«Күзетші де, құрылысшы да, даяшы да болдым…»

0 1

Жастар табиғатына сай еліктегіш, тез именгіш келеді. Олардың сыртқы мәдениеттің экспансиясына жедел ұшырап жататыны да содан болса керек. Осы ретте аға буынның ғана емес, замандастарының да ақылын бір сәт тыңдап, содан бағыт-бағдар алғанның айыбы бола қоймас. Газетіміздің «Bіlgenіńmen bólіs, bıznesmen» айдарының бүгінгі санында тараздық белгілі кәсіпкер, қоғамда айтар ойы қалыптасқан жамбылдық жастардың бірі – Олжас Қуандықовпен әңгіме-дүкен құрып, жастар тәрбиесіне қатысты көкейдегі біраз сұрақтың жауабын табуға тырыстық.

«Банкте жүріп, бизнесті іштей зерттедім»

– Олжас, өзіңізбен қатарлас болған соң өңірдегі кинотеатр бизнесін қайтадан жандандырып келе жатқан, бүгінде жастар жиі бас сұғып, рухани тынығып шығатын «ASTANA PARK» кинотеатрының директоры ретінде жақсы танимыз. Біз білгенмен, көпшілік жастар сізді жете тани бермеуі мүмкін. Сондықтан әңгімемізді «Бизнеске қашан және қалай келдіңіз? Кинотеатр алғашқы кәсібіңіз бе, әлде бұған дейін де бизнеспен айналысып па едіңіз» деген сұрақтардан бастасақ.
– Әрине бірден кинобизнеспен айналысып кеткен жоқпын. Жалпы, кәсіпкер болу менің бала кездегі арманым еді. Кішкентай кезімде қолдан бір нәрсе жасап, соларды саудалап немесе асық сату сынды бизнеспен айналысқан екенмін.
– Асық сатқаныңызға қарағанда ауылда туып-өскен болдыңыз ғой…
– Негізі ауылдың баласымын. Қалаға тоғызыншы сыныпты бітірген жылы көшіп келдік. Он бірінші сыныпты тәмамдап жатқан тұста дастарқан басында ата-анаммен болашақ мамандығым жайлы ақылдастық. Мен негізі кәсіпкерлікті қалап тұрмын. Ол кісілер де менің мақсатыммен санасып, «Қаржы» мамандығын меңгергенім жөн екенін айтты. Былайша айтқанда мен ес білгелі кәсіпкерліктің қыр-сырына қанығып өстім. Университетте де «тыныш» жүрмедім. Әйтеуір бір жерден жұмыс тауып, қол боста айналысып жүрдім. Құрылысқа да мойын бұрып көрдім, даяшы да болдым. Одан бөлек, көңілді тапқырлар клубы, дебат сайыстарынан да қалмадым, домбыра үйірмесіне, театрға да үлгердім.
Төртінші курс оқып жүргенімде банкке дипломсыз-ақ, 3-4 айлық сынақпен жұмысқа орналастым. Әдетте банкке жаңадан келгендер еңбек жолын жетекші мамандықтан бастайды. Бірақ, тәжірибем болмаса да, талпынысымды ескеріп басшылық мені бірден маман ретінде қабылдады. Міне осы уақыттан кәсіби еңбек жолым басталды. Ал, түптеп келгенде банкте жүріп бизнесті іштен зерттеу мүмкіндігі туды.
