Израильдік технологияның игілігін көретін күн жақын

0 2

Кездесуге келген инвесторлардың бәрі «LR GROUP» трансұлттық корпорацияның өкілдері. Компания негізінен ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған бірлескен жобаларды іске асырумен айналысады. Кездесуге облыс әкімінің орынбасарлары мен мүдделі басқарма басшылары қатысты.

Жиынды ашқан аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев қонақтарды облыстың әлеуетімен қысқаша таныстырып, ауыл шаруашылығы саласы экономикалық дамудың негізгі көзі екенін атап өтті. Басты мәселенің бірі ретінде ол суармалы судың көрші қырғыз еліне тәуелділігін және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу кенжелеп тұрғанын жасырмады. Жергілікті билік дәл осы жағдайды ескере отырып, израильдік мамандардан ынтымақтастық күтеді. Облыс билігі өз тарапынан жер бөлуге және құрылыс инфрақұрылымына жәрдемдеспек. Ал «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жобаларға атсалысуға ниетті.
Бердібек Сапарбаев омарта шаруашылығын дамыту жоспарларымен бөлісіп, мамыр айында бал өндірушілердің форумын өткізу ойда барын жеткізді. Аталған ұсыныстар «Бал-Ара» ұлттық ара өсірушілер одағының басшысы Сергей Терещенконың тарапынан түсіністік пен қолдауға ие болды.
Ал «LR GROUP» компаниясының өкілі Михаил Рой бүкіл әлем бойынша үш мыңнан астам адам еңбек ететін компания қызметінің ауқымы туралы айтып берді. Қазақстанның ауыл шаруашылығында нәтижелі жұмыстар бар. Израиль технологияларының қолдауы да саланың қарыштап дамуына үлес қосуда. Израильдіктер шөлді аймақтарда да аграрлық секторды дамыта алған. Сондықтан да олар заманауи технологияларды, сапалы менеджментті және жергілікті кадрларды оқыту қызметін ұсына алады. Суды үнемдеуге келетін болсақ, Израильде шағын фермалардың қажеттіліктері үшін шағын ылғал жинақтағыштар таратылған, аталған технология бүгінде өз жемісін беруде.
Марк Велтман атап өткендей, қазіргі уақытта «LR GROUP» 2,5 миллиард долларға жобаларды іске асырған, тағы 1,6 миллиард доллардың жобалары аяқталуға жақын. Компанияның кәсіпорындары ТМД-да, соның ішінде Ресей, Беларусь, Өзбекстанда іске қосылған. Компания тек технологиялық шешімдерді ұсынып қана қоймай, сонымен қатар бірлескен инвестор ретінде де әрекет етуге дайын. Мәселен Ресей және Сербия арасында сүт кластері осы шарттар аясында жүргізілуде. Негізінен израильдіктер әріптестік жұмыстың алғашқы сатысында 50/50 тең негізде жұмыс істеуді жөн көреді, бірақ олар өзге де ұсыныстарды қарастыруға дайын.
– Біз ауыл шаруашылығы дақылдарын, әсіресе күрішті суаруға қандай су көлемі жұмсалатынына таңғалдық. Сіздерге ылғалды тиімді пайдалануды үйрену өте маңызды, – деп атап өтті Марк Велтман
Израильдіктер 400 доллар тұратын отбасылық суару жүйелерін ұсынып отыр, бұл ауыл тұрғындарының табысын арттыру пилоттық жобасының қатысушылары үшін таптырмайтын мүмкіндік болмақ.
Сондай-ақ облыстағы шалғай жатқан ауылдарға ұзақ шақырымдық электр желілерін тартудан гөрі, шағын күн қондырғыларын орнату қажеттілігі бар. Компанияның баламалы энергетика бағытына жауапты басшы Йотам Рац жергілікті жерде табысты жүзеге асатын шешімдерін ұсынды.
Ал Сергей Терещенко көкөністерді, соның ішінде біздің аймақтың брендіне айналған пиязды сақтайтын қойма соғуды ұсынды.
Кездесуді қорытындылай келе, Бердібек Сапарбаев өзінің орынбасары Берік Нығмашевқа он күн ішінде ұсыныстарды зерделеп, содан кейін барып қана әр бағыт бойынша нақты сөйлесуге болатынын атап өтті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.