Күй қағанына құрмет

0 0

Қазақ сазының сайыпқыраны да жеңісті жақындатуға үлес қосқан

Кезінде қазақ даласын сахнаға айналдырып, сәнге бөлеген дәулескер күйшінің бірі – музыка өнерінің саңлағы Нұрғиса Тілендиев. Биыл оның 95 жылдығын елімізде кеңінен атап өту қолға алынды. Өйткені кісілік қасиеті жоғары ағамыздың жүріп өткен өмір жолы мен өнері, өсиет сөздері келешек ұрпақ үшін өнегелі өсиет болуға тұрарлық. Ол кісі шың басындағы қыран құстай қомданып, домбырасын қаққылағанда перне үстінде жорғалаған саусақтары ерекше әсерге бөлеуші еді. Талант иесіне қарап отырып, керемет сезім жетегіне еріп кеткенімізді байқамай қалушы едік. Өнер саласының таусылмайтын кені, бармағынан бал тамған, кеудесін күй қоздырған арқалы ағамыздың рухына тағзым етіп еске алып, өз аузынан естігендерімді, көрген білгенімді көпшілікке жеткізіп, Ұлы Отан соғысының 75 жылдығы қарсаңында ол кісі туралы осы естелікті жазуды жөн көрдім.

Мен ол кезде бұрынғы «Алмалы» жеміс-жидек кеңшарының директоры қызметін атқарып жүрген едім. Бір күні қасына «Отырар сазы» оркестрін ілестірген Нұрғиса Тілендиев ағамыз аудан орталығына келді. Бұл 1989 жыл болатын. Толық бағдарламалық концертті тамашалайық деген ниетпен бір топ адам болып біз де сонда бардық. Думанды кештен керемет әсер алып, демалдық. Концерт аяқталған соң ағаға арнайы сәлем беріп, жақын танысып, емен-жарқын әңгімелесудің сәті түсті. Сөз арасында: «Нұрғиса аға, біздің ауыл ауданнан шалғайда жатса да Қарасай батыр бабамыздың ұрпақтарына төбеңізді бір көрсетіп, қонақ болып қайтсаңыз дұрыс болар еді», – деп ұсыныс жасадым. Бірақ ол кісі: «Рақмет шақырғандарыңа, бұл жолы реті келмейді, жұмыс көп. Бір сәті түскенде баруға уәде берейін», – деді. Мен келесі жылдың жаз айының басында, ағамызға телефон арқылы хабарласып едім, ол кісі сәл сырқаттанып жүргенін, кейінірек міндетті түрде келетінін, бірақ, концерт қою үшін емес, елмен кездесіп, әңгімелесу үшін жолға шығатынын айтты. Осылайша ауылдық клубта тұрғындармен кездесу өтті. Өзінің өмірдегі, өнердегі жолын, кейбір күйлерінің шығу тарихын, әндері жайлы әңгімелеп, ауыл жұртшылығын риза етті. Ауылда болған 2 күн ішінде аяқ жететін жерлерді аралап, сергіп, құрметті қонақ болды. Ол кісінің өмірбаяны, қызыққа толы әңгімелері бізді құмардан шығарды. Әңгіме арасында: «Мен сендерге босқа сөйлей бермей, денсаулық көтермесе де 1-2 күй орындап берейін, аспап болса алып келіңдер», – деп өтінді. Үйде екі домбыра бар еді соны көтеріп келіп қолына ұстатып едім, екі домбыраны кезек-кезек шертіп көрді де «Мына домбыраны отқа жақ. Мақау екен» деп, екіншісін қайта қолына алды. «Күй тарту жүрек арқылы орындалады. Сол себептен мен сендерге екі күй орындап берейін» деп бір-екі күйді бірінің артынан бірін шерте жөнелді.
– Маған енді риза болыңдар. Ары қарай шертуге шама болмай тұр. Жүрекке ауырлау соғатын түрі бар, – деген ол әңгімесін қайта жалғады.
– 1930 жылы Алматыға, қалаға жақын ауылдан көшіп келіппіз. Қазіргі екінші теміржол вокзалының алдындағы бір-бірімен жалғасқан жатаған үйлердің бірінде тұрдық. Әкем ет комбинатында жұмысшы, шешем үй шаруасымен айналысады. Менің тындыратыным – үйдің төбесіндегі шөп үстіне отырып алып әкем жасап берген ұршықтай домбыраны ертелі кеш ермек ету. Негізі әкемнен ерте айырылдым. Бірақ құлағыма әкемнің тартқан күйлерін құйып алып, үйреткенін осы күнге азық қылып келемін, – деп еді.
Айтуынша, қазақ музыкасының алғашқы дирижері, академик Ахмет Жұбанов бір күні көшемен жаяу өтіп бара жатып шөп үстінде күй тартып отырған балаға көңілі ауыпты. Оның өнеріне сүйсініп, «Сен балам білім жолына түс» деп, қаршадай 5-6 жасар баланы өз қолымен жетелеп әкеліп, жасы оқу жасына жетпесе де музыкалық училищеге түсірген екен. Сол жолы Н.Тілендиев ән шығаруға қатысты ерекше бір әңгімесін айтып берді. Атақты ақын Мұқағали Мақатаев ағамыз дәрігерлердің қарауында біраз емделіп, сәл оңалған кезі екен.
