Жастар.kz

Іске сәт, жасылелдіктер!

Written by Aray2005

«Жасыл ел» еңбек жасақтарының кезекті жазғы жұмыс маусымының ашылу салтанаты өтті. Жиынға облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының қызметкерлері, жаңадан құрылған еңбек жасақтарының жастары мен олардың жетекшілері, қала тұрғындары қатысты.

Жастарды жұмыспен қамтып ғана қоймай, олардың белсенділігін көтеруді мақсат еткен бұл бағдарламаның сәтті жүзеге асып келе жатқанына биыл 15 жыл толады. Осы уақыт аралығында «Жасыл ел» сапында 10 мыңнан астам жас жұмыспен қамтылып, аймақты көріктендіру, көгеріштендіруге атсалысты. Ал биыл жасылелдіктер Тараз қаласындағы ықшам аудандардағы арықтар мен тұрғын үйлердің аулаларын тазалауға жұмылдырылады.
Жаңа еңбек маусымының ашылуына орай ұйымдастырылған салтанатты шараны облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа құттықтау сөзімен ашып, еңбекші жастарға сәттілік тіледі. Мұнан соң басқарма басшысы «Жасыл ел» еңбек жасақтарының үйлестірушісі Нұрсейіт Қарабаевтың баянатын қабылдады.
Шарада құрылыс және «Жасыл ел» еңбек жасақтарының ардагері, бүгінгі таңда ЖОО-ға дейінгі дайындық бөлімінің оқытушысы қызметін атқарып жүрген Бақытжан Болатұлы мен 2019 жылғы «Жасыл ел» еңбек жасақтарының «Үздік сарбазы» атанған Ермек Мейіржан сөз алып, аталмыш бағдарламаның табиғатты сақтауға, жас ұрпақты тәрбиелеуге бағытталғанын тілге тиек етті.
Облыстық жастар ресурстық орталығы ұйымдастыру және бақылау бөлімінің басшысы Ернұр Мадияровтың айтуынша, биылғы еңбек маусымы облыс әкімінің тапсырмасына сай жыл бойы жалғасуы мүмкін.
–«Жасыл ел» сапына жұмысқа қабылданған жастардың әрқайсысымен жеке еңбек шарты жасалды. Олардың жалақылары банк карталарына аударылады. Биыл жұмысшы жастардың орташа айлық жалақысы 60 мың теңгені құрайды. Жалпы еңбек маусымы жаздың аяғына дейін жалғасуы керек болған. Бірақ облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен жасақшыларды жыл бойы жұмыспен қамту үшін бюджеттен қосымша қаржы қарастырылуда.
Жасақ сапындағы 530 жас Тараз қаласы аумағында еңбек ететін болса, қалған 430 адам аудандарға бөлінген. Жастарды жұмыспен қамти отырып олардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру да басты назарда, – дейді Е.Мадияров.
Салтанатты жиын соңы «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбазы Ақбота Сабыржанның «Қазақ осы» әнімен қорытындыланды.

Айжан Өзбекова

ПІКІР