Сұхбат

«Қабырғада ілулі тұрған дипломдар адамды танытуға аздық етеді»

Written by Aray2005

«Оқшау ой» айдарының бүгінгі қонағы – белгілі публицист-журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейрамбек Төлепберген

– Мейрамбек Мылтықбайұлы, өмір жолы қашанда сынаққа толы. Бірде қуанамыз, бірде мұңаямыз. Ақ пен қара алмасып, күлкі мен күрсіністің кезектесіп келуін заңдылық деп қабылдайтынымыз бар. Өткен шаққа саяхат жасаған сәтте «әттеген-ай» дейтін тұстарыңыз болды ма?
– Мұны неге білгіңіз келіп тұр? (Күле қарап)
– Өмірлік тағылым-тәрбие үшін…
– Жақсы. Мектепте оқып жүргенімде, 6-сыныпта болу керек, әлде одан кейін бе, әдебиет пәнінің мұғалімі Несіпбек ағай Шардарбеков (қазір ауылдың қазыналы қариясы) тақтаға ақ бормен «Жаныңа жақын өлеңді жаттап ал!» деп бадырайтып жазып қойды. Сол сағаттан бастап бүкіл сынып оқушылары өлең жаттауға бет бұрдық. Әуелі ағайымыз Абайдың «Жасымда ғылым бар деп ескермедім, қолымды мезгілінен кеш сермедім» деп келетін өлмес жырын жаттап алуымызға бар күшін салды. Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін бірінен соң бірін төгілтіп оқитын мұғалім Төлеген Айбергеновтердің ғажап жырларын жас жүректерге жеткізіп, Түгіскен орта мектебінің оқушылары осылайша өлең-жырмен өсіп, бір керемет дәуренді бастан өткерді деп ойлаймын әрі сол балалық шақты сағынамын. Қалай ойлайсыз, тап қазір бүтін сынып, бүкіл мектеп болып өлең-жыр оқитын білім ордасы бар ма?!
Арғы түпкі мәні зор тәрбие ісіне Несіпбек Шардарбеков, сондай-ақ біз айтып отырған мектептің әдебиет пәнінің мұғалімдері Шәрипа Есетова мен Зиякүл Тасыбаева секілді дара ұстаздар тірек бола алған уақыт тағылымы міне, осылай болып келеді.
Бала кезімдегі «әттегенайым» не дейсіз бе, сол әдебиетші мұғалімдердің жеке ұстаздық-шығармашылық дағдысы мен ізденіс жолына тереңірек үңіліп, бойлай алмай қалдық.
Бір білгеніміз, олардың тұла бойы әдебиет мен мәдениетке жаратылып, жандүниесі солай қалыптасып, дамыған асыл жандар екен. Олар балаларды қазақтың лирикасы мен отты өлең-жырларымен тәрбиелеп, ұлт намысына тік тұратын жүректі, иманды азаматтар тәрбиелеуді мұрат тұтқан екен. Мың алғыс!
Қазір не көп, мұғалімдерге берілетін жыл сайынғы түрлі жүлделер мен дипломдардан аяқ алып жүре алмайсыз. Ықылас-ынта туғызу үшін ондай іс-шаралар мен марапаттау керек те шығар, ал бұрындары біз мақтан еткен мұғалімдерде осылай қағазға буылған атақ-марапаттар соншама көп болған жоқ. Олар халықтың жүрегінен орын тапты! Міне, өмірлік абырой!
Біз осы құндылықтардың қадір-қасиетін білуіміз қажет.
Ал енді ересек кезімізде ескермей, елемей қалған екі оқиғаны айтайын. Біріншісі…
1990 жылдары қазақ даласында әртүрлі саяси жағдайлардың себеп-салдарынан ұмыт қалған даңқты ата-бабаларымыздың рухын жаңғырту мақсатымен батыр-билердің мерейтойлары, егеменді елдің еңсесін көтерген думанды салтанаттар көптеп өте бастады. Сондай бір алқалы жиын, ұлы қобызшы Ықылас бабамыздың құрметіне Саудакентте ұйымдастырылып, бұл халықтық тойға Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Мырзатай Жолдасбеков, Ілия Жақанов сияқты кілең марғасқа қайраткерлер қатысқан болатын.
