"Сырғалым"

Иткөйлек жайлы не білеміз?

Қазақта «Иткөйлекті сенен бұрын­ тоздырған­­мын» деген тіркес бар. Мұның мағынасы «Менің сенен үлкендігім бар» дегенді білдіреді. Осы орайда біз жиі аталатын «Иткөйлек» деген киімнің мән-мағынасына тоқталуды жөн көрдік.

Алтын құрсақты аналарымыз дүниеге келген сәбидің денесіне батпауы үшін тігісін сыртына қаратып арнайы киім тігіп кигізеді. Бұл –иткөйлек немесе итжейде деп аталады. Мұны жаңа туылған нәрестенің ең алғашқы киімі деп те атасақ болады. Апа-әжелеріміз баланың өмірі ұзақ болсын, тез өсіп-жетілсін деген ырыммен көйлектің етегін қайырмай тіккен. Жеңсіз, жағасыз болуының бір себебі оның үлкен өмірге қадам басып, бейімделгенін де байқатады. Қалыптасқан дәстүр бойынша иткөйлекті нәрестенің кіндігін кескен кіндік шеше немесе кіндік әке атанған адам уақытын кешіктірмей кигізетін болған. Кей жерлерде сәбиді бесікке салу үшін ата-анасы бір әйелді алдын ала сайлап қояды. Ал, ол иткөйлекті балаға арнайы тігіп алып келген. «Итжейде» атауының өзі халық арасында кеңінен таралғанымен, ол жайында нақты мәлімет жоқ. Аңызға сүйенсек, алғашқы адам топырақтан жаратылғанда оның кіндік тұсындағы бір уыс терісінен ит жаратылыпты. Адамның бейнесін көрген ібіліс іштарлық танытып, «қандай сұрықсыз едің» деп түкіре бергенде ит бірден атылып, адамға араша түскен екен. Сол уақыттан бері ит адам баласының сенімді серігіне айналыпты-мыс. Осының құрметіне киімнің атын «иткөйлек» деп атапты деген әфсана бар. Сол секілді, түркі халықтарындағы аңыздың желісі бойынша Құдай адам кескінін балшықтан жасап, оны итке күзеттірген. Осы сәтті пайдаланған шайтан адамның кескінін саусақтарымен түртіп былғап қойған, содан бастап адам өмірінің соңына дейінгі күндері бейнетке толы болған деседі. Осыған ұқсас аңыз алтай, бурят, саха, эвенкі, мари сынды халықтарда да кеңінен таралыпты.

Нәресте өмірге келгенде «иткөйлек» кигізу дәстүрінің арғы тамыры осы түсініктерден бастау алады десек те болатындай. Сол секілді Адам ата мен Хауа ана жер бетіне түскен кезде оларды бәле-жаладан ит қорғап қалған. Иткөйлек кигізу дәстүрі де жаңа туған баланы пәледен қорғасын деген ырыммен ұштасып жатса керек.

Жалпы, итжейдені кей жерлерде тек бала қырқынан шыққанша кигізеді. Ал, бірқатар аймақтарда жайлы, жұмсақ киімді 1 жастан асқанша кигізіп, кәдеге жаратады. Ертеректе дауға барған адамдар, жауға шапқан батырлар ырымдап, баласының ит жейдесін қойнына тығып, өзімен бірге ала жүрген. Себебі, «көйлек қауіп-қатерден, бәле-жаладан сақтайды» деген сенім болған екен.

– Ең үлкен қызым дүниеге келгенде иткөйлегін өзім қолымнан тігіп кигізген болатынмын. Ол қырқынан шыққан соң жуып кептіріп, келесі балама кигіздім. Осы үрдіспен бес балам да сол бір иткөйлекті киіп шықты. Нәрестенің денесіне ол кезде қойдың майын жағып, үнемі сылап-сипап отырамыз ғой. Иткөйлекке әбден май сіңіп, түсі сап-сары болып өзгеріп кететін. Балаларым бауырмал, ұйымшыл болсын деген ниетпен барлығына сол иткөйлекті кигізуді жөн көрдім. Сол көйлек осы кезге дейін тұрды. Кейін көз жазып қалдым. Иткөйлек кигізу қазақта бұрыннан бар салт. Оны әке-шешем де, өзім де кидім. Ол кезде қазіргідей дүкендерде киім самсап тұрған жоқ. Барлығын өз қолымызбен тігеміз. Ал, қазір иткөлектің түр-түрі сатылып жатыр. Бір баланың басында 5 иткөйлектен. Тіпті, бұрынғыдай сақтап қою деген де жоқ, – дейді Жамбыл ауданының тұрғыны Жамал Жұмаділова.

Ата-бабамыздан келе жатқан әрбір салт-дәстүрдің өзіндік мән-мағынасы бар. Осы орайда Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова «Күретамыр» атты кітабында иткөйлектің ерекшелігі жайлы тұшымды ойларымен бөлісіпті.

– …Сонау жас кезімде болған, күні бүгінге дейін көз алдымнан кетпей, жадымнан шықпай жүрген бір кішкене көріністі айтудың реті келіп тұр. Анамның Атамқұл дейтін туысы бар еді. Сол нағашымды Алматыда тұратын үйлі-жайлы екі ұлі екі жағынан үгіттеп, қалаға көшіріп әкетпекші болды. Сонда нағашым ұлдарына: «Қайда жүрсеңдер де, Құдай беттеріңнен жарылқасын! Менің бата-тілегім қашанда сендермен бірге. Түстік өмірім бар ма, жоқ па, білмеймін, ол тек бір Аллаға аян. Тоқымдай жерге сиятын томаршадай тәнімді сүйреп туған жерімнен ешқайда қозғалмаймын. Мына жерге аталарым ат байлап, аналарым күл төккен. Кіндігім осында кесіліп, итжейдемді иттің мойнына осы жерде байлаған», – деп туып-өскен Қарқарасын құшақтағысы келгендей құлашын жайып тұрып қалды. Жасы жетпіске келген адамның өзі көрмеген «итжейдесін» есіне алғаны сол кезде маған күлкілі көрініп еді. Кейін түсіндім… Екі ауыз сөзбен туған жеріне, өскен Отанына деген шексіз адалдық пен сүйіспеншіліктің ғажап үлгісін айтқан екен.

Итжейде кигізу дәстүрі жылдан-жылға жалғасып келеді. Тіпті, кейбір ата-аналар перзентінің алғашқы жейдесін сақтап қойып, немерелеріне көрсетіп отырады. Иткөйлекті бір перзентке зар болып жүрген келіншектер ырым ретінде алатын да дәстүр бар. Қай тұрғыдан алып қарасақ та, бұл дәстүр — ғибратты ғұрпымыздың бір көрінісі екендігі даусыз.

Айжан Өзбекова

ПІКІР