Жеңіс-75

Қаһарман десантшы

Written by Aray2005

«Асқар таулар алыстаған сайын асқақтай береді» демекші, жылдар жылжып өтсе де аты, істеген ісі, ерлігі ел жадында ұмытылмай сақталып, уақыт керуені алға жылжыған сайын даралығы, тұлғалығы, ерекшелігі биіктей беретін адамдар болады. Қаһарлы соғыс жылдары қолына қару алып, қан майданда жаумен шайқасқан Ұлы Отан соғысының ардагері, бейбіт кезеңде ел игілігі жолында тер төккен еңбек ардагері, қасиетті Қордай өңірінің тумасы, марқұм Бекен Еркінбайұлы Тұматаев осындай азамат еді.

Майдангер аға 1921 жылы Қордай ауданындағы Қордай-Павловка (қазіргі Кіші Сұлутөр) ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Еркінбай сол заманның өзінде имандылық жолын берік ұстанған, молда болған, ауылға сыйлы кісі еді. Зайыбы Тәуірбала екеуінің төрт баласының біреуі Бекен жастайынан қағылез болып өседі. Мектепті бітіргеннен кейін, 1939-1940 жылдары Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласында бухгалтерлер курсында оқып, еңбек жолын туған ауылында бастайды. Өзінің қатар-құрбылары сияқты ол да елінің игілігі жолында еңбек етуді, жетістіктерге жетуді, отау құрып, перзент тәрбиелеуді армандайтын. Алайда «соғыс» деген суық сөз өмірін бір-ақ сәтте өзгертті. Қордай, Өтеген сияқты даңқты ұлт батырлары шыққан өлкенің перзенті Бекен Тұматаев сын сағатта ойланып жатқан жоқ, бірден әскери комиссариатқа келді. Сөйтіп 1941 жылы 28 маусымда алғашқылардың бірі болып майданға аттанып бара жатты.
Ауылдан болашақ 28 панфиловшы Николай Балашовпен бірге шыққанымен екеуінің жолы Мәскеуде ажырап, ол жаяу әскер полкына, бұл әуе десант атқыштар полкына жіберіледі. Екі апта ғана санинструкторлықты оқып, қан майданға кіреді. Батыс майданына, Мәскеу түбіндегі алапат шайқастардың ортасына түскен Тұматаев 282-гвардиялық атқыштар полкында ротаның санитарлық нұсқаушысы ретінде төніп тұрған қатерге, соғыс қиындықтарына қарамастан жаралы жауынгерлерді от пен оқтың ортасынан алып шығып, дәрігерлік көмек көрсетті. «Жолдас Тұматаев 282-гвардиялық атқыштар полкында қызмет ете жүріп, өзін ең үздік санинструкторлардың бірі ретінде көрсете білді. Жаумен шайқастарда 45 жаралы жауынгерді қаруларымен қоса майдан даласынан алып шықты. Қызыл Ту орденіне лайық» делінген оны мемлекеттік наградаға ұсыну қағазында. Әскери жоғары награда – «Қызыл Ту» орденін ержүрек сарбаз 1942 жылы наурыз айында алды.
Жаумен арыстанша арпалысқан Бекеннің ерлігіне сан рет куә болған командирлері оны санинструкторлықтан барлаушылыққа ауыстырады. Бір ай десант ісіне машықтанып, шайқасқа қайта кірген сарбаз сан рет әуеден десант арқылы түсіп, жау тылында аса қауіпті тапсырмалар орындайды. Сондай жауынгерлік тапсырмалардың бірі кезінде қалың фашистің тура ортасына түскен бұлардың тобын жау тұтқынға алады. Бірақ тұтқында үш-ақ сағат болады. Немістер кеңес барлаушыларын қолға түсіргендерін тойлап жатқанда Бекен екі фашисті өлтіріп, қаруларын алып, қасындағы екі серігімен бірге өз әскерімізге қосылады. Жауынгерлік құжаттарын жау алып қойған екі серігін ерекше бөлім алып кетеді де, етігінің табанына жасырған Бекен өз бөлімшесіне оралады.
