Исі қазақ мойындаған ислами ренессанс

0 16

Тағылымды тарихымыздағы тағдыршешті оқиғалардың бірегейі «Атлах» шайқасына биыл 1270 жыл толып отыр. Ұшқан құстың қанаты талып, шапқан тұлпардың тұяғы тозатын ұлан-ғайыр ұлы далаға ислам дінінің енуімен қатар бұл оқиға түркі халықтары арасында ғылым мен білімнің, мәдениет пен руханияттың, өнер мен өркениеттің жан-жақты жетіліп, дамылсыз дамуына үлкен сеп болған. Осы ретте айтулы шайқас өтіп, ат дүбірінің ізі қалған Тараз төрінде «Қазақ даласына ислам дінінің келуі» атты халықаралық ғылыми-танымдық онлайн-конференция өтті.

 

Ең алдымен М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Баласағұн» музейінде айтулы шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған және арнайы көне шаһарға ат басын бұрған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевпен жүздесті.

– Өткенде ғана өзіңіз ашқан «Имамдар үйінің» имамдардың сауаттылығын арттыруға, жалпы қауымды имандылыққа ұйыстыруға, достыққа, бірлікке шақыруда орны бөлек. Одан кейін әжелер мектебіне қоса аталар мектебін ашып жатырмыз. Оны әрбір аудан орталықтарында ашуды мақсат етіп отырмыз. Имамдардың сауаттылығы жылдан-жылға көтеріліп келеді. «Бейбітшілік пен келісім» деген жобамыз бар. Көп ұлтты өңір болғаннан кейін  ең негізгісі, ол – ұлттар арасындағы бір-біріне деген  оң көзқарас, ынтымақ-бірлігі. Конференцияның Таразда өтіп жатқаны да бекер емес. Себебі қазақ тарихындағы көптеген оқиғалар, әсіресе қазақ мемлекетінің іргетасының қалануы осы жерден басталған. Сол секілді «Атлах» шайқасының да орны бөлек. Себебі осы шайқастан кейін Орта Азияға, оның ішінде Қазақстанға ислам діні енді, –
деп Бердібек Машбекұлы шараны тарихи өз орнында өтуіне бастамашылық танытқан Бас мүфтиге алғысын жеткізді.

–  Өзіңіздің еліміздегі әр саланы дамытуға үлкен үлес қосып келе жатқаныңызды жақсы білеміз. «Атлах» шайқасына 1270 жыл толуы үлкен тарихи дата. Соған қолдау білдіргеніңізге үлкен алғыс. Әулиеатада ашылған «Имамдар үйі» жалпы ел аумағында жалғыз. Ол үшін де Алла ісіңізді құтты, берекелі етсін дейміз. Тараздан көптеген ғұлама Таразилер шыққаны белгілі. Осы аталған шайқас бізге мұсылмандығымыз кеше, арғы күні емес, ғасырлардан келе жатқан хақ дін екенін ұрпаққа насихаттайтын нақты дәлел. Осы мақсатта  халықаралық конференцияны осында ұйымдастырсақ деп шештік. Тараз өте тарихи жер. Шайқастың өткен жері. Соны ұрпағымыз білсін, ел білсін деген мақсат. Еліміз аман, ынтымағымыз берік болсын, – деді Наурызбай қажы Тағанұлы

Бұдан кейін аталмыш университеттің мәжіліс залында облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің азаншысы Жалғас Жұбатқанов шайқаста көзсіз ерлік көрсеткен батыр бабалар мен даналардың рухына Құран бағыштады. Ізін ала шараға қатысушылар ата тарихтағы айтулы оқиғаға қатысты арнайы түсірілген бейнефильмді тамашалады. Онда елімізге белгілі тарихшы ғалымдар «Атлах» шайқасының ақиқатын барынша жан-жақты, нақты дәлелдермен көрсеткен.