Той кешінде он екі қанатты ақ киіз үйге ұлтымыздың асыл перзенттері жиналды. Сол бір кең дастархан басында ойшыл жазушы Әбіш Кекілбаев орнынан көтеріліп тұрып, Құдай салмасын, мұхиттай шалқып, теңіздей толқи сөйледі. Көркем ой мен сұлу сөзден, керемет теңеулер мен жауһар сөз тіркестері, қазақ тілінің інжу-маржандары аспаннан шұға боп жауды. Демін ішіне тартып, әулие адамның асыл даналығына қайран қалған ақылды адамдар құдды бір әл-Фараби тіріліп келіп, әз Төле, Қазыбек және Әйтеке билер тап ортасына оралғандай әсер алғаны соншалықты, есінен адасқандай қатты аңтарылды әрі шексіз сүйсініп отырды Алаштың ақиығы.
Сөзін аяқтаған тұста қонақтар түгел орнынан тік көтеріліп, қол соқты. Жүректер тулады. Әбіш ағамыз сол қайталанбас ойлары мен маржан сөздерін «Менің асыл ағам, біздің тірегіміз!» деген қарапайым да адал ниетін, разы көңілін Шерағаңа, Шерхан Мұртазаға қаратып айтқан еді.
Қазір сол сөйленген сөздің көбісін ауызша таратып айтқанымыз болмаса, Шерағаның өзі Қазақ мемлекеттік телевизиясының басшысы бола тұрып, таспаға жазып алмағанымызға әлі күнге шейін өкінемін. Қасымызда оператор да, тілші де жүрді. Сол уақытта телевизияда қызмет ететін ақын Тынышбай Рақымов та тойды түсіріп жүрген. Облыстық телевизияның жігіттері де болды. Қайтесіз…
Қонақтар дастархан басынан көтерілейін деп жатқанда Шераға өзінен айнымас бауыры Әбіш ағаға қаратып: «Әбекең, Әбіш – ұлы адам! Сізге рақмет!» деп саңқ етті. Өзіне ғана тән сыр алдырмас мінезіне сай ықылас білдірді. Көңілдің ыстық-суығы сезілмеді. Тек екі көзі от боп жанды.
– Айналайын Шерағам! Шәке, сізге де рақмет! – деді Әбаға інілік мейіріммен. Қос таланттың қанат қаққан құдіреті-ай!
Қызметтік «Вольво» автокөлігіне мінген тұста Шерағам: «Жаңағы Әбіш айтқан сөздерді жазып алдыңдар ма?» деді ақырын ғана жөткірініп. Біз бір-бірімізге қарап қалдық. Ол кісі түсінді. Қалың ой үстінде жасыл түстес тәспісін қолына алды…
Енді 2012 жылы Шерхан Мұртаза ағамыздың 80 жылдық тойы Тараз бен Жуалыда өткен жоқ па? Жамбыл облысының сол кездегі әкімі Қанат Бозымбаев көрнекті мемлекет қайраткері әрі халықтың даңқты перзентінің мерейтойын лайықты атап өту жолында еш аянған жоқ.
Б.Момышұлы ауылында, орталық саябақта той салтанаты дүркіреп өтіп, алыстан келген қонақтарды №1 киіз үйге орналастырды. Ортада – Шерағаң. Оң жағында – Әбіш Кекілбаев, сол жағында Өмірбек Байгелді отырды. Жеңгелеріміз де қасына жайғасты.
Әлгінде облыс әкімі Қ.Бозымбаев: «Дастарханды сіз басқарсаңыз!» деп айтқан-ды.
Бәрі де осында отыр. Мемлекеттік хатшы М.Құл-Мұхаммед, мәдениет министері Д.Мыңбай, сенаторлар мен Мәжіліс депутаттары, әдебиетші ғалымдар…
Алғашқы сөз Халық жазушысы Әбіш Кекілбаевқа берілді. Бұл шақта Әбіш аға да ақырын-ақырын, баяулап жүріп, өзінің маңғаз қалпында таудай боп жүрген-ді.
