Іскер әйелдердің игі ісі

0 0

Бүгінде әлемдік пандемиямен күресте жамбылдықтар жұдырықша жұмылып, күш біріктіріп жатқаны белгілі. Бұл ретте қоғамдық ұйымдар да игі істен шет қалмай, өзіндік үлестерін қосып жатыр. Мәселен жуырда облыстық іскер әйелдер қауымдастығы «Шұғыла» қоғамдық қоры арқылы 12 оттегі концентраторын сатып алып, аймақтағы ауруханаларға табыс етті.
Облыстық мәслихаттың депутаты Гүлдара Нұрымованың мұрындық болуымен облыстық іскер әйелдері қауымдастығының өкілдері 13 шілдеден бастап медициналық техниканы сатып алуға 2 миллион теңгеден астам қаржы жинаған. Нәтижесінде 12 құрылғы сатып алынып, оның 3 данасы облыстық фтизиопульмонология орталығына, үшеуі Байзақ аудандық орталық ауруханасына, екеуі Жамбыл аудандық орталық ауруханасына, екі данадан Меркі ауданындағы «Мейірім Мерке» медициналық орталығы мен Тараз қаласындағы «Мейірім» медициналық мекемесіне берілді.
Қоғамдық бірлестік медициналық мекемелерге бұдан басқа да көмегін аямады. Мәселен қауымдастықтың мүшесі Меруерт Лештаева алғашқылардың бірі болып емделушілер мен медицина қызметкерлеріне ыстық тамақ таратқан жан.
– Барлығымыз бірге тез арада ақша жинадық. Бұл ақша «Шұғыла» қоғамдық қорына аударылды. Себебі 1 оттегі концентратының құны 170 000 теңгені құрады. Бұл жеткізушінің және басқа да шығындарды қоспағандағы өндірушінің жеңілдік бағасы. Ал олар бізге Таразға дейін тегін жеткізіп берді. Қиын кезеңде мұндай игі іске үлес қосып жатқан кәсіпкерлерге алғыс айтамын! — деді Меруерт Лештаева.
Айта кетейік, Меруерт Лештаева иелік ететін «Гауһартас» мейрамханасында 12 шілдеден бастап 200-300 адамға ыстық тамақ әзірленіп, ауруханаларға таратылып жатыр.

С.ЖАПАРҰЛЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.