Ал халықаралық конференцияның мән-маңызын айрықша атап өтіп, жиынды жүргізіп отырған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төраға орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғар алғашқы сөз тізгінін облыс басшысы Бердібек Сапарбаевқа берді.

– Қадірлі қонақтар, құрметті ғалымдар! Әулиеата өңіріне қош келдіңіздер. Осы іс-шараны ұйымдастырып отырған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына, Бас мүфтиге жерлестердің  атынан рақмет айтамын. Өздеріңіз бейнефильмнен тарихымыздың қандай кең екенін көрдіңіздер. Мемлекетіміздің тарихында Әулиеата жерінің орны ерекше. Соның ішінде түркі елдеріндегі ғылымның, әдебиеттің дамуына түрткі болған, жол ашқан осы «Атлах» шайқасы деп айтуға болады. Өздеріңіз білетіндей, тарихсыз болашақ болмайды. Биыл тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы. Осы конференция барысында айтылған мәліметтер исламның неше ғасырлық тарихы бар екенін тағы да дәлелдей түседі. Ислам дінінің Орта Азияға, оның ішінде қазақ еліне келуі, біріншіден, әл-Фарабиден бастап, Қашқари, Баласағұн, Дулати секілді ойшылдарымызды дүниежүзіне танытса, екіншіден, даналарымыз мұсылмандар ғылымының, мәдениетінің дамуына үлкен үлес қосқан. Қожа Ахмет Ясауидің арқасында мұсылман елдерінде ғылым мен мәдениет дамып, бүкіл дүниежүзіне тарады. Біз әрдайым  фарабилермен, таразилермен мақтанамыз. Ендігі мақсатымыз – сол кісілердің  ілімдерін өсіп келе жатқан ұрпаққа жеткізу. Әсіресе дүниежүзінде өз мемлекетіміздің қай кезден бастап қалыптасқанын, іргетасының қай кезде қаланғанын көбірек айтуымыз керек. Осыдан бес жыл бұрын Елбасының бастамасымен Тараз өңірінде Қазақ хандығының 550 жылдығының аталып өткені де бекер емес. Сондай-ақ Мемлекет басшысының бастауымен былтырдан бері Алтын Орданың 750 жылдығы тойланып жатыр. Ондағы мақсат той өткізу емес. Тарих, ғалымдардың өшпес еңбектері арқылы қай кезде мемлекеттік пайда болғанын, ол тек қазақ жеріне емес, көршілес мемлекеттердің аумағын да қамтығанын, Алтын орданың жалпы алып жатқан аумақтарының дамуына үлкен үлес қосқанын көрсету. Елбасының тапсырмасына сәйкес «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қабылдады. Сол арқылы өз ұлттық құндылықтарымызды, үрдістерімізді қайтадан жалғастыруымыз керек. Осы бағытта Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының жасап жатқан жұмыстары үлкен. ІІІ республикалық имамдар форумында «Жеті рухани қазық» тұжырымдамасы қабылданған болатын. Қазіргідей аумалы-төкпелі заманда, өзіміздің дәстүрлеріміз, салттарымыз жоғалып бара жатқан кезде осы жеті қазық ауадай қажет. Оның негізгі құндылықтары – имандылық, отаншылдық, білімділік, адамгершілік, мәдениеттілік, еңбекқорлық. Қазіргі адамзат баласына ең керегі де осылар. Жастарымыз үшін де бұл өте маңызды. Мемлекеттік органдар да осыны жүзеге асыруға атсалысуы қажет, – деп Бердібек Машбекұлы конференция жұмысына сәттілік тіледі.

Бұдан кейін сөз алған Бас мүфти «Атлах» оқиғасының тарихи, діни тұрғыдағы алар орнын кеңінен атап өтті.

– Мұқым мұсылман үмбеті үшін сондай айтулы оқиға, атап өтпеу елдігімізге сын болатын даңқты датаның бірі – биыл орын алғанына 1270 жыл толған «Талас ғазауаты» екені күмәнсіз шындық.