Сонда… «Шәкең барда мен де бармын. Алдымызда ағамыз жүрсе, артынан біз ілесетін болсақ, халқымызда арман бар ма? Шәкеңді дүниеге әкелген Жуалы топырағына, Әулиеата жерінің алтын құрсақты аналары мен асыл текті аталарымызға мәңгі қарыздармыз!» деп көксеңгір биікке көтерілген жазушының ғаламат қадір-қасиетін төгілтіп, қопарып, термелеп те айтқан ой-жосықтарын есімізде сақталғанша, бірсыпырасын зердеге түйіп алуға тырыстық.
Тағы да бейқамдық. Әбағадан кейін сөз сөйлеген кісілер де жақсы ойлар айтты, әйтсе де ұлы жазушы кемерінен асып кете алмады. «Әбіш ағадан кейін қалай сөйлерімізді білмей қалдық қой!» деді…
Осынау сұңғыла сағаттар тарих еншісіне сүңгіп бара жатты.
Сыртқа атылып шыққан сенатор, академик Ғарифолла Есім: «Қап, әттеген-ай, Әбекеңнің сөзін телевизияға жазып алу керек еді. Әбекеңдей шешен, данагөйді, оның Шераға туралы ауызша айтқанын енді жүз жылда да ести алмаймыз!» деді. Аз-маз көңіл-күйі толқи-толқи үн қатты. Тұтас дәуірде қазақтың жүрегіне орныққан тұлғалардың ағынан жарылғанын естіп, көру де қазақ жанының киесі мен иесін бойлай тану екенін еске салғаны еді философ-ғалымның…
Біз де осы сәтті көрер көзге жіберіп алғаны­мызға өкінеміз. Жазу бір басқа, ағыл-тегіл айтудың әлемі бір басқа ғой. «Әттеген-ай» дүниелер осы.
Журналист қаламгердің әрбір тосын сәтке, әрбір қайталана бермейтін кездесулер мен оқиғаға зерде биігінен қырағы болуы өте маңызды.
– «Ер туған жеріне» деген сөз бар. Сіздің Түгіскеннің топырағынан түлеп ұшқаныңызды мұқым қазақ біледі. «Сағасында Таластың бір ауыл бар» деп туған жерге толғанысыңызды тұтас жинақ қылып ұсындыңыз. Дегенмен қызмет барысымен ауылдан алыстап кеткен жоқсыз ба? Кіндік қаныңыз тамған мекенге қаншалықты жиі ат басын бұрып тұрасыз?
– «Әркімнің туған жері өзіне Мысыр шаһары» деген сөз әдетте бекер айтылмаған. Біздің Жамбылға, туған өлкеме келіп, қызмет етіп жүргенімізге де он жыл толды.
Жақында жекеменшік «77 TV» телеарнасының «Туған жер» деген хабарында «Мен Тараз қаласының «Әулиеата» халықаралық әуежайынан түсіп, Тәуке хан көшесіне бұрылған кезде «Мен Жамбылдың ұрпағымын» деген жазуы бар, қолына домбырасын ұстап, ұлттық киім киген қазақ баласының құстай ұшып жүгіріп келе жатқан суреті басылған билбордты көрген сайын, жүрегім лүпілдеп, туған жерге деген сағынышым қатты толқытады» деп айтқаным бар.
Солай. Кіндік қаны тамған, ата-бабасының ұлы атамекенін сүймейтін жан жоқ шығар. Бізде ел қатарлы туған ауылымызды жанымыздай жақсы көріп, сағынып тұрамыз. Ауылдан алыстап кеткен де емеспіз.
Қолымыздан келгенінше көмектесіп, жақсылығын көріп, ел мен жер, адал еңбек жайында әңгімемізді айтудан да жалыққан кезіміз жоқ.
