Жамбыл адалдық алаңы

Күніне мың абонентке кедергісіз қызмет көрсетіледі

Written by Aray2005

Тараз қаласы тұрғындарын таза ауызсумен қамтып отырған «Тараз су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны жанынан клиенттерге қызмет көрсету орталығы ашылды. Ондағы мақсат – «Цифрлық Қазақстан» жобасы аясында қызмет көрсету сапасын жақсарту. Орталықтың ашылу салтанатына облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Амангелді Карентаев, кәсіпорын ардагері Борис Сергеев, Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев және Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Батырбек Құлекеев арнайы қатысты.

Ашылу салтанатындағы кіріспе сөз тізгінін алған мекеме директоры Марат Смаилов 1959 жылы негізі қаланған кәсіпорынның ескірген ғимараты жаңғыртылып, уақыт талабына сай қайта жабдықталғанын айтып өтті. Ғимараттың қайта жаңғырту жұмыстары «Еуропалық қайта құру және даму банкінен» алынған несие мен облыстық бюджеттің 10 пайыздық гранты қаржысына жүргізіліп, соның нәтижесінде кәсіпорын «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында жоғарыда аталған орталықты іске қосып отыр.
Шаһар тұрғындарына су жеткізуші мекеме бүгінде 96 мың абонентке және 5 мың жеке кәсіпкерге қызмет көрсетуде. Енді мұнда күніне 1 000 абонент өзіне керекті қызметін ала алады. Ол үшін жаңа нысан ішінде бірыңғай қызмет көрсету залы мен ондағы төлем қабылдау кассалары және өзге де қызмет түрлері бір терезе жүйесі аясында қызмет етпек.
Сондай-ақ орталықта абоненттердің қызмет ақысын осында келіп төлеулеріне және келісімшартқа отыру арқылы техникалық қызметтер алуға да бар мүмкіндік жасалған. М.Смаиловтың айтуынша, заман ағымына қарай ақпараттық технологиялардың дамуы арқасында су ақысын онлайн жүйесімен төлейтін тұрғындар да көбейіп келеді екен.
Жиында кәсіпорын басшысы М.Смаилов ғимарат құрылысын жүргізген «Атлас Констракшн» компаниясы өкілінен қызмет көрсету орталығының символикалық кілтін қабылдап алды.
Ал алғашқы құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков:
– Жуырда ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаев облысымызға келген сапарында Елбасының «Жемқорлықтан азат өңірлер» жобасын тиімді жүзеге асырудың маңызы зор екенін атап өтіп, өңірде жемқорлыққа қарсы күрес саясатын күшейту керектігін тапсырған болатын. Естеріңізде болса, өткен жылдың желтоқсан айында Жамбыл облысының әкімі мен мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы арасында меморандумға қол қойылған. Соған сәйкес облысымызда «Жамбыл адалдық алаңы» жобалық кеңесі құрылып, жұмыс істеп келеді. Сол кеңестің жоспарына сәйкес бүгін сіздермен бірлесіп «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру аясында кәсіпорынның жаңа қызмет көрсету орталығын ашып отырмыз. Бұл ғимарат 358 мың тұрғыны бар қала халқының төлем жасауына, кәсіпкерлердің техникалық келісімшарттарды еш кедергісіз алуына мүмкіндік береді деген сенімдемін, – деді.
Сондай-ақ салтанатты жиында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті басшысы Равиль Төлебаев та сөз сөйлеп, жаңа нысанның жұмысына сәттілік тіледі.
Іс-шара соңында облыстың Құрметті азаматы Амангелді Карентаев, кәсіпорын ардагері Борис Сергеев және Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев тұтынушыларға қызмет көрсету орталығы ғимаратының лентасын қиған соң көпшілік ішке еніп, орталық жұмысымен танысты.

Жасұлан Сейілханов

ПІКІР