– Банкке несие алуға келген әр кәсіпкердің идеялары, бизнес-жобалары да сіздің зерттеуіңізге көмек болған шығар?
– Әрине, несие аламын деп келген кәсіпкер өзінің банкке келгендегі мақсатын түсіндіріп береді. Сосын біз қаржыгер болғандықтан оның немен айналысып отырғанына, тұрақты табысына талдау жасап, несиені өтеу мүмкіндігіне көз жеткіземіз. Яғни, несие береміз я бермейміз деген қорытынды шығарғанға дейін біраз ақпаратқа қанығасың. Бизнесті зерттеу, оған деген қызығушылығым осы кезден бастап арта түсті. Банкте бес жылдай жұмыс істедім. Төртінші жылдан бастап кәсіпкерлікке алғашқы қадамдарымды жасай бастадым. Студенттік жылдардағы жайдарман ойындары мен театрға деген қызығушылығым ақыры мені осы саладағы кәсіптің дәмін татып көруге итермеледі. Яғни, істі отандық эстрада әншілерінің концерттерін ұйымдастырудан бастадым. Кейінірек би клубтарына танымал әншілерді, әзілкештерді Таразға шақырып, өнерін көрсету жұмыстарының басы-қасында жүрдім. Одан бөлек, дыбыс жазу, би студияларын да аштым. Кейін дисконт орталығым да болды. Банкте еңбек етіп жүрсем де осы орталықтың шаруасы бойынша мен бильярд, би клубтары, кафе, сұлулық салоны, кинотеатр, көлік жуу орны сынды отызға жуық компания өкілдерімен кездесуге үлгердім.
Осылай қарбалас күндерім өтіп жатқанда бүгінде басты серіктесім әрі досым Қайрат деген бауырыммен жолымыз түйісті. Ол кезде Қайрат қаладағы «Голливуд» кинотеатрын жүргізетін. Мен онда киноға жиі және жалғыз барып тұратынмын.
– Әдетте жігіттер жалғыз бармаушы еді…
– Ол уақытта мені «Сен қиялсың ба? Киноға жалғыз барғаны несі?» деп мазақтаған достарым да болды. Бірақ мен өз басым киноға демалу үшін баратынмын. Әрине, өзіме ұнаған киноны көріп, содан бір пайдалы дүние көкейге тоқып қайтқым келетін. Ал ол үшін бір өзім барғанды қаладым. Яғни қасыңда біреу болса, оған көңілің бөлініп, фильмнен түйіп отырған ойыңның желісі бұзылып кетеді. Жалғыз отырсаң өз-өзіңмен сырласқандай, өзіңді тыңдап отырасың. Негізі бизнеске бағдар болған көп идеялар осы кинолардан келді десем артық айтқандығым емес. Адамда «түпсана» дейтін дүние бар. Оны мен кейін келе түсіндім. Яғни, адам сыналған, тығырыққа тірелген кезде осыған дейін оқыған, көрген, алған білімі, ақылға түйгені идея ретінде көмектеседі. Сондықтан, мотивациялық, тарихи, спорттық және біреудің өмірі, жетістігі жайлы фильмдерді ұнатамын.