Гвардия аға сержанты Тұматаев 1944 жылы тамыздан 3-Украин майданында 19-гвардиялық әскери десант атқыштар полкы 2-атқыштар батальоны атқыштар бөлімшесінің командирі шенінде жорық жолын жалғастырып, Еуропаны азат ету шайқастарына қатысады. Қазақтың қайсар ұлы онда да ерліктің небір үлгілерін көрсетеді. Бендеры қаласының оңтүстігінде Днестр өзенінен алғашқылардың бірі болып өтіп, жауды өкшелей қуу кезінде жеке қаруымен төрт фашистің көзін жойып, «Ерлігі үшін» медалімен наградталады. Туған жеріне бір айға демалысқа жіберіледі. Бірақ ауылда он-ақ күн болып, әке-шешесінің қолына Күлсін деген келін түсіріп, ақ баталарын алып, майданға қайта аттанып кетеді.
Бұл кезде бөлімшелері жауды өкшелей қуып, Венгрия жеріне жетіп қалған еді. Бекен қаруластарымен бірге ерлік жолын одан әрі жалғастырады. 1944 жылдың қара күзінде оның бөлімшесі Дунай өзенінің оң жағалауындағы плацдармды кеңейту туралы тапсырма алады. Осы қиян-кескі шайқастарда қазақ жауынгері фашистермен қоян-қолтық ұрысқа түсіп, он неміс солдатын өлтіреді, үшеуін тұтқындайды. Бұл ерлігі орденге лайық деп тапқан полк командирі подполковник Мухин наградаға ұсынады. Ал 24 желтоқсан күні Бекен Тұматаевты «Қызыл жұлдыз» орденімен марапаттау туралы бұйрық шығады.
Еуропаны көктей өтіп, жау апанына дейін жеткен десантшы қазақ Берлинді алу шайқасына қатысып, омырауына «Берлинді алғаны үшін» медалін тағады. Соғысты старшина шенінде аяқтап, Жеңіспен елге оралады. Бейбіт еңбекке бел шеше араласып кетеді. «Сталин» колхозында бас бухгалтер болып еңбек етеді. Ел құрметіне бөленеді. Қанды қырғыннан аман келген ер, өкінішке қарай, бар болғаны 36 жасында қапыда көз жұмған. Әскери басшылық сыйға тартқан «Виллис» автомашинасымен келе жатқанда апатқа ұшырапты. Жары Күлсін шиеттей сегіз баламен жесір қалады. Бірақ қайсар ананы тағдыр тауқыметі қайыстыра алған жоқ, ұлдары Самет, Сәбит, Дәулет, Асқар, Мұхтарды, қыздары Тұрсын, Секер, Раяны қатарларынан кем қылмай тәрбиелеп-өсірді, қанаттандырды.
— Мен әкем қайтыс болғанда бар болғаны алты айлық бала екенмін. Бірақ әкемнің көзін көргендерден ол кісі туралы көп естідім. Қолы ашық, мәрт адам болған көрінеді. Соғыстан әкелген базарлығының бәрін ауылдастарына, жетім-жесірлерге таратып беріпті. Майданда әкемізбен бірге болған Тынышбай деген ағамыздың айтуынша қолма-қол ұрыстарға тайсалмай шығады екен, «қорықпа, қорықсаң өлім қуып жетеді» дейді екен. Жиырма екі рет жараланыпты. Бірақ жазылар-жазылмастан дәрігерлер рұқсат етпесе қашып кетіп, қаруластарына қосылып, шайқасты жалғастыра берген. Бізді бір қинайтыны әкеміздің осы ерліктерінің елеусіз қалып келе жатқаны. Бәріне кінәлі – әскери қызметінің құпиялылығы. Осы себептен де Тараз қаласындағы «Жеңіс» саябағында ашылған мемориалдық тақтаға аты-жөні жазылмады. Ұйымдастырушылар «бізде дерегі жоқ, қоса алмаймыз», деді. «Әкем Берлинге дейін барған, дәлелдеймін», дедім. Мәскеудегі Қорғаныс министрлігінің архивіне сұрау салдық. Нәтиже болмады. Мәскеудегі таныстарыма өтініш жасауға тура келді. Баширов деген курстасым көмектесті. «Мұқа, дерегі табылды, әкеңіз нағыз батыр болған екен», дегенде әкем тіріліп келгендей қуанғанымды қалай жасырайын. Талай дерекке куә болдық. Әкеміз Будапештті, Варшаваны азат еткені үшін медальдарын былай қойғанда, екі рет Даңқ орденімен наградталған екен. Осы құжаттарды тиісті орындарға көрсетіп, әкеміздің аты-жөнін мемориалдық тақтаға жазғызбақпын, — дейді майдангердің баласы, Жамбыл облыстық балалар ауруханасы жансақтау бөлімшесінің меңгерушісі, «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» Мұхтар Бекенұлы Тұматаев.
Иә, ел басына күн туғанда қолына қару алып, Отан қорғаған ердің есімі де, оның жасаған жанқиярлық ерліктері де ешқашан ұмытылмауы тиіс.

Қуаныш САБЫРҰЛЫ

ПІКІР