"Тылсым"

Күн көзінің сөнуі мүмкін бе?

Written by Aray2005

Ғалымдар қазір әр 1 мил­лиард жыл сайын күн сәулесі 10 пайызға жарқырап келе жатқанын айтады. Ал Күннің жасын олар 4,5 миллиард жылға теңеп отыр. Егер бұл осы қарқынмен жалғасып, Күннің жарқырауы 40 пайызға дейін жететін болса, жер бетіндегі бүкіл мұхиттар мен теңіздер, өзендер мен көлдер түгелімен құрғап, буға айналып кетеді екен. Яғни, жер шарының 71 пайызын алып жатқан дүниежүзілік мұхит Күн әсерінен түгелімен булану процесіне ұшырайды. Себебі Күн пайда болған күннен бастап, ол тек кеңею үстінде. Ал сол Күн жүйесінде оны айналып жүрген сегіз планета, мыңдаған астеройдтар мен миллиондаған кометалардың жағдайы Күнмен тікелей байланысты.
Күн жанып жатқан алып шар тәріздес жұлдыз. Оның бетіндегі температура 6000 градус делінгенімен, әлі оған ешқандай ғарыш аппараты жақындай алған жоқ. Тек 2000 жылдардың басында «NASA» ұшырған «Stereo» және «Solo» ғарыш стансалары Күнге 75 миллион шақырымға жақындады. Одан ары баруға жердегі ең төзімді деген металдан жасалған құрылғының өзі шыдас бермеді.
Жалпы, болжам бойынша Күннің ішкі бөлігіндегі температура 13 миллион градусқа дейін жетуі мүмкін. Күн 74 пайыз сутегі мен 24 пайыз гелийден тұрады. Қазір оның құрамындағы сутегі біртіндеп гелийге айналып, ол басқа да жұлдыздар секілді жану процесін бастан өткеруде. Ғалымдар Күн енді шамамен 5 миллиард жылға дейін жанып, одан кейін біртіндеп қара түнек ғаламшарға айналуы мүмкін екендігін айтып отыр.
Ол шындыққа жанасуы ықтимал. Себебі сөнген алып жұлдыздар қара құрдымға айналады деген теория бар. Егер, Күн қара құрдымға айналса, ол өзінің жүйесіндегі барлық планетаны алып тартылыс күші арқылы өзіне жұтып қоюы да мүмкін.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР