"Дін"

Күмәнді білім – қауіп тудырады

Дін – адамның сенім-нанымының бастау көзі, халықтың рухани тамырының тереңнен тартар нәрі. Жалпы ұлт руханияты да осы діни қайнар көздің арқасында қалыптасады. Осыған байланысты халықтың діни көзқарастарын қалыптастырушы жүйелердің бағыт-бағдары дұрыс болғаны жөн. Кеңестік дәуірде діннің тынысы тарылып, оның еркіндіктен айырылуы қазақ руханиятының дамуына үлкен тежеу болды. Тек, Одақ ыдырап, күйрегеннен кейін ғана Ислам дінінің басына үйірілген бұлт сейіле бастады. Десе де, егемендігіне енді ғана қолы жеткен елімізде діни білімі бар мамандар тапшы еді. Сондықтан, бұл мәселені шешудің бір жолы — мұсылман елдеріне жастарды оқуға жіберу болды.

Елімізде белгілі бір діни білім беру жүйесінің және тәжірибесінің болмауы салдарынан 90-жыл­дары шетелдерге талапкер жастарды жіберу үрдісі басталып, ондағы діни оқулардың мәні мен маңызын зерделейтін ешкім болған жоқ. Дәлірек айтқанда, кейбір шетелдік діни оқу орындарының арасында белгілі бір діни-саяси топтардың мүддесі бары назардан тыс қалды. Ислам елдеріндегі күмәнді діни білім беру ошақтарында алынған білім қоғамымыздағы тұрақтылық пен тыныштыққа үлкен қауіп төндірді. Дін үйренеміз деп шетелге аттанған жастар сол елдің діни танымын, діни тәжірибесін бойына сіңіріп келді. Өзге мәдениет, өзге тілдік ортада тәлім алған рухани иммунитеті әлсіз жастар басқа халықтың дәстүріне, сыртқы келбетіне, іс-әрекеттеріне шексіз еліктеушілікке бой алдырды. Ислам мемлекеттерінде таралған әр түрлі діни-саяси ағымдар жастарға өз насихатын жүргізіп, олардың санасына теріс идеологиясын сіңірді.
Өткен жылғы көрсеткішке көз жүгіртсек, еліміздің 300-ге жуық азаматы шет мемлекеттердің діни оқу орындарына білім алуға аттаныпты. Десе де, діни сауаттылықты тереңдетуге бүгінде өз елімізде де еш кедергі жоқ. Мәселен, қазіргі таңда Қазақстанда «Нұр Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университеті, Имамдардың білімін жетілдіру институты және де 9 медресе (Сарыағаш медресесі, Астана медресесі, Әбу Бәкір Сыддық медресесі, һибаттулла Тарази медресесі, Үшқоңыр медресесі, Шымкент медресесі, Әбу Ханифа медресесі, Ақтөбе медресесі, Орал медресесі) жұмыс жасап тұр.
«Нұр Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университеті «Дінтану», «Исламтану», «Шет тілі: екі шет тілі» мамандықтары бойынша мамандар әзірлеуде. Университет жоғары білікті дінтанушы, исламтанушы, тіл мамандарын дайындауға, болашақ дін қызметкерлеріне практикалық мәселелерді білікті түрде шешуге дағдыландыруға барынша мән беріп отыр.
Қазақстандағы діни білім беру жүйесінің дамуына Имамдардың білімін жетілдіру институты да өз үлесін қосуда. Аталмыш оқу орны Ислам даму банкінің қолдауымен бұрынғы Ислам институты негізінде 2002 жылдың 10 сәуірінде құрылған. Институттың оқу бағдарламасы төрт айлық оқыту курсынан тұрады.
Жастардың діни сауат­ты­лығын арттыруда елдегі мед­реселер де сүбелі үлесін қосып жатыр. Сонымен қатар, дінтанушы, теолог мамандарды әзірлеуде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ, Шет тілдер және іскерлік карьера университеті, Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті де күш салуда. Аталмыш оқу орындарына былтыр «Дінтану мамандығы» бойынша – 90, «Теология мамандығына» – 10 және «Исламтану мамандығына» 179 мемлекеттік грант бөлінді. Бұл дін мамандарын даярлауға мемлекетіміздің баса мән беріп отырғанын айғақтайды.
Расында, отандық діни оқу орындарының материалдық-техникалық базасының күшеюі, білім сапасының артуы ел азаматтарының діни білімді өз елінде алуға мол мүмкіндік тудыруда. Қазақ елінің рухани қауіпсіздігі – ұлттық қауіпсіздікпен тікелей сабақтас. Осы себепті, діни білімге бет бұрған жастар өз Отанында оқуға барынша мән бергені абзал. Бұл ел келешегі, халқымыздың тұрақтылығы мен тыныштығы үшін маңызды.

Елнұр Әскенұлы,
облыс әкімдігі «Дін проблемаларын зерттеу орталығы»
ақпараттық түсіндіру және талдау бөлімінің инспекторы

ПІКІР