығар.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Шынболат КҮЗЕКБАЕВ

ПІКІР