Шүкір, Түгіскен ауылы – өңірдегі ең ірі әрі байырғы қазақ ауылы. Әу бастан-ақ ынтымағы мен берекесі жарасып, ұжымдық еңбегімен даңқы алысқа кеткен шаруашылық болған. Біз бейнетті еңбегімен игіліктер мен байлық-дәулетті жасаған аға ұрпақ өкілдерін мақтан етеміз. Сонау 1970 жылдары қазақстандық қой өсірушілердің республикалық тұңғыш құрылтайында «Түгіскен» кеңшарының директоры Сейітжан Тасыбаевтың биік мінберден сөз сөйлеуі бекер емес шығар. Одан бері арада талай уақыт өтті. Түгіскен әлі сол мәртебелі биігінде келеді.
Қазір ауылдың барлық көшесіне асфальт тас төселген. Көгілдір газ отыны тартылған. Әлеумет­тік-тұрмыс жағдайы бақуатты. Түн мезгілін­де электр шамдары көшелер бойында жарқырап тұр.
Талас пен Аса өзені орап ағатын аялы атамекеннің топонимикасына көз жүгіртсеңіз табиғатына тәнті боласыз. Құмдауыт жер, қалың жыңғыл-шеңгел, жиде тоғайы бар. Астаукөл, Үшарал, Майлыкөл, Досбол, Манас, Қарағұл, Ащыкөл, Ақсай жайлауы атаулары бәрін де аңғартып тұр.
Соның 1994 жылы сіз айтып отырған деректі кітапты жазғанбыз. Алғашқы тырнақалды туындым еді. 2000 жылдары Мақұлбек Рысдәулет «Ақ жол» газетінде бас редактор болып жүргенінде Алматыдан «Менің ауылым» деген дестелі эссе жазып жариялаған кезім де ойыма оралып отыр.
XIX ғасырда қайым айтыстың негізін қалаған Ұлбике Жанкелдіқызы туралы, XVIII ғасырда ел даңқын шығарған Саңырық Тоқтыбайұлының қайталанбас тарихи ерліктері (бұл батыр қазақ жазушыларының 5 тарихи романының бас кейіпкерлерінің қатарында суреттеледі) жайында жеке кітап жаздық.
Халық аузында «Төрт ақын» деп аталатын төрт бірдей (XVII-XIX ғасырларда өмір сүрген) әулие, батырлар тарихын іздестіріп, қолда бар дерек-дәйектер негізінде зерттеу мақалаларым да осы өңір мен ата-баба мұраларын қөздің қарашығындай сақтауға жәрдемдесті ғой деп ойлаймын.
Амандық болса, бұл орайда перзенттік парызымызды адал атқару азаматтық тірліктеріміз арқылы жалғасын табар.
Ал енді жас ұрпақтың санасына туған жердің қадір-қасиетін тереңірек сіңіріп, ұлағатты тәрбие жұмысын жүйелі жолға қою қай заманда да өзекті. Өткен тарихын білмей өскен ұрпақ қандай болмақ? Өзін-өзі өзекке тепкеннен сақтасын. Мысалы, мен өзім өскен Сарысу ауданының арғы-бергі тарихында тағдырлы кезеңдері аз болмаған, сонымен бірге дархан дала төсін байлыққа кенелту үшін өмірін қиған, ғұмырын сарп еткен асыл жандар мен бейбіт еңбектің қаһармандары да жүздеп саналады. Бәрінен де бұрын дана ақыл-ойымен, ерекше жаратылған күш-жігерімен ел басқарған, көштің түзу болуына тірек-дем берушісі болған аузы дуалы, халықтың сенімінен шыққан дара азаматтар туралы бөліп жарып айтуға тура келеді. Қалың қауымның мүддесі жолында қасқайтып шындықты айтып, шынайы жанашыр әрі баршаға қамқор болған тұлғаларды өмірбаяндық деректер тұрғысында емес, олардың жан-дүниесіне үңілу аса қажет. Егер аға ұрпақтардан кейін сабақтастық дәстүр жалғасын таппасақ, ұлттық жадыда ұмыт қалуы мүмкін. Бұл тәрбие жұмысында маңызды мәселе.