«Алғаш көрсеткен киномыз – «Алып қашу операциясы»

– Жалпы, кинотеатр ашуға не түрткі болды? Аяққа тұру үшін қандай жолдардан өттіңіз?
– Ол шақта қалада үш-ақ кинотеатр бар еді. Біреуі әрі үлкені – «Евразия», қалған екеуі шағын кинозал болатын. Бұл сала бизнес ретінде онша дамымай тұрған кез. Жаңа жоғарыда 2012 жылдары жолыққан Қайрат деген досым туралы айттым ғой. Соның кинотеатрына барып жүріп жақсы таныс, дос болып кеттік. Сол жігіт екеуміз оның «Голливуд» деген театрында кино көрсетіліміне дейін, одан кейін де отырып біраз сөйлесіп, сол кинокөрсетілімді бизнеске айналдыру жөнінде ұзақ талқылайтынбыз. Кейін оның жұмысы мүлдем жүрмей қалды. Кинотеатрға адам келмейтін болды. Сөйтіп мен оны өзімнің дисконт орталығыма кіруге шақырдым. Басқа да ойларыммен бөлістім. Оған ұнады. Кейінірек оның ұсынысымен Сырым Исабековтің «Алып қашу операциясы» деген фильмін Таразға алып келіп, көрермендерге ұсындық. Бірақ «Голливудта» ары кетсе 3-4 ай ғана бірге жұмыс істедік. Өйткені біз қаладан үлкен кинотеатр ашып, мұны үлкен бизнес көзіне айналдырығымыз келді. Ол үшін жақсы киноларды, премьераларды көрсету керек. Одан бөлек сервис мәселесін де жетілдірген жөн. Естеріңізде болса облыс орталығында «Алматы синема» деген 3D форматындағы фильмдерді қоятын кинотеатр болған. Сол жақта біраз жобамызды жүзеге асырып, алғашқы 3D фильмдерді көрсете бастадық. Бірақ премьера емес еді. Бізге кинолар кешігіп келетін. Жалпы, ол кезде премьерамен жұмыс жолға қойылмаған болатын. Бәрі өзге қалаларда өтіп кеткен киноларды көрсететін. Дегенмен біз кино ғана емес, сервис сатуды да қолға алып, негізгі кәсібімізді осы бағытта өрбітуге бел будық. Өйткені адамдардың киноға деген қызығушылығы төмендеп кеткен еді. Яғни, театрға келгендерге жылы қабақпен қызмет көрсетіп, кинотеатрдың ішін сәндеп, көрерменнің бар жағдайын жасауға тырыстық. Алайда ойға алған шаруаның бәрі бірден түзу жолға түсе кетпейді ғой. Бәсекелестік артқанға ма «Евразия» кинотеатрының адамдарымен де біраз теке-тіреске барып қалып жүрдік. Уақыт өте келетін адам да азайды. Одан да бөлек біраз қиындықтан өттік. Аяққа тұрдық. Өзімізді осы салада жұмыс істей алатынымызды көрсетіп, тектен-текке тер төгіп жүрмегенімізді дәлелдедік. Одан кейін «Astana cinema»-ны ашарда да біз Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларындағы кинотеатрларға барып басшыларынан ақыл-кеңес сұрап едік, мандыртып ешкім кеңес бере қоймады. Тіпті, кино беретін компаниялар да көмектесе қоймады. Сөйтіп Қайрат екеуміз Қытай астанасы Бейжіңге дейін барып, әлемге белгілі жапониялық NEC корпорациясы өкілдерімен жолығып қайттық. Ол жақта 21 күн жүріп, әйтеуір қажетті киноқондырғымызды Таразға жеткізіп, арман болған «Astana cinema» кинотеатрын бұрынғы «Premier Kazakhstan» клубының ғимаратынан аштық. Алғаш ашылған залда премьера көрсетуден бастадық. Залда мүлдем бос орын қалмады. Көп ұзамай екінші залды аштық. Бірақ көрермен көбейе бастаған соң ғимарат иесі біздің шығуымызды қалады. Ол жалға алу уақыты біткенін сылтау етті. Содан біз не де болса бұл істі орта жолда тастамай, алға жылжуды ұйғарып, бос тұрған бұрынғы Шоқан Уәлиханов атындағы кинотеатрға келдік. Енді сол кездегі оның залдарының тозғанын айтып жеткізу мүмкін емес. Содан бар күшімізді салып, күндіз-түні күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, үш залын түгел жабдықтап, тек кинотетр ғана емес ойын-сауық отауы етіп аштық. Мәдени орынға «ASTANA PARK» деп ат қойдық. Бұл жер тек қана кинотеатр болып қалмасын деген мақсатпен атауына парк ұғымын қосып, яғни онда балалар ойнап, жастар кездесу ұйымдастырып, кофе ішіп отырып кітап оқып, жалпы айтқанда рухани ләззат алып шығатын орын болса деген ойымызды іске асырдық. Бір сөзбен айтсақ, кішігірім коворкинг орталығы ғой. Қазір бір ауданда осындай кинотеатрымыз халыққа қызмет етіп жатыр. Алдағы мақсатымыз ауқымды. Сол бағытта жұмыс жүргізіп келеміз.

«Жақында екі кинотеатрымыз ашылады»

