Қоғам

«Күш біріктірсек, қиындықты жеңеміз»

Written by Aray2005

Гүлнар ХОДЖАБЕРГЕНОВА,
облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы:

– Әлем елдерін әбігерге салған індет көптеген отбасына қайғы жұтқызды. Бұл жағдай әр азаматтың жүрегіне қатты батқаны сөзсіз.
Қазақстанда пандемияға қарсы күрестің екі аспектісі бар. Біріншісі – әрбір азаматтың жеке тәртібі, карантиндік талаптарды қатаң сақтауы. Бір ғана адамның немқұрайлылығы айналасындағы жүздеген адамға теріс әсерін тигізетінін әрбір азамат түсінбейінше, бұл дертті жеңу мүмкін емес. Екінші аспект – халық қиын күндерді басынан өткізуде. Оларға дәрі-дәрмек, психологиялық көмек қажет.
Десек те, мемлекет тарапынан атқарылып жатқан шараларды біркісілік міндет деп қарауға болмайды, індетті барынша тез арада тоқтату үшін жалпы ел болып күресуіміз қажет.
«Өкінішке қарай қазіргі эпидемиологиялық ахуал қоғамды аса қатты алаңдатып отыр. Расында ахуал өте күрделі. Бірақ, алғашқы оң үрдістер де байқалуда…», «Басты міндет – коронавирустың жұғу қарқынын ауыздықтап, таралуын тоқтату және науқастарды емдеу ісінде айтарлықтай нәтижеге жету.Індетке қарсы күрес карантин шаралары қатаң сақталған кезде ғана нәтижелі болады…».
Мемлекет басшысының бұл сөздері отандастарымызды халқымыздың басына түскен сынақ алдында қайсарлыққа, сабыр мен жауапкершілікке шақырды.
Еліміздің ең үлкен байлығы – адам мен оның өмірі болғандықтан, әрбір адам өзінің, отбасының, ата-анасы мен бала-шағасының өміріне, денсаулығына зор жанашырлықпен, ерекше жауапкершілікпен қараса екен деймін.
Ұлт денсаулығы мемлекет қауіпсіздігінің құрамдас бөлігі екенін ұмытпағанымыз абзал. Күш біріктірсек қана бұл қиындықты жеңіп шығатынымызға сенімім мол!

ПІКІР