"Кәсіпкерлік"

Ит жылының инвестициялық жобалары

Бүгінде облысымыз дамудың даңғыл жолына түсіп, әлеуеті күн санап артып келеді. Тоқырау кезеңдерінде тірлігі тұралаған талай кәсіпорындардың бойына қайта қан жүгіріп, қазір өндірісі өркендей түсуде. Жыл өткен сайын өңірімізде инвесторлар қарасы көбейіп, аймақ экономикасының дамуына қал-қадірінше үлестерін қосуда. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жүйесін тауып отыр. Сонымен, Ит жылында Жамбыл жерінде қандай инвестициялық жобалар жанданады?

Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы берген мәліметке сүйенсек, Қазақстан Республикасының индустриалды-инновациялық дамуының 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында облыс көлемінде төрт жыл аралығында жалпы құны 568 миллиард теңгені құрайтын 36 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланыпты. Оның төртеуі 2015 жылы іске қосылып, 371 жаңа жұмыс орны ашылса, 2016 жылы 9 инвестициялық жобаға құйылған 19,9 миллиард теңге тетігін тапқан. Ал, 2017 жылы 13 миллиард теңгені құрайтын 10 инвестициялық жоба қолға алынған. Және жұмысы жанданған «Ролла-Ян», «Первомайские деликатесы», «Қаратау ПРО», «Alina Holding», «Аса-Damu», «Сауда үйі Goodlook», «Оргстрой», «Джанабекова С.С.», «Асылтұз», «Орталық Азия Қант Корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері 716 адамды жұмыспен қамтыған. Енді биылға құны 451,8 миллиард теңгені құрайтын 9 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Аталмыш өндіріс орындары толықтай қуатты күшіне шыққанда қосымша 3 379 жаңа жұмыс орны ашылатын болады.

– Үстіміздегі жылы Талас ауданындағы «ЕвроХим тыңайтқыш» ЖШС-нің «Минералды тыңайтқыштарды өндіру» зауытының құрылысы аяқталады. Жобаның жалпы құны — 356 миллиард 555 миллион теңге. Кәсіпорынның жылдық қуаттылығы – 1 400 тонна минералды тыңайтқыш өндіруге қауқар­лы. Аталмыш кәсіпорын іске қосылғанда 2 000 адам жұмысқа тартылады.

Тағы бір нысан — Шу ауданындағы «Тараз» химиялық паркі» арнайы экономика­лық аймағындағы «ХИМ-плюс» ЖШС-нің құрылысы. Бұл өндіріс орны ауыл шаруашылығы саласына қажетті глифосат және үшхлорлы фосфор өндіреді деп күтілуде. Құны 63 миллиард 138 миллион теңгені құраған жоба жүзеге асқанда 409 адамды жұмыспен қамтиды.

Сонымен қатар, «Казгранит «Компания­сы» ЖШС-нің гранит тақталарын және брусчаткаларды шығаратын цехы да жаңа жобалардың қатарында. Оның құны – 200 миллион теңге. 60 адамды жұмыспен қамтитын кәсіпорын Мойынқұм ауданында бой көтереді.

Ал, «Жамбыл Газ өнімдері» ЖШС-нің сұйытылған табиғи газ өндіретін зауытының құрылысына 16 миллиард 660 миллион теңге инвестиция құйылып отыр. Өндіріс орны жылына 70 мың тонна өнім өндіреді деп көзделуде. Және Жамбыл ауданының 108 тұрғынының табыс көзіне айналмақ.

Бұдан бөлек, «Қазфосфат» ЖШС-нің «Минералды тыңайтқыштар зауытының» базасында 10:46 маркалы аммофос өндірісінің көлемін артырудың екінші кезеңі басталмақ. Жобаның жылдық қуаттылығы 500 мың тонна аммофос өнімін өндіруге қауқарлы.

Бірнеше жылдан бері құрылысы жоспарланып келе жатқан «BioVet KZ» ЖШС-нің «GMP және GLP стандартына сай ветеринарлық препараттар шығаратын биокомбинаты» биыл іске қосылады. Құны 2 миллиард теңге тұратын алып жоба жылына 25 миллион вакцина шығарады деп күтілуде. Қордай ауданында еңсесін тіктейтін кәсіпорынның елімізде әзірге баламасы жоқ .
«Ер Тай» ЖШС-нің Ақсүйек кен байыту комбинатын қайта жаңғырту жобасына 1 миллиард 200 миллион теңге инвестиция салынған. Комбинат жылына 15,5 мың тонна қорғасын-мырыш концентратын өндіріп қана қоймай, Мойынқұм ауданындағы 300 тұрғынды жұмысқа қабылдайды.

«Тараз арматура зауыты» ЖШС-нің «Құрылыс арматурасының өндірісі» жобасына 2 миллиард 177 миллион теңге бөлінген болса, «Kisc» ЖШС құйылу цехын жаңғыртуға 1 миллиард 870 миллион теңге қаралған. Қос кәсіпорын 500-ге жуық адамға тұрақты жұмыс орнын табуға жәрдемдеспек.

Міне, биылға осындай инвестициялық жобаларды жүзеге асырып, тірлігін тіктеу көзделуде. Десе де, бір ескерте кетерлігі, индустрияландыру және өңір кәсіпкерлерін қолдау картасына сәйкес жоғарыда аталған жобалардың құрылысына байланысты өзгерістер болуы мүмкін. Яғни, аталмыш карта жылына екі мәрте жаңартылатындықтан, жобалардың саны, ашылатын жұмыс орындары мен инвестициялық құны кемуі немесе өсуі ықтимал. Бірақ, барлық жобалардың құрылысы 2019 жылға дейін аяқталады, — дейді облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы басшысының орынбасары Талғат Шалдарбеков.

Иә, қалай дегенде де бұл көз қуантып, көңіл сүйсінтетін жоспарлар. Өйткені, индустрияландыру картасы қанша жаңарғанымен, келер жылдың аяғына дейін барлық іске қосылған инвестициялық жобалардың санын 36-ға жеткізуге жан-жақты күш салынбақ. Осы таңға дейін 23 кәсіпорын жұмысын бастап кеткенін ескерсек, жоспарлы межені екі жылда бағындыратынымызға сенімдіміз. Осы орайда, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің жуырда өткен халық алдындағы есепті жиынында индустрияландыру және кәсіпкерлерді қолдау картасын әзірлеу туралы тапсырмасы еске оралып отыр. Аймақ басшысы осы қадам арқылы кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтуге баса назар аударатындығын аңғартқан еді. Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқарма басшысының орынбасары Талғат Базарбайұлының айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар да жүйесін табуда екен. Оның сөзіне сүйенсек, қазір облыс көлемінде арнайы топ құрылып, зерделеу жұмыстарын жүргізіп жатқан көрінеді.
– Бүгінгі таңда облыста 59 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген. Бұның бәрін аралап, жұмыстарын саралап шығуға көп уақыт қажет. Сол себепті, біз облыстық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, ірі кәсіпорындардың жай-күйімен танысудамыз. Және қордаланған мәселелерін кәсіпкерлерді қолдау картасына енгізіп жатырмыз. Бұйыртса, бұл жұмыстар 1 айдың ішінде бітіп қалады. Содан кейін қай өндіріс орнына қандай көмек қажет екенін белгілеп, қолдан келген демеуімізді аямаймыз, – дейді басқарма басшысының орынбасары.

Иә, мұндай қадам қос қолмен қолдауға тұрарлық. Себебі, облыста бұған дейін жанданған кейбір инвестициялық жобалар әлі күнге қуатты күшіне шыға алмай жатқаны шындық. Міне, осы кәсіпорындарға демеу болса, өңірдің өндіріс көлемі еселеп өсетіні даусыз. Сондықтан, байыпты бастамалардың лайықты жалғасатындығына кәміл сенімдіміз.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР