Сұхбат

«Күтім жақсы болса, жазылмайтын дерт жоқ»

Written by Aray2005

Бұрын жасы егде тартқан кісілердің арасында кездесетін көптеген сырқаттар қазір жасарып бара жатқаны талай айтылып та, жазылып та жүр. Сол дерттердің қатарында онкологиялық аурулар да бар. Сондықтан да болар, Халықаралық обырға қарсы одақтың бастамасымен 4 ақпан Дүниежүзілік обырға қарсы күрес күні ретінде аталып өтіледі. Естіген жанның үрейін ұшыратын дерттен сақтану жолдары мен ем-шаралары жөнінде облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігері, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының партиялық бақылау комиссиясының төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Абай Нұржановпен сұхбаттасып, қоғамдық мәселелерге қатысты азаматтық пайымын да тыңдаған едік.

– Абай Құралбекұлы, ел ішінде «жаман ауру» аталып кеткен дерттен сақтану жолдары қандай, негізі қатерлі ісік неден пайда болады?
– Жалпы бұл дерттің қалай пайда болатынына немесе не әсер ететіні жөнінде әлі күнге дейін ешбір ғалым нақты тұжырым жасай алған жоқ. Адам ағзасында секунд сайын миллиондаған жасушалар өліп, тағы соншасы жаңадан пайда болады. Демек адам ағзасы сәт сайын жаңаланып тұрады. Ол мейлі тері болсын, мейлі асқазан немесе сол секілді өзге де ағзаларда осындай жаңалану жүріп жатады. Әр жасушаның өз өмір сүру ұзақтығы бар. Сол мерзіміне дейін өз қызметін атқарып, өмір сүруін тоқтатады. Сондай өлетін жасушалардың ішінде бірнешеуі кей жағдайда жойылмай, ағзада қала береді. Міне осы өз мерзімінде өлмей жиналған жасушалар адам ағзасындағы кислород, энергияны өзіне тартады. Ал ол жасушалардың мерзімінде өлмей қалуына қатты күйзеліс немесе радиация алу себеп болады. Мұндай жағдай тіпті жаңа туған нәрестелерде де кездесіп жатады. Сенесіз бе, дүние есігін жаңа ашқан сәби де қатерлі ісікпен туылатын жағдайлар бар. Егер оны ерте анықтаса, толықтай құлан-таза айығуға мүмкіндік бар. Бірақ, басқа ауруларға қарсы қолданылатын шаралар, екпелер секілді обырға қарсы вакцинация әлі шыққан жоқ. Дегенмен, әркім өз денсаулығына үлкен жауапкершілікпен қарап, саламатты өмір салтын ұстанса, дерттен сақтана алады. Ол дегеніміз –
дұрыс тамақтану, белсенді қимыл, артық салмақ қоспау, темекі, ішімдік, есірткі секілді зиянды әрекеттерден аулақ болу.
Ең бастысы аурудың алдын алу үшін арнайы скринингтік бағдарлама бар. Сол бойынша уақытылы тексеріліп отыру керек. Сонда ертерек анықтауға мүмкіндік мол. Тағы бір мәселе – адам өзін әлсіз сезінсе немесе тамаққа деген тәбетін жоғалтса, міндетті түрде дәрігерге барып, онкологиялық тексерістен толық өтуі қажет. Егер ерте сатыдан анықтасақ, біздің елде дертпен күресуге қажетті дәрілердің бәрі бар. Яғни дертті толық жеңеміз. Оған бөлініп жатқан қаржы да қомақты. Бұл жағынан ешқандай шет мемлекеттен кем емеспіз.
Біз онкологияны жеңе аламыз. Бұған дәлел жыл сайын есепте тұрған науқастар санының артуы. Егер біз онкологияны жеңе аламасақ, есепте тұрғандардың саны көбеймейді ғой. Себебі, сол дертке шалдыққандар қайтыс болса, есептен шығарылатын еді. Есепте тұрғандардың ішінде толық айыққандар да бар. Қажетті емін алып, айыққанымен 5 жылға дейін дәрігерлік бақылауда болады.
Ел ішінде бұл дертті «жаман ауру» атап кеткен. Бірақ, аурудың жақсысы жоқ қой!
– Бүгінгі таңда облысымызда онкологиялық есепте тұрған қанша науқас бар?
– Өткен 2019 жылы өңірімізде қатерлі ісікке алғаш рет шалдыққан 1567 адам тіркеуге алынды (2018 жылы 1587 болған), оның 58,3 пайызы сырқаттың I және II сатысында екені анықталды. Бұл осынша науқастың қажетті емді уақтылы алса, жазылып кету мүмкіндігі жоғары деген сөз. Жалпы қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім көрсеткішін төмендету үшін аурудың алдын алу және ерте сатыда анықтау қажет.
Статистикаға жүгінсек, облыста 2019 жылы обыр ауруының үлес салмағы бойынша өкпе қатерлі ісігі бірінші орынға шыққан. Нақтырақ айтсақ, аурушаңдық 11,8 пайызды құрап отыр. Екінші орында 11,5 пайызбен сүт безі қатерлі ісігі тұрса, одан ары тері қатерлі ісігі – 10,1, асқазан қатерлі ісігі – 8,1, жатыр мойны қатерлі ісігі – 4,3 және бауыр қатерлі ісігі – 4 пайыз болып жалғаса береді.
Қазіргі таңда облыста 7360 адам (2018 жылы – 7194) онкологиялық диспансерде есепте тұр. Оларға емдеу шаралары аурудың түріне және оның сатысына қарай жүргізілуде. Науқастарға облыс орталығындағы 135 төсектік облыстық онкология диспансері және емханалар құрамындағы 20 онкологиялық, 21 маммологиялық кабинет қажетті медициналық қызмет көрсетуде.
Ал мамандардың кәсіби сапасына келсек, мен осындағы білікті дәрігерлермен мақтана аламын. Олардың қатарында онколог-хирург Болат Нұрмағанбетов, химиятерапевт Жексен Мұратұлы сынды білікті кадрларымыз бар.
– Неліктен бойынан онко­ло­гия­лық дерт барын байқағандар басқа жаққа барып емделуге құмар?
– Иә дұрыс айтасыз, ондай жағ­дай­лар бар. Алайда бұл диспансер басқа ауруханалардан ерек­ше. Біздің дәрігерлердің тәжіри­бе­­сі, білімі өзге әріптес­тері­міз­ден жоғары. Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларындағы дәрі­гер­­лер жасай­тын ота мен емді біздің дәрігер­ле­р де жасай бе­ре­ді. Тек ғи­ма­ра­тымыз ғана әлгі қала­лар­да­ғы сапаға сай келмей тұр. Ол мәселе де таяуда өз шешімін тапқалы отыр. Өздері­ңізге мәлім Тараз қаласы ір­ге­сі­­нен бүгінгі заман талабына сай онкологиялық орталық салынып жатыр. Қазір отырған ғимаратымыз бұрын облыстық перзентхана болған. Бұйыртса, жаңа ғимаратымыз 2021 жылдың қыркүйек айында пайда­ла­ну­ға беріледі. Сол кезде бір пала­тада 1-2 адамнан ғана жатады әр палатаның жеке санитарлық-гигиеналық торабы болады. Міне сол кезде шетел­дер­де­гі ауруханадан кем болмаймыз. Сонда облыс тұрғындары да ем іздеп басқа мемлекетке бар­май­ды.
Тағы да айтамын бұл дертке шалдыққан науқас дәрігеріне сенуі керек. Онкология мәселесін тек онколог дәрігер ғана шеше алады.
– Бүгінде дертке қарсы көп­те­ген биологиялық белсенді қосым­ша­лар­ды ұсынатындар да қаптап кетті. Маман ретінде айтыңызшы, бұлардың пайдасы бар ма?