Біз журналистік қызығушылықпен ауданның тарихын түгендеп жазуға тырысқан тәп-тәуір жинақтарды оқып, танысқанбыз. Әйтсе де айтып отырмыз ғой, тірілердің ізін жаңғыртатын дүниелер керек. Бірде ашылып, бірде жабылып, сарсаңға түскен Сарысу ауданының қалыптасуына зор еңбек сіңірген Ұзақбай Сыздықбаевтың адами ізгіліктері мен кадрларды тәрбиелеп шығарудағы ерен қолтаңбасын жұрт аңызға бергісіз сүйіспеншілікпен айтады. Ірілердің інісі десең інісі, қайсар рухты тарланбоз десең, тарланбоз, аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметін ұзақ жылдар бойы мінсіз атқарған Қырықбай Асанов деген мықты адам болғанын бүгінгі жастар біле ме? Білмесе, білуі керек-ақ. Бірі ауылдың өмірін жайнатып, бірі шаруашылықтардың бағын ашқан Сейітжан Тасыбаев, Ақатай Ақбаев сияқты директорлардың күн-түн демей жұмыс істеген айрықша еңбектерін тек цифрлармен тізбелемей, олардың азаматтық портреттерін ұтымды көрсете алдық па? Сіз естіген боларсыз, бәлкім, ауданда білім саласын басқарған Жақсылық Бозжігітов, бас мал дәрігері Әмірхан Мәуленқұлов деген аймаңдай азаматтардың батыл іс қимылы мен аузы дуалы, әділетті әлеуметтік тұлғалары ел жұртқа ес пен сес әрі айбын тәрізді сезілген. Сондай кісілерге қиналған жандар арқа сүйеген. «Мына Байқадам – Саудакенттің аудан орталығы статусынан айырылған тұста көрші аудандағыдай қирап, бүлінбей сақталып қалғаны – Бозжігітовтердің арқасы» деп айтылатын сөзге талай мәрте куә болдық.
Айтқандай, көзі тірісінде алыс-жақын жерге шапқылап, аудан музейін керекті экспонат-дүниелерді жинастырып, ашқан қарт журналист Төкен Мақашов тәрізді адамдардың қоғамға сіңірген еңбегін әділ бағалаған ел-жұрты сол музейге Мақашевтің есімін беруі де мәдениетті тірліктердің көрінісі. Рухани-мәдени қазынаға бас-көз болу ерекше тамсанатын еңбек. Көкірек көзінен алынған деректердің ақиқаты да адалдыққа жетелейді.
Әрбір адам өз құндылығы өз тағдыры екенін оң ойлауы керек. Жақсы адамдар қай заманда болмасын қоғам құндылықтары үшін уақыт табады. Ал кейінгі толқын сондай өнегелі адамдар туралы көбірек білсе, өздері де саналы өмірінде абыройлы болуға ұмтылады. Жақсылар мен жайсаңдарды ұлықтау – өмірлік парыз.
Ақылды әрі ұлттың көшбасшысы азаматтарының абыройын сақтап қалу қадамдары қазақтың әлеуметтік жады мектебін өшірмеуге орасан септігін тигізеді. Кешегі игіліктерді бүгінгі ұрпаққа табыстап отыру керек.
– Журналистика жолында жемісті еңбек еттіңіз. Кімнен үлгі алдыңыз? Өзіңіздің ізіңізден ерген бүгінгі жас буынға көңіліңіз тола ма?
– Бұл жан-жақты талқылауды қажет ететін тақырып. Журналистика да түрлі қоғамдық-рухани өзгерістер жолында.
Иә, көп нәрсе өзгеріп кетті. Ақпараттық саясат заманына қарай түрленді. Алайда, журналистер қызметінде мұрат тұтқан құндылықтар сақталып қалады. Журналистер оқиғалар ортасында жүр, әрдайым алдыңғы шептен табыла білетін алғырлық қасиеттері аса бағалы. Қазіргі цифрландыру бағытында қандай қарымдылық танытуымыз қажет, бұл жағы да толассыз ізденістерге тәуелді.
