"Кәсіпкерлік"

Істің көзін тапқан бақыттың өзін табады

Written by Aray2005

«Кәсіп түбі– нәсіп» дейді баба­лардан қалған өсиеттің бірінде. Ерінбей еңбек еткеннің толайым табысқа кенелері рас. Бірақ кедергісіз болмасы анық. Өңірімізде жеке ісін тынымсыз еңбекпен өрлетіп, шаңырағының ынтымағын ұйытып, өрісін кеңейтіп отырған іскер әйелдер бар. Ер-азаматтарға лайық іс тындырып, ешбір қиындыққа мойымаған қайсар қазақ қыздарының ісі өзгеге өнеге десек, артық емес.

Журналист Эльмира Байназарова ұйымдастырған Жетістік форумында кәсіпкер келіншектердің табысты тәжірибелерімен танысып, келелі әңгімелерін тыңдап, сырласқан едік. Олардың қай-қайсысынан да «Толайым табысқа кенелу үшін басқаларға шарапатыңды тигіз, өзгеге көмектес» дегенді естідік. Бабалардан қалған «Кең болсаң кем болмайсың» деген нақылдың нақ дәлелін бүгінгі бизнесмен бикештер көрсетті.
Көне шаһардағы «Гауһартас», «Інжу-Маржан» мейрамханаларының иесі Меруерт Қаттабайқызы бұған дейін талай рет сүрініп, қайта тұрып, алға басқанын айтты.
– Көп кісілер ауқатты адамдарды «көке-жәкесінің арқасында көтерілген» деп ойлайды. Шынымды айтайын, мен әкемнен ерте айырылып, өзі науқас анам үйелмелі-сүйелмелі балаларын жалғыз өзі жеткізді. Жағдай болмай, мектептен соң оқуға түсе алмадым. Анама көмектесіп, саудамен айналыстым. Кейін мейрамханаларда салат әзірлеуші болдым. Алатын жалақым небәрі 300-ақ теңге. Ол тек азын-аулақ тамақ пісіруге қажетті аздаған азық-түлікке жететін. Сол кезде өз мейрамханамды салуды жоспарлайтынмын. Түн жары­мында жұмыстан келіп, өзім салатын мейрамханамның сызбасын сызамын. Қанша шаршы метріне қанша кірпіш кететініне дейін зерделедім. Күйеуімнен, достарымнан олардың бағасын сұрап, қажетті соманы есептейтінмін. Күйеуім «Ары-бері шығындары болады» десе, «Менде ондай болмайды, бәрін тиынына дейін есептеп қойдым» деймін жұлқынып. Бір күні туыс ағамыз үйінде той жасап, мені салаттарын жасап беруге шақырды. Сол қызметім үшін мейрамханадан алатын 300 теңгеден әжептәуір көбірек ақысын берді. Сонда «мен не үшін 300 теңгеге бола түн қатып жүрмін, осы жұмысыммен-ақ одан да көп таба алады екенмін ғой» деп ойладым. Сол ойдың жетегімен жай-орынды жалға алып, өз кафемді аштым. Жөндеу жұмыстарын бала-шағаммен бірге өзім жасадым. Кейін қайын ағаммен бірлесіп, Шымкенттен 2 мейрамхана салдық. Бірақ оны ағамызға қалдырып, Таразға қайтып келдік.
Ол қадамым сәтсіз болғанымен маған үлкен сабақ берді. Мойнымда 13 миллион теңге несием бар, тыраштанып барымды салған қос мейрамханадан айырылып келу де оңай тимеді. Ішім алай-дүлей болып жатса да жабырқаған күйеуімді жұбататынмын. Мен үшін сондай қиын сәтте отбасымды сақтап қалу бірінші орында тұрды. Шүкір, шаңырағымды шайқалтпай, сыналған сәттен сүрінбей өттім. Мұнда келген соң «Балташ» мейрамханасын жалға алып, оны-мұнысын реттеп аштым. Көктем шығысымен той жасайтын адамдар көбейіп, бір ай бұрын күн құрғатпай тапсырыс беріп тастайды. Тіпті той жасауға келіп, бос күн таппай қалғандар көп кездесті, – дейді М.Қаттабайқызы. Кәсіпкер ойлана келе, тағы бір мейрамхананы ашуды қолға алады. Ол осы мақсатпен Таразда «Түрксіб» мейрамханасын жалға алғанда таныстары «бекер жасадың» деп айнытпақ болыпты.
