Күмәнді діни оқу орындары

0 0

Білмей жатып, білім алмаңыз!

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін алғаннан кейін басқа мемлекеттермен дипломотиялық, саяси, экономикалық және мәдени салаларда өзара ынтымақтастық орната бастады. Осының негізінде ел азаматтары шетелдік діни оқу орындарына барып, білім алды. Қазір де солай. Алайда ол оқу орындарының идеологиясы мемлекетімізге қаншалықты кері әсер ететінін ескере бермейміз.

Жалпы шетелдік діни оқу орындарын екіге бөліп қарастырған жөн. Біріншісі ресми оқу орындары. Бұл санатқа Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен меморандумға отырған шетелдегі танымал жоғары оқу орындарын жатқызуға болады. Екіншісі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен меморандумға отырмағандар. Әрине басқармамен меморандумға отырған шетелдік діни оқу орындарынан білім алудың ешқандай қаупі жоқ. Себебі ондай діни оқу орындары дәстүрлі дінімізді үйрететін жоғары оқу орындары болып табылады. Ал Пәкістан, Сауд Арабиясы, Иран, Катар, Кувейт, Йемен мұсылман мемлекеттеріндегі күмәнді діни оқу орындарынан білім алып келген студенттер халық арасында деструктивті діни идеологияның таралуына себепші болып жатыр.
Деструктивті діни ағымдар дегеніміз – дәстүрлі діндерден бөлінген оларды дін ретінде мойындамайтын, жеке көзқарастарымен діни догматикаларын қалыптастырған, мемлекеттің ішкі тұрақтылығы және қоғамдық құрылыстарына кері әсерін тигізуші тар шеңберлі көзқарастағы адамдардан құралған топ. Деструктивті діни ағымдардың – басшылары көбіне заңға қайшы келетін қылмыстық әрекеттерге барып, қарапайым топ мүшелерінің саналарын түрлі манипулияциялық амалдармен жаншып, тоталитарлық жолмен бағындыруға тырысады.
Міне осындай түсініктегі шетелдік оқу орындарында оқыған жастар отанына оралып, деструктивті діни ағымдардың идеологиясын таратудың нәтижесінде Қазақстанның әр аймағында террорлық әрекеттер орын алды. Атап айтқанда 2011 жылдың 17 мамырында Ақтөбедегі ҰҚК департаментінің ғимаратында 25 жастағы Рахымжан Махатов өзін-өзі жарып жіберді. Бір апта өткен соң, 24 маусымда Астанадағы ҰҚК-нің тергеу изоляторы маңайында «Ауди-100» маркалы көлігі жарылды. Тергеу жұмыстары Сергей Подкосов есімді орыс мұсылманына тиесілі көлікте жарылғыш зат жарылғанын анықтады. Ал 2011 жылдың 12 қарашасында Тараз қаласының тұрғыны жалғыз өзі террорлық әрекет ұйымдастырды. Оқиға барысында лаңкестің ізін кесуге әрекеттенген құқық қорғау органдарының бірнеше қызметкері және қала тұрғыны қылмыскер қолынан қаза болды. 34 жастағы Мақсат Қариевті құқық қорғау қызметкерлері ұстамақ болғанда жиһадшы өзін-өзі жарып жіберген. 2016 жылы Ақтөбе қаласында 5 маусым күні экстремисттік көзқарастағы 26 азамат «Паллада» қару-жарақ дүкеніне кіріп, суық қаруларды ұрлап шыққан. Салдарынан бiрiншi қару дүкенiнiң сатушысы мен оқиға орнына жеткен күзет қызметкерi қаза тапты. Ал екiншi қару дүкенiне келген адам пышақ жарақатынан мерт болды. Жалпы алғанда 3 жазықсыз адам көз жұмып, 2 адам жараланды. Жалпы шабуылдың салдарынан 9 адам қаза тауып, 38 адам әртүрлі дене жарақаттарын алған.
Жоғарыда аталған террорлық оқиғаларға итермелейтін күш – шетелдік деструктивті діни оқу орындарының білімдері мен жат құндылықтары болып табылады. Шетелдік күмәнді діни оқу орындарында тәкфирлік, жиһадилік, радикалдық құндылықтарды үйретеді. Осындай күмәнді діни оқу орындарын тәмәмдап келген азаматтар санасы таза жастардың миын улап, діни экстремистік идеяларды құю нәтижесінде осындай трагедиялық оқиғалар орын алып отырған. Жоғарыда аталған террорлық оқиғалардың барлығы мемлекетіміздің тәуелсіздігіне, татулығына, зайырлы құндылықтарына, қазақи болмыс және ұлттық дәстүрлермізге қарсы жасалған әрекет болып саналады. Оларға қоғамда қалыптасқан құндылықтарға қарсы әрекет жасауға күмәнді діни оқу орындарынының ұстаздары итермелегені ешқандай талас туғызбайды.
Тіпті олардың шетелдерде білім алуы, жатын орны мен тамақтандырылуы арнайы жеке қорлар арқылы ұйымдастырылады. 2011-2012 жылдары дін саласындағы уәкілетті орган жариялаған мәліметтерге сәйкес, мұсылман елдерінде діни білім алып жүрген жастар саны 392 болса, соңғы үш жыл көлемінде олардың саны 300-ге жуықтады деген мәлімет те бар.
Орта Азия аумағында іс-әрекет жүргізген шетелдік қайырымдылық қорлар мен қоғамдық ұйымдар Қазақстанда да араб тілін оқытатын жаздық лагерлерді, медреселерді, колледж және университеттерді ашуға демеушілік жасады.
Отандық діни оқу орындарының материалдық-техникалық базасының күшеюі, білім сапасының артуы ел азаматтарының діни білімді өз елінде алуға мол мүмкіндік барын анық көрсетеді. Қазақ елінің рухани қауіпсіздігі ұлттық қауіпсіздікпен сабақтас. Осы себепті діни білім алуды таңдаған ұл-қыздары бар ата-аналар перзенттерінің жарқын болашағы үшін оларды өз елінде оқытуға барынша мән беруі тиіс. Отандық діни оқу орындары халықтың діни танымынан, ұлттық ерекшеліктерінен терең хабары бар азаматтарды тәрбиелеп шығарады. Қазақы рухани қайнаркөздерден сусындаған және олардың қадірін білген шәкірт діни саладағы істердің жандануына мол үлесін қосатыны сөзсіз.

Ерзат ЖАҚЫПОВ,
облыстық дін проблемаларын зерттеу орталығының бөлім басшысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.