– Ең әуелі айтарым өзім мүлдем биологиялық белсенді қосымшаларды пайдаланып көрген жоқпын. Бір де бір пациентіміздің сонымен айығып кеткенін естіген де, көрген де емеспін. Сондықтан оның мынандай пайдасы бар деп кесіп айта алмаймын. Ал, маман ретінде ауруды тек дәрігердің кеңесімен жеңуге болатынын білемін. «БАД-тар иммунитетті көтереді, ағзаға қажетті дәрумендерді байытады» дейді. Ағзада да дәрумендер өз нормасымен болуы керек. Егер күнделікті қажетінше тамақтанып жүрген адам болса, оның ағзасына қажетті дәрумендер жеткілікті, оған «БАД-тардың» түкке де керегі жоқ. Тек дұрыс тамақтанып, белсенді қимылда болса, кез келген ауруды жеңуге мүмкіндік мол. Және ескеретін жайт – әр адамның ағзасы және сырқаттану жағдайы әртүрлі. Мысалы тұмауға шалдыққан екі кісіге парацетамол берсең, ол біреуіне көмектеседі, ал екіншісіне түк әсер етпейді ғой. Міне сол секілді «БАД-тар» да барлық науқасқа бірдей оң әсер етеді дей алмаймын. Ал науқастардың жағдайын дәрігер ғана анық біле алады. Химиялық препараттар да әр науқасқа әрқалай әсер етеді. Себебі адам бойындағы онкологиялық жасушалардың ерекшелігіне байланысты. Екі адамның ағзасынан қатерлі ісік шығуы мүмкін, бірақ ондағы жасушалар әртүрлі болғандықтан, оларға тағайындалатын ем де түрліше болады. Ал «БАД-тар» үдеткіш қасиетке ие. Сол себепті де ол көмектесудің орнына керісінше ісік жасушасын күшейтіп жіберуі бек мүмкін.
Бұл жай ғана коммерция, ақша табудың көзі ғана. Бұрын кеңестік кезеңде мұндайлар жоқ еді, ал қазір көбейді. Неге? Себебі қазір бәріне есік ашылды. Әркім өз бетінше ақша табудың жолдарын іздеп, осындайларды ойлап тапты.
– Биылдан басталатын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен мұндай науқастарды емдеу қалай жүргізіледі? Егер жарнасы төленбеген науқастар кездессе, олар қайтпек?
– Бұл жүйе онкологиялық ауруларды емдеуге ешқандай өзгеріс әкелмейді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырумен қатар мемлекеттік әлеуметтік кепілдік те бар. Онкологиялық аурулар тегін кепілдікпен емделеді. Науқастың мейлі жарнасы төленсін, төленбесін, мұндай диагнозбен келген азаматтың бәрін қабылдап, тиісті емін еш кедергісіз жасаймыз. Қызметкерлерімізге біздің диспан­сер­ге келген науқастың бәрін статусына қарамай қабылдап, жағдайына қарай тиісінше ем жасау керегі ескертілді, айтылды. Себебі бұл дерт уақыт оздырмай, анықтала салысымен ем жүргізуді аса қажет етеді.
Біздің онколог мамандардың басқа дәрігерлерден ерекшелігі – науқаспен соңғы күніне дейін бірге болатынында. Басқа мамандар қажет кезінде емін жасап қана қасында болса, біздің дәрігерлер науқастың толық емін алып, айыққаннан соң да біраз жылға дейін бақылауда ұстап, ары қарай да емшараларын жүргізіп отырады. Себебі онкология ұзақ мерзім емделуді қажет етеді.
– Облыстық мәслихаттың депутатысыз. Халық қалаулысы ретінде сайлаушыларыңыздың қандай мәселелерінің оң нәтижелі болуына ықпал ете алдыңыз?
– Облыстық мәслихаттың депу­тат­тығына Тараз қаласындағы 1-округ бойынша сайланғанмын. Ол округке Қант зауыты, Кірпіш зауыты аймағы, «Барысхан» ықшамауданы және саяжайлар секілді шаһар айна­ла­сын­дағы аймақтар кіреді. Бұлардың шешімін күткен мәсе­ле­лері жеткілікті аймақтар қатарына жататыны бізге белгілі. Мысалы «Барысхан» жаңадан құрылған ықшамаудан болғандықтан, жол салу, көшені жарықтандыру секілді мәселелері басты назарда тұрды. «Барысханда» қосалқы электр станциясы болған жоқ. Әр үй өз бетінше электр желісін жалғап алған. Сондықтан көшелерді жарықтандыру қиынға соқты. Ол жердегі балалар таңғы, кешкі қараңғыда мектепке жаяу барып келеді. Сондықтан бұл мәселені билікке айта жүріп, өткен жылы қосалқы электр станциясы салынып, электр жүйесі мәселесі шешілді. Су тарту жұмыстары да ойдағыдай жүргізілуде.
Өзімнің сайлауалды бағдар­ла­мам­да ерекше күтімді қажет ететін науқастарға арналған паллиативтік көмек беретін орынның қажеттігін айтқан едім. Міне сол уәдемді орындап, Тараз қаласынан «Қамқор» деген орталықты аштық. Ол орталық онко­ло­гия­лық ауру немесе басқа да сырқатқа шалдыққан, ерекше күтімді қажет ететін, оны жасауға мүмкіндігі жоқ кісілерге көмектесуге арналған. Жұмысын бастағанына биыл төртінші жыл.