Ертеде «Газет – бір күндік, сөзі – мың күндік» деп айтушы едік. Қызықты әрі азапты газет өміршең деп білеміз. Телевизия бағдарламасына қарасаң барлық телеарна «Әмбебап қағидатпен» жұмыс істей бастады. Бәрінде де ресми хабар, белгілі тақырыпта ток-шоу, спорт ойындарынан репортаж, концерттер мен әзілкештер шығарылымы бірден көзге түсті. Бәлкім, бұл шығармашылық бәсекені де қыздыратын болар. Таңдау көрермендердің талғамына байланысты.
Қолымызда жүрген телефондар да ақпараттық саясатқа қатысты өз міндетін әлеуметтік желіде қат-қабат атқаруда. Тек журналистер мен блогерлер қызметінен тиімді жақтары мен материалдарының мазмұндық-идеялық санатына қарай өз бағасын бергеніміз жөн.
Газет жұмысында авторлар құрамына байланысты мәселе бар. Бұл арада авторларға қаламақы төлеу жайында әлі де болса ойласуымыз қажет.
Ал қазір көрнекті журналист, менің досым Қайнар Олжайдың жас қаламгерлер үшін білім-біліктілік сабағы өте тартымды. Әлеуметтік желі арқылы сабақ өткізудің өзі ғажап жаңалық емес пе? Сондықтан да білімді, сөз қадірін білетін, әдебиетті терең түйсінетін, мейлінше алғыр журналистер шоғыры жарқырап шығатынына сенімім зор.
Тек бір ғана айтарым: Шығармашылық ұжымның қадір-қасиетін арттырып, абыройын асыру бір ауыз артық сөз келтірмеуден басталатын ортақ әріптестік-әлеуметтік жауапкершілік бар екенін терең сезіну қажет. Себебі, журналист қауымның қоғам дамуына қосатын үлесі көп. «Кімнен үлгі алдыңыз?» деген сұрағыңызға айтарым, мен журналистикада нағыз ұстаздарға кез болғанымды әрдайым құрметпен атап айтамын. Солардың төрінде, әрине, Шераға – Шерхан Мұртаза тұрады! Жолдасхан Бозымбеков, Ержұман Смайыл «кілең асыл адамдар» еді.
– Баспасөз саласымен қатар мемлекеттік қызметте, кәсіподақтар бірлестігінде тер төктіңіз. Халық қалаулысы ретінде қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрсіз. Егер мүмкіндік туса тағы қандай салаға тыңнан түрен салар едіңіз?
– Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай» трагедиясында «Мансаппен адам қасиет таппайды, адаммен мансап қасиет табады» деп айтылатын жері бар.
Бұл ақылды сөздің мән-мағынасын өмірдің өзінен-ақ түсінетін боласың. Қандай жұмыста болмасын, бір кісідей адал әрі жақсы қызмет етуге тырыстық.
Адал пейілің болса, сол негізгі жауапкершілік, ал басты байлығыңның бірі – сенімді жоғалтып алсаң, онда ешбір алға жылжу болмайды.
Қазақ айтпайды ма, «Аспанда – Құдай, Жерде – ар-ұят бар екенін ұмытпа!» деп.
Өкінішке қарай, ар-ұятты қу дүниеге айырбастап жіберетіндер жоқ емес, бар.
Біз Жамбыл облысы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалған уақытта «Егемен Қазақстан» газетінің басшысы, ұстазым Ержұман Смайыл арнайы құттықтау хат жазып жіберіпті. Сол хатта «Идеологиялық-саяси жұмыс өте жауапты іс. Бұл тұрғыда қазақ қоғамына үлгі-өнеге болған Темірбек Жүргенов, Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібеков сияқты ағаларың салған жолмен жүрсең, еш адаспайсың. Адалдық және айбынды болу – ең ізгі ұстанымың болуы керек!» деген жолдар бар.
