Қоғам

«JAMBYL» телеарнасы жаңа маусымының тұсауын кесті

Written by Aray2005

Аймақтың ақпарат саласының айнасына айналған «JAMBYL» телеарнасы жаңа маусымының тұсауын кесті. Қыркүйек айында көрерменімен жаңа жоба, тың серпіліспен қауышу – бұл телеарна өміріндегі жылдар бойы қалыптасқанқан игі дәстүр. Биыл да «JAMBYL»-дағы әріптестеріміздің облыс жұртшылығына ұсынар жағымды жаңалығы, тың идеялары баршылық екен.

Тараз қаласындағы Достық үйінде шымылдығын түрген маусымның тұсаукесеріне негізінен зиялы қауым өкілдері жиналды. Елімізге танымал жазушы Несіпбек Дәутайұлы, жазушы-драматург Елен Әлімжан, қоғам қайраткері Асаубай Майлыбаев, облыстық телеарнада басшылық қызметтерде болған Бекет Момынқұл, Асқарбек Сейілхан, Болат Мәуленов, Қалыбек Атжан және облыстық мәслихаттың депутаты Мейрамбек Төлепберген сынды ардагер журналистер де тілеулес болып, қуаныш ортасынан табылды. Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Дауыл Бейсенқұлов және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары мен университет ректорлары да құрметті қонақтардың қатарында болды.

Маусымның тұсаукесері телевизиялық түсірілім түрінде өткендіктен «Достық үйінің кіреберісіндегі кең дәліз арнайы студия үлгісінде безендіріліпті. Шараның ашылу салтанаты «QAZAQSTAN» республикалық теле-радио корпорациясының кешегі мен бүгінгі тыныс-тіршілігі және жаңа маусымда ел көрермендеріне ұсынатын жаңа жобалары жайлы роликті тамашалаудан басталды.

Жалпы, қазақ телевизиясының қара шаңырағына айналған «Qazagstan» телеарнасы 1958 жылдың 8 наурызында құрылған. 60 жылдан астам уақыт бойы көрермен көзайымына айналған «Qazagstan» ұлттық арнасының еліміздің 14 облысында филиалы мен шет мемлекеттерде тілшілер қосыны бар. Бүгінде ол тек қазақ тілінде ақпарат тарататын жалғыз телеарна. Құрамына «Qazsport», «Balapan», «Таmаshа» телеарналары мен бірнеше радио кіретін корпорацияның жаңа маусымда ұсынар жаңалығы көп екен. Оған осы шара аясында үлкен лед-экраннан қойылған бірнеше роликтерді көре отырып, көз жеткіздік. Айталық, «Qazagstan» телеарнасы күз түскелі мән-мазмұны ерекше 8 телехикаяны көрерменге жолдап отыр. Ал «Balapan» арнасы кішкентай бүлдіршіндерге 11 анимациялық мультфильмді тарту етпек.

Биыл іргетасы қаланғанына 30 жыл толатын «JAMBYL» телеарнасы да апта басында жаңа маусымын жаңа леппен бастады. Іргетасы 1989 жылдың 1 қарашасында қаланған телеарна – аймақтық филиалдар арасында алдыңғы қатарда тұр. Бұдан бөлек, Жамбыл облыстық радиосы да биыл бір ғасырлық белесін атап өтпек. Яғни, облыстық радионың Әулиеата өңірінен әуе толқынында ақпарат таратқанына 100 жыл толып отыр.

Жергілікті арнаның жаңа жобалары жайлы көпшілікке филиал директоры Мейіржан Әлібекұлының өзі таныстырып өтті.

– Тамырын тереңге жайған телеарнаның жаңа маусымы – жаңа жобаларға толы. Түрлі бағыттағы 7 жоба көрермен назарына ұсынылатын болады. Қаймағы бұзылмаған қазақы дәстүр, қарапайым еңбек адамдарының боямасыз өмірі – «Туған мекен» хабарында, ел азаматтарының парасатты пікірі, қарапайым тірлігі, өнегелі өмірі «8-қыр» бағдарламасында, өңірдегі қасиетті жерлер мен елді мекендердің тарихы «8-аймақ» жобасында көрініс табады. Бұдан бөлек, «Ойlike» ток-шоуы, «Қалқан», «Сылдырмақ» секілді белгілі бір аудиторияға арналған бағдарламалар да көрерменге жол тартпақ. Ал, аймақтағы ақпаратты жедел жеткізетін «Жаңалықтар» енді «JAMBYLnews» атауымен тікелей эфирге шықпақ. Жаңа жобалардан бөлек, көрерменге ой салар, сана-сезімдерін рухани байытуға серпін берер, ақиқаттың алдаспаны Шерхан Мұртазаның жазбалар жинағы да жаңа форматты көрермен назарына ұсынылады. «Таңғы тайм», «Түскі тайм» ақпаратты-танымдық, сазды бағдарламасы дүйсенбі мен жұма аралығында 1 сағат бойы тікелей эфирде көрсетіледі. Көрерменмен кері байланысты нығайтуға бағытталған тағы бір жаңа жоба – «Кешкі тайм» бағдарламасы да эфирге шығарылу үстінде, – деген М.Әлібекұлы 30 жылдық тарихы бар телеарнаның осы ғұмырында талай белестен өтіп, тәуелсіздікпен тұспа-тұс келген қиын-қыстау кезеңде аяққа тұруына бар күш-жігерін салған ардагер тележурналист аға-әпкелеріне алғысын білдірді.

Одан кейін сөз алған облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова өз сөзінде жаңашылдыққа ұмтылған ұжымның жұмысына сәттілік тілеп, ақпараттық саясатты жүргізуде, Әулиеата жаңалықтарын жұртшылыққа таратуда облыс басшылығы арна ұжымымен тізе қосып жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.

– Жаңа маусыммен қатар 30 жылдық тарихи белесті тойлағалы отырған телеарна ұжымына сәттілік тілейміз. Осы қасиетті қарашаңырақтан қанатын қатайтып, түлеп ұшқан жерлес журналистер еліміздің астанасы мен өзге де қалаларындағы облыстық, республикалық арна ұжымдарында жемісті еңбек етіп жүр. Сондықтан жамбылдық телеарна республикалық журналистиканың дамуына үлкен үлесін қосып отыр деп айта аламыз. Бұл арнаның ғана емес, аймақтың мақтанышы деуге болады, – деді С.Құрманбекова.

Ал облыстық мәслихаттың депутаты, кезінде телеарнаның директор қызметін атқарған белгілі журналист Мейрамбек Төлепберген де арна ұжымының, жас журналистерінің жылдан-жылға шығармашылық тұрғыдан шыңдалып, жаңа ізденіс жолында келе жатқанына көңіл сүйсінетінін жеткізді. Сондай-ақ, ол осы ұжымның қалыптасып, дамуында айтарлықтай із қалдырған аға журналистердің есімін жеке-жеке атап, сіңірген еңбегіне тоқталды.

Артынша сөз тізгіні тиген елге танымал журналист, отандық телевизия ардагері Қалыбек Атжан да кезінде өзі басқарған ұжымға жемісті еңбек жолын тілеп, ақ батасын берді.

Осы маусымашар салтанатты шараның шырайын кіргізуде Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары барын салып, ән мен биден, күйден шашу шашты.

ПІКІР