Атлах ойпатында 751 жылы болған Таң империясы мен Аббасид халифаты әскерлерінің арасында болған «Талас ғазауатының» мұсылман үмбеті һәм түркі халықтарының тарихында алар орны ерекше. Бұл шайқастың тарихтағы орны туралы мұсылман тарихшыларынан Ибн Тайфурдың «Китабул-Бағдад», әл-Мақдисидің «Китабул-Бад’уал’л-Тарих», Ибнул-Әсирдің «Әл-Камил фит-тарих» атты еңбектерінде мол мәліметтер ұшырасады. Шығыстанушылардан В.Бартольд, О.Большоков, А.Прозоров, Л.Гумилев, түрік тарихшылары З.Китапшы, З.Тоған, Ф.Көпрүлү, С.Кутлу, И.Кабакшы, А.Ташағыл, өз тарихшыларымыздан Ж.Мырзаханов, Н.Мыңжан, Ә.Дәулетхан, С.Сыздықов, М.Бұлұтай, Ә.Хасенов және тағы басқа зерттеушілердің «Талас ғазауатының» тарихи мәні жөніндегі ой-тұжырымдары ғылыми айналымға енген.

«Талас ғазауатынан» кейін түркілердің исламды қабылдау процесі жеделдей түсті. Осы тұрғыда «Атлах» шайқасынан кейінгі ортаға шыққан оң нәтижелерді жан-жақты тұжырымдауға болады.  Біріншіден, мұсылмандардың «Талас ғазауатындағы» жеңісінен кейін Таң империясының Орталық Азияға басқыншылығы тоқтады. Екіншіден, «Талас ғазауатынан» кейін араб түрік арасындағы соғыстар саябырсып, исламның таралуына кедергі азайды.  Үшіншіден, «Талас ғазауатынан» кейін Орталық Азиядағы түркі халықтарының ислам дініне деген жүрегі жібіп, олар топ-тобымен хақ дінді қабылдай бастаған. Мәселен В.Бартольдтің жеткізген дерегіне қарасақ, бір күнде түркінің 200 мың шатыр үйі ислам дінін қабылдаған көрінеді. Төртіншіден, «Талас ғазауатынан» кейін Орталық Азияны мекендеген түркілер біртіндеп ислам дінін қабылдап, осының нәтижесінде Қарлұқ, Қарақан, Оғыз, Селжұқ мұсылман түрік мемлекеттері тарих сахнасына шықты.  Бесіншіден, «Талас «ғазауатынан» кейін ислам діні Орталық Азияға түпкілікті орын теуіп, Орталық Азия атырабындағы қалалардың сәулеті мұсылмандық нақышта өріліп, мұсылмандық мәдениет пайда болды. Бүгін біз бас қосып отырған ежелгі Тараз қаласының сәулеті осы кезден бастап мұсылмандық сипатта салына бастағанын археологтар дәлелдеуде. Алтыншыдан, «Талас ғазауатынан» соң халық лек-легімен исламды қабылдап, қалаларда мешіт-медреселер бой көтерді. Медреселердің көбеюі Орталық Азияда ғылымның дамуына түрткі болды. Мәуреннахрдан тек