Жақсылардың жолымен жүру де пешенеңе жазылу керек.
Қоғамнан өз ортаңды табу да аса мәнді жұмыс. Өз ой-көзқарасыңыз, мақсат-міндетіңіз, мінезіңіз, даңқыңыз бар, осының бәрі бір арнаға құйылып, тұтас болмысыңыз пайда болады.
Адам мен адамды тағдыр қосады, мүдделер де біріктіреді. Жарасымды достық та жолын табады.
Тағдыр мені кілең жақсы адамдармен жолықтырды. Алладан әрбір пенде сұрайтын ақ-адал жол осы.
«Адамға бір дос керек» деп жатады. Бұл ет-бауырыңды елжіретіп, ерекше күйге бөлейтін ән ырғағымен айтылғанда тіптен әсері керемет.
Менің достарым көп. Елордада тұратын белгілі қайраткер азамат Жақсыбек Құлекеевпен сырлас дос болу бақыты бұйырды. Жақаңмен білім, ғылым, әлем құбылыстары жайын сағаттап отырып ой бөлісу – академия сабағынан ешбір кем емес. Осы Таразда профессор Сағат Мырзашев, баршаға танымал қайраткер Батырбек Құлекеев, дәрігер Өмірхан Байдарбеков сияқты ауылдас ағаларымыз бар, академик хирург Сейтхан Жошыбаев, профессор, дәрігер Сағындық Ордабеков, мәдениет майталманы Әлібек Әмзеұлы, атақты фермер Жигули Дайрабаев, жас толқынның жампозы Ғалымжан Сағынтаев секілді замандас аға-інілеріммен қоян-қолтық араласып, әңгіме-дүкен құруды, ой-көзқарастарымызды ортаға салуды белгілі бір деңгейде мәдени ортаның қалыптасу мектебіндей сезінемін. Осы жігіттердің бәрі де өңірдегі қоғамдық ой-сананың ықпалды көш бастаушылары деп білемін. Бір ғана Қырғызәлі Тілеуов тәрізді білімдар азаматпен жақын жолдас болудың жөні бөлек. Әрбір сөзіне сергек, ыждаһатты ойы сізді тек алға жетелейді. Әсіресе, зердесі мен жадына таңғаласың.
Жаныма жақын, рухани серіктес ақын-жазушы, журналистер өз алдына бір төбе.
Ал, елімізге әйгілі тұлға, Қазақстанның Еңбек Ері, «Қазфосфат» ЖШС-ның Бас директоры Мұқаш Ескендіровпен өмірдің өзі жолдас етті. Бұл адамның ішкі мәдениеті мен өмірлік ұстанымдары өзгеге қарағанда биік өлшемдерімен бөлектеніп тұрады. Жаратылысы жанына кез келген адамды жақындата бермейді. Ешкімді қинап өзіңді жақсы көргізе алмайсың. Алайда, алып кәсіпорындарды басқаратын азаматқа рухани-әдеби әңгімелердің ұнамауы мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес. Көп кітап оқитын адамдардың жаны нәзік, терең түсінік иесі болатыны хақ. Осы бір дәулетті жігіт үшін өмірде қолда не бары емес, қасыңда кімнің болғаны маңызды деген қағиданың құндылығы аса қастерлі!
Мұқаңның меценаттық қызметі, жомарттық мейірімділігі, жолдастыққа адалдығы, ірі тұлғалық үні, батыл кісілігі өңірдегі ең ықпалды қоғамдық серке, көшбасшы азамат екеніне тірек болып отыр.
Ел мен жерді, Тараз қаласын шексіз сүйіп, қызмет етуге даяр тұлғаларды бек Мұқаңдарға қарап тәрбиелеу жұмысын айтсақ, ол – халықтық дәстүр әрі саяси мәдениеттің үлгісі. Осы заманның кәдімгі батыр ұлы қасымызда жүр.
Жамбыл жерінде Т.Рысқұлов, Б.Момышұлы, Ш.Мұртаза тәрізді ұлылардың ұлағатын сезіну саналы адамды тек жақсылықтарға үндеуі тиіс. Біз жалпы емес, жекелеген тұлғалар арқылы өзімізді танитын боламыз.
