Жастар.kz

«Jas Otan»-ның жұмысы жүйелі

Written by Aray2005

Жастар қанатының құрылғанына биыл 20 жыл

Қоғамның басты қозғаушы күші жастар екені ақиқат. Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әрдайым олардың бар білімі мен күш-қуатын Отанымызды өркендетуге жұмсайтынына сенімін білдіріп келеді. Сондықтан болса керек, 1999 жылы Тұңғыш Президент Н.Назарбаев «Nur Otan» партиясының съезінде жастар қозғалысын құру туралы ұсыныс айтып, 2000 жылы «Jas Otan» жастар қанаты іске кіріскен болатын. Бүгінде жастар қанатының құрылғанына 20 жыл толып отыр.
Жалпы, 2008 жылға дейін дербес заңды тұлға ретінде тіркелмеген «Jas Otan» жастар қанаты партия басшылығымен бастау алған жобаларды жүзеге асыруға атсалысып келді. Сол жылдың 17 қаңтарында «Nur Otan» партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп, Елбасы Н.Ә.Назарбаев жастар қанатының съезін өткізу туралы ұсыныс жасаған болатын. Осылайша, көктем мезгілінде жастар қанатының алғашқы съезі ұйымдастырылып, басты мақсаттары айқындалды.
Алғаш құрылған жылы-ақ өңірде жастар қанатының филиалы да өз жұмысын бастап, ол ұйымды бірінші болып Санжар Тілепов басқарды. Мұнан кейінгі жылдары Мадияр Орынбаев, Ермұхан Жұмабек, Әлия Арзымбетова, Еркебұлан Құралбаев, Жанаділ Оспановтар Жамбыл жеріндегі жасотандықтар көшін бастап, өзіндік қолтаңбаларын қалдыра білді. Жастық жалынмен жарқын істерге ұйытқы болған олар бүгінде әр салада жемісті еңбек етіп жүр. Қазіргі таңда еліміздегі ең үздік филиалдардың бірі саналатын облыстық филиалға Уәлихан Болатбек төрағалық етеді.
Расында, «Jas Otan» – қазіргі таңда еліміздегі ең үлкен жастар ұйымдарының бірегейі. Бүгінде жастар қанатының республика бойынша 240 мыңнан астам мүшесі бар болса, облыста 14 мыңға жуық мүшесі бар. Кейінгі жылдары сапаға мән беріліп келеді. Аудан, қала және өндіріс ошақтарында, оқу орындары мен халыққа қызмет көрсету орталықтарында 145-тен аса бөлімшелер жұмыс істейді.
– Мемлекеттік бағдарламалардың барлығы «Jas Otan» Жастар қанатының алаңдарында талқыланып, жүзеге асып жатыр. Оның ішінде, «Дипломмен ауылға!» бағдарламасын айтуға болады. Бұл жоба жастар қанатының съездерінде айтылып, жүзеге асу үстінде. Яғни, жасотандықтардың бастамасымен қолға алынған табысты жоба. Сол секілді «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы да «Jas Otan» Жастар қанатының бастамаларының бірі. Осыған дейін жастар қанатының мүшелері түрлі басқосуларда жастарды жұмыспен қамту мәселесін көтеріп келген болатын. Сонымен қатар «Жастар кадрлық резерві» де жастардың өзін-өзі көрсетуіне жол ашып отырған жарқын бастама. Біздің облысымызда да біршама жастар осы жоба арқылы түрлі салада қызмет атқаруда, – дейді У.Болатбек.

Бүгінде «Жастар Отанға!» атты бағдарламасы да өз тиімділігін дәлелдеп отыр. Аталмыш бағдарлама арқылы волонтерлік қозғалыстар жұмысын жандандыру көзделген екен. Нәтижесінде соңғы бес жылдың ішінде волонтерлердің платформасы құрылып, заң қабылданды. Сол секілді еліміздегі жастар саясаты мәселелері туралы заңның қабылдануына да жасотандықтар түрткі болған. Аталған заң қабылданған соң өңірлерде жастар саясаты басқармалары мен ресурстық орталықтарын ашу жұмыстары да «Jas Otan» Жастар қанатының алаңдарында талқыланып, іске асқанын тілге тиек еткен жөн.
– Биылғы жылдың басты жоспары – партиялық праймеризді өткізу. Қазір ішкі партиялық праймеризге жасы 35-ке дейінгі 30-ға жуық жас ұсынылып отыр. Олардың барлығы осы арқылы ішкі партиялық праймериз арқылы партияның атынан сайланатын депутаттардың қатарына кіру үшін жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар NEET-жастармен жұмыс жасау үшін кеңес беру алаңдары қолға алынды, – дейді У.Болатбек.
Биылғы жылдың Волонтер жылы болып жарияланғаны белгілі. Мемлекет басшысының өзі еншілеп берген атаулы жылы жасотандық еріктілер карантин уақытында облыста алғашқылардың бірі болып көмек көрсету, аз қамтылған отбасыларды азық-түлікпен қамтамасыз ету, арнайы бетперде тарату жұмыстарын қолға алды. Бұл бағыттағы шаруалар бүгінде өз жалғасын табуда.
– Қазірдің өзінде біздің еріктілер күнделікті 30-40 отбасыға азық-түлік алып бару үстінде. Екі ай көлемінде бұл жұмыстар тоқтаған емес. Бұл жобаға кәсіпкерлерді тарту ісіне де бел шеше кірістік. Оның барлығы нәтижелі болды. Бүгінгі күні Тараз қаласының өзінде 1500 отбасыға көмек көрсеттік. Ең үлкен жұмыс осы деп ойлаймын. Жақында су тасқыны болған Түркістан облысындағы Мақтааралға да барып қайттық. Ол жаққа да 15 тонна азық-түлік жеткізіп, штаб жұмысына қолдау көрсеттік. Еріктілердің қайырымдылық бағытын тиімді пайдаланып жатырмыз, – дейді Уәлихан Болатбекұлы.
Осылайша «Jas Otan» Жастар қанаты өңірдегі белсенді жастардың басын біріктіріп, ауқымды жұмыстар атқаруда. Жиырма жылдық белесті еңсерген ұйымның алдағы мақсаттары айқын. Ең бастысы олардың ел игілігі жолында аянып қалмайтыны ақиқат.

Шынболат Сейдуалиев

 

ПІКІР