"Кәсіпкерлік"

Күріш сатудан басталған бизнес

Written by Aray2005

Асылында, адамзат баласын еңбек өсіреді. «Ер – егіз, ал еңбексіз – жалғыз» дейтініміз де сондықтан. Адамның көзін ашқаннан бастап, белі бүгілгенге дейінгі аралықтағы өмірі тұтастай еңбек етуге, саналы ұрпақ тәрбиелеуге, ұрпағына тәлім-тәрбие мен жан-жағына үлгі-өнеге қалдыруға құрылады екен. Ел ішінде еңбекпен есейіп, құрметке бөленген отбасылар жетіп-артылады.

Жуалы ауданы Б.Момышұлы ауылының тұрғындары, ерлі-зайыпты Сәбит Қыдырбайұлы мен Жәмила Боранбаеваның сауда саласында жұмыс істеп, нәпақа тауып жүргендеріне де 20 жылдан астам уақыт болған. Алғашқыда күріш сатудан басталған шағын кәсіп бүгінде үлкен бизнеске айналып отыр. «Әлемнің әміршісі – еңбек» дейтін болсақ, бұл ең біріншіден адал еңбек пен отбасының ұйымшылдығының, ауызбіршіліктің арқасы.
– Біздің отбасымыз Өзбекстан Республикасының Хорезм облысының Үргеніш ауданынан 1993 жылы қоныс аударды. Осында көшіп келерде Өзбекстаннан өзімізбен бірге бір тоннадай «Ақмаржан» сұрыпты күріш ала келгенбіз. Ақылдаса келе өзімізден артылғанын базарға шығарып сатуды шештік. Содан тірлігіміз бір жүйеге түсіп, сауда-саттыққа біржолата ден қоя бастадық. Алғашқыда біраз уақыт «Сарыағаш» базарында азық-түлік, тәттілер саттық. Кейіннен көкөніс, жеміс-жидек саудасына ауысып кеттік, – дейді отағасы Сәбит Елшібаев.
Кәсіпкерлікке біржолата бет бұрған ерлі-зайыпты Сәбит пен Жәмила алғашқыда «Газель» жүк көлігімен Ташкенттен Жуалыға көкөніс пен жеміс-жидек тасыпты. Сөйтіп, аудан базарында көкөніс саудасын қыздырып, осындағы саудагерлерге де тауар жеткізіп беріп отырады. Содан уақытпен санаспай еңбек етудің арқасында бұл отбасының кәсібі жүйеге түсіп, аяққа нық тұрып кетті.
– Иә, қазір ойланып отырсам, бәрі кеше ғана сияқты еді. Сауданы бастағанымызға да 20 жылдан асып барады екен. Алғашқыда Алматы қаласындағы «Барахолка» базарында да аяқ киім сатумен айналыстық. Онда көп уақыт болған жоқпыз. Жуалыға көшіп келген кезде бір байқағанымыз, мұнда көкөніс аз егіледі екен. Сол себепті, базарда да көкөністің саудасы бәсең. Содан аз ғана қаражатпен осы кәсіпті бастап кеттік. Бәрі жақсы болды десем, өтірік болар. Қиыншылықтарды да бастан өткіздік. Әсіресе, көкөніс, жеміс-жидек саудасы кәдімгі карта ойыны сияқты. Бірде ұтасың, енді бірде ұтыласың. Басында сауданы бастағанда тауарды сақтайтын қоймамыз болмағандықтан көкөністі үсік шалған кездер де болды. Ондай кезде әрине, шығынға ұшырайсың. Дегенмен қиыншылықтарға қарамастан жұмысымызды жүргізе бердік. Көмек қолын созған азаматтар да аз болған жоқ. Оларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Енді, қазір кәсібіміздің жемісін көріп отырмыз.
«Кәсіп болмай, нәсіп болмас» демекші, осы кәсібіміздің арқасында отбасын асырап, ұл-қыздарымызды жоғары оқу орнында оқытып, үйлі-баранды етіп жатырмыз. Отбасында Сәбит екеуміз бір ұл, үш қыз тәрбиелеп, өсірдік.
Қазір базарда көкөніс, жеміс-жидек сатумен қатар отбасылық кәсіпті де жолға қойдық. Ұлым Ерланның идеясымен осыдан үш жыл бұрын үйіміздің ауласынан дәмхана ашқан болатынбыз. Жазғы науқан кезінде дәмхана жұмысына көмекке қосымша адам аламыз, – дейді Жәмила Оралбайқызы.
Әулеттің анасы, бүгінде 70 жасқа аяқ басып отырған Назымхан Рахметқызы үлкен ұлы Сәбит пен келіні Жәмиланың құтты шаңырағында бақытты ғұмыр кешуде. Әлі күнге дейін еңбектен қол үзбей, үйінің жанындағы шағын дүкеннің жұмысын жүргізіп отыр. Назымхан Рахметқызы ұл-қыздарынан 17 немере, төрт шөбере сүйген бақытты әже.
«Адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі» деп ойшыл Абай Құнанбайұлы өсиет еткендей, өмірдің өзі адал еңбекпен есейткен жеке кәсіпкерлер Сәбит пен Жәмиланың ауданда ұйымдастырылатын қайырымдылық шараларынан да қалыс қалмайтындарын естиміз. Олар көбінесе аз қамтылған отбасылардан шыққан мектеп оқушыларына, тұрмысы төмен жанұяларға көмек қолын созады екен. Бір сөзбен айтқанда, бұл отбасының мерейі адал еңбектің арқасында өсіп отыр. Адал еңбектің барлық қиыншылықты жеңіп шығатынын кәсіпкерлер отбасы әрдайым дәлелдеп келеді.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
Жуалы ауданы.

ПІКІР