Ізгі ниетті, ісіне адал Ғабиден

0 7

Жұмыр басты әр пенде тірлігінде жарық дүниенің қызық-қуанышын көп көрсем, бала-шағамның ортасында ұзақ жүрсем дейді. Бұл – өмір заңдылығы. Әйтеуір, әрдайым осындай адами тілектің жетегінде болатынымыз рас қой. Мұндай тәтті қиялың мен ой-арманыңның жолы кейде қысқарып, шорт кесіліп те қалуы ғажап емес, әр түрлі сырқатқа бой алдырып, басыңа ауыр сынақ түсуі де мүмкін. Сондайда шыбын жаныңа араша түсіп, алып кететін ажалдың бетін қайтаратын дүниеде бір керемет кәсіп иелері бар. Олар – дәрігерлер.

Осындай ақ ниетті ардақты азаматтың бірі – Ғабиден Рахымжанов. Ол Сарысу ауданы, Саудакент ауылында 1987 жылы дәрігерлер отбасында дүниеге келген. С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің емдеу факультетінің 2012 жылғы түлегі. Содан бері адамдардың денсаулығын ұзартып, қалыпты жағдайда болуына үзбей үлесін қосып келе жатқан жаны жайсаң, жүрегі жомарт дәрігер.
Еңбек жолын 2012 жылы Тараз қалалық көпбейінді ауруханасының хирургия бөлімшесінде бастаған ол бүгінде бірінші санатты дәрігер-хирург, өмір мен өлім жиі тайталасқа түсетін орын – ота жасау құрылымының меңгерушісі.
Бауыр, өт жолдары, асқазан-ішек, жарық ауруларын емдейтін дәрігерді пациенттері жақсы көреді. Өйткені, ол ота жасаудың нағыз кәсіби шебері, бөлімшедегі өз ісінің қыр-сырын әбден жетік меңгерген, жас та болса, өте тәжірибелі жетекші хирург.
– Жылына шамамен 230-250 рет операция үстелінің жанынан табыламын. Адам болған соң, неше түрлі жайсыз жағдай, оқыс оқиға орын алып қалмасына ешкім де кепілдік бере алмайды. Мұндай кездерде көмекке ең алдымен біз келеміз. Дүниедегі ең ізгі мамандық саналатын дәрігерлікті өзің жаныңмен қалап алғаннан кейін, оны үлкен жауапкершілікпен, әрі сапалы атқаруың керек. Өйткені, осындай сәттерде саған айрықша сенім, үлкен үміт артылады. Жалпы, тағы бір атап айтарым, отаның оңайы болмайды. Өз басым мұны біле тұра, осы қиын салаға мамандандым. Оташылық жұмысымды жаман атқарып жүрмеген сияқтымын. Оны алғыс білдіріп жүрген пациенттерімнен білемін, – дейді ол.
Сөзге сараң, іске мығым, қашанда жаңалыққа жаны құмар Ғабиден 2014-2016 жылдары А.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығында медицинадағы ең соңғы технологиялардың бірі – лапароскопия мен эндоскопияны оқып, білімін жетілдірген. 2017 жылы алған білімін алғаш рет Тараз қалалық көпбейінді ауруханасында енгізіп, бұл әдіс-тәсілдермен жасалған оталар сәтті шықты.

Ғалия ХОДЖАБАЕВА,
облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының баспасөз орталығының тілшісі

Leave A Reply

Your email address will not be published.