– Бұдан бөлек «Nur Otan» пар­тия­сының облыстық филиа­лын­да партиялық бақылау комис­сия­сы­ның төрағасысыз. Айтыңызшы, қазіргі таңда қай сала партияның бақылауына көбірек ілінуде?
– «Nur Otan» партиясының ең басты мақсаты – билік пен халықтың ортасындағы көпірді, яғни байланысты жүргізу деп түсінемін. Биліктің саясатын, мемлекеттік бағдарламаларды халыққа барынша түбегейлі түсіндіріп, насихаттау. Сәйкесінше халықтың ішіндегі мұң-мұқтажын көзбен көріп, билікке жеткізу, түйінді мәселелерінің оңтайлы шешілуіне ықпал ету. Міне бұл жұмыстар арнайы жоспармен жүргізіліп отырады. Партиялық бақылауда қаралатын мәселелер өте көп. Соңғыларына тоқталсам, студенттердің жатақханамен қамтылуын қарап шықтық.
Биыл өзгертілген атаулы әлеумет­тік көмектің тағайындалу жағдайын елге түсіндіріп, кедергілерге кездескен азаматтардың мәселесін қарау да қолға алынды. Облыс әкімдігінің жұмыс­пен қамтуды үйлестіру және әлеумет­тік бағдарламар басқармасының тиісті бөлімдер­дің жауап­ты маман­да­ры­мен кез­де­сіп, тыңғылықты жұмыс­тар жүргізілу­де.
Бұлардан бөлек, Елбасының Жолдауымен, Президенттің тапсыр­ма­сымен жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар бойынша да арнайы бекітілген жоспармен жұмыстар жасалуда. Халықпен кездесулер өткізіп тұрамыз. Осы тұста қабылдауға келген азаматтардың бәрінің мәселелерін ойдағыдай шешіп беру мүмкін бола бермейтіндігін айта кеткім келеді. Себебі партияда жекелеген азаматтардың жоқ-жітігін түгендеуге қаржы жоқ. Біз тек шешу жолдарын қарастырамыз, мәселеге жауапты мамандармен байланыстыра аламыз, сосын кәсіпкерлер арасынан демеушілерді ұйымдастырамыз.
– Халыққа жасайтын қыз­ме­ті­ңіз­ден бөлек, бір шаңырақтың иесі­сіз. Отбасы құндылығы неде деп білесіз?
– «Отан отбасынан басталады» деген тауып айтылған сөз бар хал­қы­мызда. Баланың болашақта қан­дай болуы отбасындағы тәрбие­ден басталады. Бойына қандай қасиет­терді сіңіріп, нендей әдетке бой алдырса, тағдыры да соған бай­ла­ныс­ты өрбиді. Ал, баланың бойына адами қасиеттерді сіңіру отбасындағы тәрбиемен, әке-анадан көргенімен қалыптасады. Сондықтан да біз бәріміз қандай қызметте болсақ та, тіпті жұмыстан бас ала алмай жүрсек те отбасымызға, ондағы әкелік, аналық міндетімізге өте жауапты болуға тиістіміз. Себебі біз өз отбасы­мызда енді өсіп келе жатқан бала­лары­мыздың болашағын қалап жүрміз. Осыны естен шығармау керек. Көбіне «Бізге мықты идеология керек» дегенді естимін. Мықты идеология қазақта бұрыннан бар, әбден қалыптасқан. Ол «Ұят болады, обал болады, сауап болады», деген үш ауыз сөз. Егер әркім «Елдің алдында ұят болады», «Науқастардың алдында ұят», «Баламның алдында ұят», «Ана кісіге обал болмасын», «Сауап үшін жасайын» деген ойда болса, ешқандай қиындыққа тап болмас едік. Мұның бәрі де әркімнің ата-анасынан, отбасынан алған тәрбиесіне байланысты. Әрине, бұл өскен ортасына да қатысты. Әрқашан ұят, обал, сауапты ұмытпайық! Отбасына да, бүгінгі қоғамға да басты қажет құндылық осы.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Қамар ҚАРАСАЕВА

ПІКІР