– Кеңестік тоқыраудан кейін бұл бизнес қайта көтеріліп келеді. Таразда да бәсекелестеріңіз шығып жатыр. Мұндай үрдіс жалғаса беруі де мүмкін. Яғни бұл – сіздің бизнесіңізге төнген қауіп. Табыс жағынан, әрине. Сіздер бұған қарсы қандай әрекет етпексіздер?
– Әрине мына нарық заманында бір орында отыра беруге болмайды. Қайрат бауырымыз екеуіміз Санкт-Петербургте өтетін, ауқымдылығы жөнінен әлемдік үздік үштікке енетін «Кино Экспо» халықаралық көрмесіне барып тұрамыз. Көптеген адамдармен танысып, олардың тәжірибесін зерделедік. Керегін көкейге түйіп алдық. Өйткені онда кино түсіруге, көрсетуге қатысты қондырғы, техникаларды тамашалап қана қоймай, кино әлемінде жүрген біраз режиссер, актер, продюсер және кинотеатр басшыларымен кездесіп, пікір алмасуға болады. Ресейде «Премьер зал» деген кинотеатрлар желісі бар. Оның қарамағына қазір 340 кинотеатр топтасқан. Бұлардың бірі ашылса, бірі жабылып жатады. Осы желінің жетекшісімен пікірлескенде ойымыз бір жерден шығып жатады. Сондықтан, өзіміздің идеяларымыз бен тәжірибелі мамандардың пікірін ұштастырып, болашаққа жоспар құрып, Алла бұйыртса еліміздің кинотеатр саласында алғашқы қатардан көрінсек дейміз.
– Яғни, алдағы уақытта тағы да кинотеатр ашылуы мүмкін ғой?
– Жақын арада, осы наурыз айында Алматы және Шымкент қалаларынан екі кинотеатрымыз ашылмақ. Қазір сол жобалар бойынша бар күшімізді салып жатырмыз.
– Осы «ASTANA PARK» брендімен ашыла ма, әлде басқа атау бересіздер ме?
– Әрине, әр нәрсе өз уақытымен ғой. Кезінде «Астана» деп айдар тағуымыздағы басты мақсат – ел кинотеатрларының Тараздағы астанасы болсақ деген жақсы ниетіміз болған. Біз осы атпен барынша танылдық деп ойлаймын. «Астана» деген сөз қазір қолданыстан шыға қоймаса да, біз нарық, сұраныс заңдылығына сәйкес өзгеше атауға жүгіндік. Ол жөнінде қазір ашып айтпай-ақ қояйын. Уақытында көрерсіздер.
– Жалпы тараздық жастардың кино көру мәдениеті қай деңгейде? Бұрын үлкендерден естуімізше кинотеатрда ине шаншыр орын болмайтын деп айтып жатады. Байқауымша қазір кейде залдар толмайды. Бұның да әртүрлі себептері бар шығар. Десе де жастарды киноға қызықтыру бағытында жұмыс істейсіздер ме?
– Осы уақытқа дейін зерттей келе, қай жерде мәдениет бар, сол жерде кино саласы да жақсы дамиды, көрсетілім де көп болады дегенге көзіміз жетті. Қай жерде мәдениет жоқ, ол жақтан кинотеатр ашып әуре болудың қажеті жоқ. Одан да оларға кафе, мейрамханаға барып ішімдікпен көңіл көтерген анағұрлым қызығырақ көрінеді. Енді мен неге осы саланы таңдадым деген сұраққа келетін болсақ, өз басым тек табыс тауып қана қоймай, жастардың мәдениетін де көтергім келді. Яғни, «Мәдениетті бол!» деген ұстанымды ұран етіп алдым. Бұған дейін қалада отыз шақырымдық веломарафон да ұйымдастырдық. Ол да мәдениет түрі. Сыйлықтар беру арқылы жастарды осы жобаға да көптеп тарту, спортқа ынталандыру да ойымызда бар. Алдағы уақытта осыны тұрақты түрде өтетін шара ету жолында әрекет етіп жатырмыз. Жаңа жоғарыда айтып өткендей, «ASTANA PARK»-ті жан-жақты етіп ұйымдастырғанымыз да сол – жастардың кітап оқып, бір-бірімен рухани әңгімелесіп, ән айтып, дебат құруына жағдай жасағым келді. Жалпы жастарды кино арқылы мәдениетке шақыру ойымда болды. Осындай мәдени ортада көп жүретін адамның араласатын ортасы, өмірге, болашаққа деген көзқарасы басқаша болады. Олардың кинодан алшақ, театрға мүлдем аттап баспайтын адамнан айырмашылығы жер мен көктей. Осы ретте мәдениеті жоғары елдің экономикалық көрсеткіштері де мықты болады дегенді айтқым келеді. Ол үшін әр адам өзінің мәдени деңгейін көтеруден бастаған жөн. Өйткені адамның жеке мәдениетінің дамуы мемлекеттің дамуына өте жоғары ықпал етеді. Енді көрермен тарту жағына келсек, әрине, көрерменнің көп болғаны жақсы. Тек киноның жарнамасымен ғана адамдарды шақыра алмайсың. Біз кинотеатрды жан-жақты етіп ашып жатқанымыз да сондықтан. Одан бөлек сервис мәселесіне де қатты қараймыз. Ол үлкен рөл атқарады.

«Төрт күшіңді түгендеп ал!»

