Мәдениет

Күй күмбірлеген күн

«Баласағұн» орталық концерт залында қазақтың ұлы күйші-композиторы Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдық мерейтойына арналған қазақ ұлт аспаптар оркестрінің концерті өтті.

Мәдениеті мәйегі, руханияты діңгегі болған еңселі ел тарихындағы тау тұлғаның екі ғасырлық мерейтойы биыл ЮНЕСКО көлемінде аталып өтеді. Әрине, күй атасы Құрманғазының тағдырын ел тарихынан бөле қарауға болмайды. Себебі, ол Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған Бөкей ордасы қазақтарының көтерілісін көрді. Сол уақытта Махамбеттің отты жырлары мен Құрманғазының құдіретті күйлері қазақ даласына кеңінен тарап, халық жүрегінде еркіндікке деген үміт отын оятты, өршіл рухын қанаттандырды.
Киелі Тараз төрінде өткен кеш Жамбыл облыстық филармониясының қазақ ұлт аспаптар оркестрінің бас дирижері Адай Жұматтың жетекшілік етуімен орындалған Қ.Сағырбайұлының «Серпер» күйімен ашылып, өнер саласының үздіктері Жанатбек Кәдіров, Оңал Азаматова және Торғын Орынбаева оркестрдің сүйемелдеуінде ән шырқады.
Оркестрдің көркемдік жетекшісі Дулат Байзілдаев бастаған талантты домбырашылар Дидар Басықараев, Тоғжан Шағырбаева, Жалғас Аруанов, Фариза Мадияр Қ.Сағырбайұлының шығармаларынан күй-тартыс орындады. Өз кезегінде оркестр мүшесі Жанна Жолшиева румын халқының «Жаворонок» әнін нақышына келтіре шырқаса, оркестрдің бас дирижері А.Жұмат Айтқали Жайымовтың «Шалқыма» күйін оркестрдің сүйемелдеуінде шеберлікпен орындап шықты.
Концерт барысында оркестр дирижері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Мұхтар Рахманқұлов оркестрге дирижерлік етіп, кең залды төл туындысы «Аңырақай шайқасы» күйінің күмбіріне бөледі. Бұл кеште Жамбыл облыстық филармониясының «Кәусар» вокалдық ансамблі де ән мен жырдан шашу шашты. Дидар Игіліков жетекшілік еткен музыкалық ұжым оркестрдің сүйемелдеуімен Абай Құнанбаевтың «Айттым сәлем, Қаламқас» әні мен Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсынан үзінділер орындады. Ал, «Ақкербез» би ансамблі сахнаның сәнін келтіріп, өз өнерлерімен көрермендерді тәнті етті. Келісті кеш Құрманғазы Сағырбайұлының «Сарыарқа» күйімен аяқталды.
Шара соңында ақ жаулықты әжелер өнер ұжымына батасын беріп, толағай табыстар тіледі.

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР