"Кәсіпкерлік"

Істің көзін тапқан Аңсагүл

Written by Aray2005

Қордайлық кәсіпкер қызанақ шаруашылығын дамытуда

Еліміздің агроөнеркәсіптік кешені шынын айтқанда тоқсаныншы жылдардағы тоқырауға дейінгі күш-қуатына әлі жете қоймаса да мемлекеттік қолдаудың арқасында адымдап алға баса бастады. Салалық бағдарламалардың арқасында ауыл шаруашылығын экономикамыздың драйвері деңгейі көтеру мақсаты өзінің жемісін беруде. Өйткені өңірде тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыру пилоттық жобасы аясында әр аулада бір кәсіп ашу ісі былтырдан бастап мықтап қолға алынды. Оған Үкімет те үлкен қолдау білдіріп, мақұлдады. Бұдан бөлек «Қарапайым заттар экономикасы» жобасы да жұртты өз жетістігімен жарылқауы тиіс. Ал карантин кесірінен келген экономикалық кедергілердің жолын кесуге негізделген сауықтыру шараларына да, оның ішінде «Егіс алқабынан дүкен сөресіне дейін» жобасына да қыруар қаржы қарастырылып отыр.

Десе де, қорасына біткен азын-аулақ малын күнкөріс көзіне айналдырып, шама-шарқынша санын көбейтіп, шаруасын дөңгелеткендер де, ауыл маңындағы азғантай егіс алқабынан нәсібін теріп жүргендер де бұрыннан баршылық. Солардың бірі – қордайлық Аңсагүл Өгізбаева.
Тірліктен қолы бір тынбайтын Аңсагүл Өгізбаеваны көпшілік, әсіресе Қордай ауданындағы Ноғайбай ауылының бағбандары жақсы таниды.
Ол үш жылдан бері 3,5 гектарлық алқабына «Лоджейн» қызанақтарын өсіріп, осы шаруаның тасын өрге дөңгелетіп жүр. Біз Аңсагүл Өгізбаеваны үйіне емес, қызанақ алқабына іздеп бардық. Өйткені ол дәл осы кезде таңертеңнен қас қарайғанға дейін сонда. Себебі қазір қызанақтың көтеріліп қалған кезі. Өсіп-өнуін мұқият қармаса, кейін есіл еңбек еш кетері сөзсіз.
Десек те бағбанмен жолығу сапарымыз біз ойлағандай тез-ақ бола қоймады. Алқапқа жеткенше біраз жолды жаяу жүруге тура келді. Бірақ аптығымызды басып жеттік-ау дегенде алдымыздағы қаз-қатар отырғызылған қызанақ көшеттерін көргенде көңіліміз жайланып шыға келді. Әжептәуір көтеріліп қалған көкөніс көшеттері амандық болса жақын арада гүлдеп, түйін салуға жарап қалыпты. А.Өгізбаеваның айтуынша, мұндай алқапта кез келген көксөкті, я дақылды өсіру қиын екен. Бірақ ерінбей, мұндағы машақаты көп еңбекті дұрыс ұйымдастыру арқылы үш гектар жерден 250 тоннаға дейін жоғары сұрыптағы қызанақ алуға болатын көрінеді. Қазір мұнда Аңсагүлдің отбасынан бөлек тағы 12 жұмысшы еңбек етіп жүр.
– Мен бұл шаруаны бастамас бұрын өсімдік шаруашылығының барлық қыр-сырын әбден зерттеп, дақылдың осы түрін өсірумен айналысатын мамандармен де көп кеңестім. Қызанақтың дәл осы түрін таңдауым да кездейсоқ емес. Ол өндірістік мақсатта да кәдеге жаратып, үйде де пайдалана беруге болатын қызанақтың таптырмас сұрпы. Олар жинап алғаннан кейін өте жақсы сақталады. Сондықтан оны ұзақ қашықтыққа алаңсыз тасымалдауға болады. Сонымен қатар қызанақтың бұл түрінің сыртқы пішіні тауар ретінде өте тартымды және сапа жағынан мақтауға тұрарлық қасиеттері де жоқ емес.
Тұқымдарды негізінен қыста сатып аламыз. Яғни тұқым таңдауда асығыс шешім қабалдамаған жөн-ақ. Алқабыңа тұқымның қай түрі дұрыс келетінін, оның кейбір параметрлерін жіті зерттеу керек. Жерді дайындау кезінде де әр бағбан жылдар бойы жиналған өзінің бай тәжірибесіне, сол арқылы дәлелденген технологиясына сәйкес жұмыс істейді. Көшет егерден бір апта бұрын алқап дайын болу керек, – дейді А.Өгізбаева.
Диқаншылықтың кәсіп қана емес, жанына серік еткен, сүйікті ісіне айналдырған Аңсагүл Өгізбаева үшін тышқан жылы табысқа толы болады деп сенеміз.

Жасұлан Сейілханов
Қордай ауданы

ПІКІР