Астанаға 20 жыл

Күй ойнайды Таразымның төрінде…

Биыл тұңғыш рет аталып өткен Ұлт­тық домбыра күнін жамбылдықтар облыс орталығындағы Жамбыл Жабаев­тың ескерткіші маңында күй тартумен бастады. «Домбыра – халық мұрасы» атты шарада белгілі күйші, композитор Әбдімомын Желдібаев пен ҚР Мәдениет қайраткері Аман Малдыбаев Жамбыл Жабаев ескерт­кі­ші­не гүл шоқтарын қойып, жыр алыбына тағзым жасады.

Одан әрі облыстық қазақ драма театрының өнерпаздары «Домбыра үні» атты театрландырылған қойылыммен жұртты тамсандырды. Бұл күні бір мезетте 300 домбырашы бірге күй тартты. Ә.Желдібаевтың «Ерке сылқым», А.Малдыбаевтың «Көне Тараз», Құрманғазының «Балбырауын», Түркештің «Көңілашар» күйлері әдемі ырғақпен Әулиеата көгінде әуеледі. Күйлердің нақышымен орындалуына ҚР еңбек сіңірген қайраткері Мұхтар Рахманқұлов, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Ерлан Бақтыгерей және Халықаралық конкурстардың лауреаты Адай Жұмат дирижерлік етті.

– Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаев даналық жолмен атадан қалған асыл мұраны қастерлеу күні деп домбыраның төл мерекесін белгілегені көрегенділігінің бір көрінісі. Жамбыл атамыздың «Сиясауыт қаламсыз, дәптер, кітап, қағазсыз, ой қозғаған домбыра, сөз қозғаған домбыра» деген шумақтары қазақтың қасиетті бұйымының қадірін бейнелеп тұр емес пе?! Ол айтпағын тілмен жеткізе алмағанның құралы да болды. Талай мұңлықтың іштегі шерін де шығарды. Сондықтан, бұл мереке қазақ үшін ұлық күн, – дейді ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Әбдімомын Желдібаев.

Күй керуенінен соң жиналған жұртшылық 250 шарды көкке ұшырып, домбырашылар «Көне Тараз» алдындағы домбыра стеласында естелікке суретке түсіп, бір-бірін мерекемен құттықтасты.

Бұл күнді облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы дүние есігін жаңа ашқан нәрестелерді құттықтаумен атап өтті. «Қазақтану» ғылыми ағартушылық жобасы аясында облыстық перинаталдық орталық пен Тараз қалалық №1 аурухананың перзентхана бөлімінде осы күні туылған сәбилерге домбыра тарту етілді. Тұңғыш рет тойланған мереке күні облыстық перинаталдық орталықта Қазына Болатқызы, ал, Тараз қалалық №1 аурухананың перзентхана бөлімінде Диана есімді қыз дүниеге келіпті. Қалалық перинаталдық орталықта Ғазиза Нұрмаш есімді жас ана да сәбилі болып, қуанып отырған сәтінде домбыраны сыйға алып, марқайды.
Бұл үрдіс өңірлік ассамблеяның аудандардағы мүшелерінің ұйымдастыруымен барлық аймақта жалғасты.

Айтулы мереке Тараз қаласының төріндегі ҚР Тұңғыш Президенті саябағында «Күй ойнайды қазағымның қанында» атты мерекелік іс-шарамен жалғасын тауып, өнерпаздар тұрғындарға ерекше көңіл-күй сыйлады.

Қамар РАХМЕТУЛЛИНА

ПІКІР