– Бір күні Мұқағалиды үйге арнайы ертіп келіп, енді екеуіміз жақсылап жұмыс істейміз, менің айтқанымды орындайсың деп шарт қойдым. Сонымен үйден шықпай, 35 күн тынбай шығармашылықпен айналысып, 31 ән шығардық, – деді. Бұл да бір тарихи сәт-ау.
Нұрғиса ағамыз «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрін де тікелей өзінің басшылығымен құрып қалыптастырғанын бәріміз білеміз. Сол оркестрдің еш қалпын бұзбай оны бүгінде қызы Дінзухра басқарып келеді. Осы орайда орнында бар оңалар деп айтылғандай, Дінзухра әке жолын қуып музыка өнерінің соңына түсті. Қазір көрнекті өнер қайраткері, кемеліне келген шығармашылық иесі. Нұраға айтушы еді: «Қызым өзіме тартқан» деп. Сол айтқаны айдай анық келді. Мінезі де қимылы да, өзінен аумайды. Оның есімін Дінзухра деп қоюының себебін, құрметті ағамыз Дінмұхаммедтің және жеңгеміз Зухраның құрметіне байланыстырғанын айтып еді.
Бұл кісінің кезінде Ұлы Отан соғысына да қатысқанын айта кетуіміз керек. 1943 жылы майдан даласына аттанып, үш рет ауыр жараланса да, оққа да, отқа да күймей елге аман-есен оралған ардагер. Анадан ардақты, анадан әулие, анадан артық адам болмайтынын сол жолы толқи отырып әңгімеледі.
Бір кездері мен Шу ауданының әкімі қызметін атқарып жүрдім. Ойыма осы халықты бір жақсылап демалдырайын деген ой келіп, Нұрғиса ағаға қолқа салдым. Сөзімді жерге тастамаған ол кісі «Отырар сазы» әншілерімен бірге келіп, 3 сағаттан астам уақыт бойы концерт беріп, аудан жұртшылығына керемет көңіл-күй сыйлап кетті. Ертесінде «Тасөткел» су қоймасының мейманханасында болып, суға түсіп, Алматыға жеңілденіп қайтты.
Тағы бір айтатын қызық дүние, сол Шу ауданында жүргенде, жасым 50-ге толып, тойды елге ыңғайлы болсын деген ниетпен Алматы қаласында атап өттік. Мейрамхананың алдында Әбдімомын Желдібаев тойға келіп жатқан қонақтарға құрмет көрсетіп, екпіндете күй тартып отырған. Бір кезде қасында жеңгей және қызы Дінзухра бар Нұрғиса ағамыз машинадан түсіп үндемей келіп «күй тыңдаймын» деп өнер иесінің алдына тұра қалып еді, зулатып күй шертіп отырған Әбдімомын ағамыз жүрісінен жаңылып, кібіртіктеді де қалды. Нұрғиса аға ондай-ондай бола береді деп күлді де, елмен амандасып ішке қарай кіріп кетті. Біз, «Япыр-ау ағаның мысы басып кетті-ау» деген кейіппен іштен тындық.
Ағамыздың 70 жасы елімізде жоғарғы деңгейде аталып өтті. Облыс атынан өзім барып, торқалы тойына қатысып, астына ат мінгізіп, сый-сияпатымызды көрсетіп едік. Өмірден озарының алдында емханада ұзақ жатты. Біз жұбайымыз екеуміз көңілін сұрап, жанында болып қайтайық деп барсақ, жеңгеміз қасында екен. 2 сағаттан астам бірге отырып әңгімелесіп, өткен күндерді еске түсірдік. Қайтарда менің қолымды жібермей ұзақ ұстап бір шама сыр ақтарды. Қазір сол сәтті «қоштасқандай болған екен ғой» деп ойлаймын. Көп ұзамай қазақтың маңдайына біткен біртуар жарық жұлдызы 1998 жылы, 15 қазан күні 73 жасқа келгенде өмірден озды. Ол – Халық Қаһарманы. Бүкіл қазақ елі күңіреніп, ұлы дала қоса егілгендей күй кешкен еді. Соңғы сапарға оны ел-жұрты «Құстар әнін» сыңсытып, атандырып, арулап жерледі. Өзінің ақтық демі алдындағы тілегі бойынша Жамбыл атасының жанынан жай тапты.
Бұл күнде тек қана Алладан тілейтініміз, қасиетті өнер саласының майталманы, жарық жұлдызы Нұрғиса ағамыздың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болып, иманы саламат болсын! Рухы мәңгілік көкте самғай берсін деп тілейміз.

Құрманғали Уәли,
қоғам қайраткері

Leave A Reply

Your email address will not be published.