мутакаллимдер, фақиһтар, мутасаууфтар ғана емес, әл-Фараби, Ибн Сина, Бируни, әл-Хорезми және тағы басқа пәлсапа мен позитивті ілімнің ұлы ғұламалары да шықты. Жетіншіден, ислам дінінің Орталық Азияға кең көлемде таралуы жергілікті халықтардың әдебиетіне үлкен өзгеріс әкелді. Түркілердің озан-жыраулары бұрын ерлікке шақыратын жырлар шығарса, енді олардың шығармаларында адамгершілікті, діни-моральдік, діни-этикалық құндылықтарды насихаттайтын жанр пайда болды. Ж.Баласағұнидің «Құтты білік», М.Қашқаридің «Лұғат ат-Турк», А.Йүгеникидің «Ақиқат сыйы», Қ.Ясауидің «Даналық кітабы», С.Бақырғанидің «Ақырзаман кітабы» және тағы басқа шығармаларды осы санатқа жатқызуға болады. Аббасидтер дәуірінде исламды бейбіт түрде насихаттауға көшеді. Тарих қатпарының әр кезеңінде саяси себептермен бірге исламдағы ахлақ (ихсан) ілімінің жүйелі дәріптелуінің әсерінен Каспий теңізінің кенересінде Хазария (ІХ ғасыр), Еділ өзені бойында Бұлғар (Х ғасыр), Жетісу мен Мәуреннахрда Қарахан (Х ғасыр), кейін Дешті-Қыпшақта Алтын Орда (ХІІІ ғасыр) атты түркілердің төл ислам мемлекеттері тарих сахнасына шықты. Исламның бейбіт түрде насихатталуының нәтижесінде халық хақ дінді кең арнада қабылдап қана қойған жоқ, түркілердің ішінен көптеген дін ғұламалары шыға бастады. Қарахан дәуірінде Марғинани, Дабуси, Сарахси, Бәздауи, Матуриди, Нәсафи сынды фиқһ және мутакәллим ғалымдары бой көрсетті. Тіпті Қарахан дәуірін терең зерттеген. Ал ахлақ ілімінің насихаттаушылары Жүсіп Хамадани, Арыстан баб, Абдулхалық Ғыждуани, Ахмет Ясауи, Сүлеймен Бақырғани, Нәжмидден Кубра, Зеңгі ата, Ұзын Хасан ата және тағы басқа шайқылар халықтың ар-ұжданына қызмет етті. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – өз басым 751 жылғы «Атлах» шайқасын халқымыздың хақ дінге бет бұрысындағы биік белесі деп есептеймін, – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Мазмұнды басқосуға онлайн арқылы қатысып отырған Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары Ханжон Ишматбеков тарихи, діни бауырластықты тілге тиек етсе, Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасының аппарат басшысы Равшан Эратов «Жеті рухани қазық» тұжырымдамасы бауырлас елдер үшін де үлгі, өнеге екенін жеткізді.

– Талас-Тараз топырағы – Түркі қағанатының ордасы болған, Талас шайқасы нәтижесінде  ислам дінінің қасиетті қақпасына айналған, әйгілі Талас құрылтайы арқылы Алтын Орда, Моғолстан мемлекеттерінің негізі қаланған және Қазақ хандығының туын тіккен қастерлі мекен. Бүгін осында әйгілі Талас шайқасының 1270 жылдығы атап өтілуінің де өзіндік мәні зор. Бұл тұтас түркі-мұсылман әлемі үшін маңызы зор тарихи оқиға. Себебі тұтас Түркістан аймағына қасиетті ислам дінінің таралып, тамыр жаюы осы Талас-Атлах шайқасымен тікелей байланысты.

Тарихи деректерде түркештер арасында алауыздық туып, билік әлсіреген тұста шығыстан жеткен Таң империясының қаупіне қарсы түркілер мен мұсылман арабтардың біріккен қолы қарсы тұрып, 751 жылы Талас маңындағы қазіргі Жуантөбе жеріндегі Атлах (Отлақ) қаласында кескілескен шайқас өтеді. 751 жылы шілде айында Талас маңындағы Атлах қаласында болған бұл әйгілі шайқас жайында қытай дереккөздері былай дейді: «Екі жақ бес күн бойы шайқасты, қарлұқтар жаппай бет бұрып кетті де арабтарға болысып, екі жақтап Таң армиясын қыспаққа алды. Шиян жыны ойсырата жеңді». Осылайша бірнеше күнге созылған бұл шайқастың нәтижесінде түркі жұрты шығыстан төнген дұшпанның бетін қайтарып, екінші жағынан мұсылман арабтармен жақын танысып, ислам дінін қабылдай бастады. Түркі жұртын тұтастай табанының астына алып, бағындыруды көксеген Таң патшалығының Батыс Түркістаннан біржола күдер үзуіне себеп болған Талас-Атлах соғысынан кейін түркі халықтарының топ-тобымен қауым болып ислам дініне өте бастағаны айтылады. Өйткені қиын сәтте қол ұшын созып, көмекке келген мұсылмандардың парасаты мен мәдениетін жақыннан танып білген түркілер мұсылмандар ұстанатын қағидалар мен өздерінің жоралғы, салт-дәстүрлерінің бір-бірінен соншалықты алшақ жатпағанын жете түсінді. Оның үстіне түркілер ұстанған тек Тәңірге ғана мойынсұну, өлгеннен соң қайта тірілуге сену, жұмақ пен тамұққа илану сияқты сенімге құралған тәңірлік дін де ханифтік дін ретінде ислам дінімен үндесіп жатыр еді. Сондықтан Тараз топырағы– ислам дінінің Тұран-Түркістан даласына таралуына шешуші ықпал еткен алтын көпір ретінде де қастерлеп, ардақтауға лайық мекен. Талас-Тараз топырағы түркі-ислам өркениетінің, ғылым мен білімнің, имандылық пен руханияттың іргелі орталығына айналды. Әбу Саъд ас-Самани: «Бұрын да, қазір де бұл шаһардан көп имамдар мен ғұламалар шыққан» деп атап көрсетеді. Расында, Қарахан мемлекеті дәуірінде Түркістан аймағы хадис, тәпсір, фикҺ, кәләм, ислам философиясы, тасаууф ілімдерінің іргелі орталығына айналды. Бұның бір жарқын айғағы таяуда Халықаралық Түркі академиясы басып шығарған мыңжылдық мұра – Құран Кәрімнің көне түркі тіліндегі аударылған нұсқасы. Бұдан мың жыл бұрын Құран Кәрімнің тілімізге аударылуы – баба тіліміздің байлығын ғана көрсетіп қоймайды, сол түстағы ғұламалардың біліктілігін де көрсетеді.

Адасқан ағымдардың жетегінде жүргендер осы тарихты жете білмейді. Сондықтан өзгенің қаңсығын таңсық көреді. Ендеше, бүгінгі жиын өз рухани тарихымызды терең танып білуге айрықша ықпал етеді деп сенеміз.

Тарихи Талас шайқасы түгел түркі жұртының бауырластық байланыстарын бекемдей беретін, бөлмейтін, керісінше біріктіре түсетін үлкен оқиға. Бүгінгі жиынға бауырлас елдердің рухани жетекшілерінің қатысып отыруы сөзіміздің айғағы. Осы ретте алқалы жиынды ұйымдастыруға қолдау көрсеткен облыс әкімі Бердібек Машбекұлына, Бас мүфти Нурызбай Қажы Тағанұлына және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұжымына алғыс айтамын, – деді өз сөзінде шараға онлайн қатысқан Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, «Egemen Qazaqstan» газетінің президенті Дархан Қыдырәлі.

Ал «Нұр-Мүбарак» Египед Ислам мәдениеті университетінің ректоры, профессор Мұхаммед Шаххат әл-Жинди: «Халық бір идеяның төңірегінде топтасуы керек. Өз мәдениетін, ана тілін сақтау, тарихи тәжірибеге, дінге сүйену – осының барлығы ұлттық бірегейлікті айшықтайды. Ислам халықтың рухани тірегі болып табылады және солай болып қала береді деп сенемін», деп өз ойын ортаға салды.

Басқосу барысында алыс-жақын шетелдегі шығыстанушы ғалымдар мен тарихшылардың «Атлах» шайқасы туралы тағылымды деректері онлайн және офлайн форматта кеңінен айтылды. Мазмұны терең, маңызы жоғары жиын соңында конференция үндеуі жарияланды.

 

Нұржан Қадірәлі

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.