– Осы ретте жастарға бір мотивация ретінде ойыңызбен бөліссеңіз. Негізі ойға келген идеялардың бәрін жүзеге асыру мүмкін бе? Егер мүмкін болса, қадамды неден бастау керек? Айтайын дегенім, қазір жастарда идея бар, ақша жоқ. Ақшасыз кәсіп ашу үшін қандай тәуекелдерге бару керек?
– Жалпы, адам бойында оны алға жетелейтін төрт күш, атап айтсақ, физикалық, IQ, рухани және эмоционалдық күштер бар. Кәсіпкер болу үшін 100 адамның әрі кетсе бесеуінің, ары кетсе оншақтысының жолы болып кететін шығар. Неге? Өйткені бизнестің қызығымен қатар шыжығы да, проблемалары да қатар жүреді. Әсіресе, алғашқы кездері көп қиындық кездеседі. Қарапайым мысалмен түсіндірсек, кәсіпкерлік арқаңда алып жүрген ауыр жүк сияқты. Мәселен мен қазір басқа бір бағытта кәсіп бастасам, басымды тағы да тәуекелге байлауым керек. Осы салада жүрген бір ағамыз: «Сен таңертеңмен тұрған кезде жиырма проблема таңмен таласып телефоныңа хабарлама болып келіп тұрады. Егер сол сынаққа сынып қалмай, проблемаларды көтере алсаң, сенен кәсіпкер шығады. Көтере алмасаң, қоя ғой», дейтін. Яғни «Эмоциялық тұрғыдан осындай жағдайға төтеп беріп, еңсеріп әкетпесең, өзіңе ауыр тимейтін үйреншікті жұмысыңды істеп жүре бергенің жөн» дейтін. Жаңағы төрт күшті адам тиімді пайдаланып, өзгерісті, өмірде қабілетті болуға тәрбиелеуді өзінен бастау керек. Мәселен таңертең жүгіріп физикалық күшіңді нығайт. Одан кейін кітап оқып, ізденіп, біліміңді шыңда. Бұл жерде тек мотивациялық, рухани күш-жігер беретін кітаптарды ғана емес, көркем шығарма, тарихи, діни әдебиеттерді де көп оқып, ой-өрісіңді дамыт. Жақсы ортамен аралас. Өйткені сын шақтарда адамды өзінің IQ-і арқылы қалыптасқан түпсанасы тығырықтан алып шығады. Одан кейін қит етсе шарт кетпей, эмоцияңды ырқыңа көндіре біл. Әрине, кез келген адамда мінез бар, бірақ ол қасиетті де орынды қолдана білу керек. Ол үшін ішкі рухани дүниеңді сабырлылық, төзімділік, мейірімділік деген асыл қасиеттермен толтыр. Ол үшін рухани, діни ізденістер артықтық етпейді. Яғни, адам «Мен кіммін, қайдан келдім, қайда бара жатырмын, мен кәсіппен не үшін айналысып жатырмын, немесе темекіні не үшін шегіп, ішімдікті, кім үшін ішіп жүрмін?» деген сұрақтарға жауап іздесе, көп нәрсені түсінеді және өзінің өмірдегі орнын табады деп ойламын. Бір сөзбен айтқанда, осы төрт күш сенің бойыңда орнығып алса, сен біраз жетістікке жетесің. Қандай кәсіп бастасаң да, нендей идеяны жүзеге асырғың келсе де осы төрт күшті түгендеп алып бастағаның абзал.

«Құламаған, сүрінбеген кәсіпкер жоқ»

– Біздің сұхбаттың мақсаты – жастарды кәсіпкерлікке тарту, ынталандыру екенін айта кетейін. Осы ретте, дәл қазір қандай кәсіппен, қай бизнеспен айналысу жастар үшін тиімді. Бизнес бастар кезде жастар бойындағы түрлі фобияларды қалай жеңуге болады?
– Мұнда да жоғарыда айтып өткен адам бойындағы төрт күшке жүгіну керектігін тағы қайталап айтамын. Әрине керемет кәсіпқой болып алып, сосын кәсіп бастау керек деуден аулақпын. Ең бастысы іштей Алла Тағалаға деген сенімді нығайтып, тәуекелге бару жолында мінез таныту керек. Одан бөлек, өзінің кәсіп бастаудағы мақсатын о бастан айқындап алған дұрыс. Себебі, ә дегенде керемет көлік мінсем, зәулім үйім болса, шетел араласам деген оймен, арманмен миды ашытудың қажеті жоқ. Әрине көп табыс тауып, шетел көріп, олардың да тұрмысын көргеннің, зерттегеннің айыбы жоқ. Сондықтан, алдымен егер ертең құлап жатқан кезде қайта тұрып, алдыға жылжу үшін қажетті қасиеттерді бойға жинап алғанның артығы жоқ. Ең бастысы рухани қаруыңды сайлап алсаң, қалған бақыт өз уақытымен келе береді. Жалпы істеймін деген адамға жұмыс көп, табылады. Ешнәрседен ұялмай, қысылмай, бірден байып шыға келуді армандамай кәсіптің ең төменгі сатысынан бастау керек. Мен де сол жолдан өттім. Одан жаман болған жоқпын. Күзетші де, даяшы да, құрылысшы да, кассир де болдым. Яғни, қиыншылықтан өте білмеген адам ешқашан кәсіпкер бола алмайды. Осыны жастар жақсылап түсініп алса деймін. Құлағаннан беті қайтып қалмауы керек. Құламаған, сүрінбеген кәсіпкер жоқ.
– Әсерлі әңгімеңізге, жастарға барынша бағыт бергеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.