– Шымкентке барғанымнан тапқан үлкен пайдам – құрылыс жұмыстарын үйренгенім. Әлгі ғимаратты өз қолыммен жөндеп алдым. Бұған да адамдар ағылып келе бастады. Кейін К700 техникасын жөндейтін цехтың орнын сатып алып, «Гауһартасты» салдық. «Лимузин» көлігі тойханаға кіретіндей мүмкіндік жасадық. Себебі ауылда келін түсіретін көлік үйдің есігіне дейін дабылын басып келетін. Сол сәттің өзіндік қызығы, көңілге сыйлар қуанышы ерекше ғой. Сол үшін тойхананың ішіне келінді көлікпен «сигналдатып» алып келетіндей етіп жасадық. Кәсібімді алғаш бастаған кезде қасымнан табылып, көмектескен жұмысшы келіншектерге «Егер 10 жыл менімен бірге жұмыс істесеңдер, үй әперемін» деген едім. Шүкір, уәдемді орындауға мүмкіндік туып, бүгінге дейін 13 келіншекке баспана сыйладым. Бұйыртса, биылғы жылы 3 келіншекке үй әперемін деп отырмын. Бұрын Кеңес одағының кезінде «артық ақшалы болу қажет емес, бай адамның проблемасы да көп» деген ұғымды санамызға сіңдіретін. Себебі сол уақыттағы саясат сондай болды. Негізінде, артық ақшаң болған проблема әкелмейді, керісінше, түйінді мәселелерді шешуге көмектеседі. Мысалы, мен басқалардан артық тамақ ішіп, көбірек киінбеймін. Өмірде бір адамға қанша шығын кетеді, мен де соны тұтынамын. Бірақ маған ақша мейірімділік жасау үшін керек. Артық ақшам болмаса біреуге керегін әперіп, көмектесе алмас едім, – дейді кәсіпкер.
Көмектессең көктейтінің рас екенін «Мейірім» медициналық орталығының басшысы, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы, облыстық мәслихаттың депутаты Гүлдара Нұрымова да әңгіме етті.
– Толайым табысқа кенелгіңіз келсе, айналаңыздағы адамдарға қол ұшын созып, қажетіне қарай мүмкіндігінше көмектесе біліңіз. Асыл дінімізде де садақаның отбасыңа береке ендіріп, сауапқа кенелтетіні айтылған. Оның дәлелін өмірде де көріп жүрміз. Жетістікке жетудің тағы бір жолы – адамның өз ойын түзеп, бойын тіктеуінде. Біздің бар әрекетімізді басқаратын бастағы ойымыз. Міне, сол ойды пенделіктен, күншілдіктен тазартпайынша, игіліктерге қол жеткізбейміз. Сен айналаңдағыларға қандай көзқараспен қарасаң, саған деген басқалардың да көзқарасы сондай болады. Сосын ешқашан еңсеңізді фәнилік уайыммен баспаңыз. Уайымға салынған сайын адам еңкіш тартып, бүкшие береді. Бойыңызды тік ұстап жүруді әдетке айналдырыңыз. Өмірде шешілмейтін мәселе болмайды. Жалғыз ғана шешімі жоқ проблема – тіке келген өлім. Өзгесінің бәрі де өз ретін табады. Еңбектеніп, табыс табуға мүмкіндік беретін – денсаулық. Оны күту үшін қыруар қаржының қажеті жоқ. Күнделікті ішетін суыңыз таза, минералды болсын. Пластик ыдыстағы су адам ағзасына зиян келтіреді, шөлмек ыдыстағы суды қолданыңыз. Суды 2 рет қайнатсақ, құрамындағы пайдалы минералдарын жойып жібереді, сондықтан көп қайнатпаңыз. Денсаулыққа аса қауіптінің бірі – қант. Мүмкіндігінше қанттан бас тартқан жөн. Себебі ол табиғи өнім емес, оның орнына балды қолданыңыз, – деп, өзінің ісін өрге жүргізуде қолданған тиімді тәжірибелерімен бөлісті.
Ал «Ажур» шығармашылық студиясының жетекшісі Дилафруз Махмадулоева бойында бар қолөнерлік талантын кәсіпке айналдырып, өзгелерге де жұмыс тауып беріп отыр. Ол денсаулығына байланысты мүмкіндігі шектеулі жандардың қатарында болғанымен асқан төзімділікті қажет ететін еңбекпен айналысып, елінің дамуына да өз үлесін қосып отыр.
Сол секілді «La villa» мейрамханасының иесі Гүлдана Атабаева жастайынан іскерлікпен айналысып, бүгінде белді бизнес-ледилердің қатарынан өз орнын тапқан.

Қамар Қарасаева

ПІКІР