Сіз мемлекеттік қызметте ме, әлде ақпарат саласында еңбек етесіз бе, өзіңіздің қарым-қабілетіңізді көрсетуге берілген мүмкіндік қарап, орынтағыңыздың кісі қызығатын қадір-қасиетін бағалай алсаңыз болғаны.
– «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» дейді һакім Абай. Сіз күш-қуатты қайдан аласыз?
– Сіздің айналаңызда жақсы адамдар болса, жүрек қуатыңыз да артады.
Күнбе-күнгі өмірде алға қойған мақсатыңыз бар, жұмыс жоспарын жасап, армандап жүрген нәрсеңізді орындауға ұмтылудың өзі толыққанды өмір сүрудің тура жолы. Саған демеу – тірек болатын отбасыңыздың, жан-жарыңыз бен бала-шағаңыздың қолдауы, ағайын-туыс, дос-жолдас, құда-жекжаттардың қамқор көңілі де күш беріп, биікке көтереді. «Адам өзімен-өзі дос болу керек» деп бекер айтпаса керек. Істің жайын білетін адамдардың жолымен жүру – бұл ең ізгі жол.
– «Елдік елге байланысты» атты форумда той мәдениеті туралы тұшымды ойлар айттыңыз. Қалай ойлайсыз, той ұйымдастыру тәртібіне өзгеріс енгізу қажет пе?
– Той мәдениеті әр адамның өзін-өзі сыйлауы мен қоғамдағы жауапкершілігіне, парасат-пайымына қарай қалыптасады.
Ия, той – халық қазынасы дейміз. Өкінішке қарай, біздің тойлар мақтангерлік пен даңғазалықтың, ысырапшылдық пен дарақылықтың шеңберіне кірігіп кетіп, көп жағдайда теріс пікір туғызғаны белгілі. Қоғам дамуы ғылым мен білімге байланысты, ғұлама жандарға тәуелді екенін естен шығарып алған жоқпыз ба? Адам өмірін сақтап қалу үшін бірден-бір күресетін мамандық иелерінен гөрі жылтырақ дүниеге таңырқап, фонограммамен ән шырқайтын «әнші-әртістерді» пір тұту, жұрттың баласы тек осындай жалған өнерімен мал тапқыш, танымал болуға әуестеніп кеткен жоқ па еді?..
Бұл той мәдениеті туралы ұзақ айтуға болады. Оң мен солын. Біздің адамдар қазіргі белгілі жағдайдан соң өзгереді, талап пен талғам да етек-жеңін жинайды деп ойлаймын.
– Идеология төңірегінде пәлсапа соғатындар көп бүгінде. Айтыңызшы, нағыз идеологтар қандай болу керек?
– Тегінде, идея болмаса, қоғам дамымайды.
Өркениетті даму жолы өміріміздің оң өзгерістеріне қарай бейімделіп өмір сүруді қажет етеді. Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде сөйлеген сөзінде мемлекеттің алдында тұрған міндеттерді, білім мен ғылым, медицина саласын күрт жаңарту, жалпы әлеуметтік дамудың ең өзекті мәселелерін қадап-қадап айтып берді.
Қоғамдық ой-сананы дамытудың идеологиясы сапалы жұмыс істейтін халықтың көкейінде жүрген іргелі міндеттерді сөзсіз орындайтын әрі орындата алатын талантты кадрлардың ұлттық және мемлекеттік ақыл-ойына және тікелей азаматтық жауапкершілігіне байланысты екені даусыз. «Отаныңды сатпа, тіліңді сақта!» деген ата-баба аманаты – мәңгілік идеология. Осы арада «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру стратегиялық мәні зор идеология екенін естен шығармауымыз керек.
Біздің өңірдің зиялы адамдары, идеология қызметкерінің әрбірі өзінің азаматтық ұстанымы ортақ әлеуметтік жауапкершілікке негізделгенін және белсенді қызметімен, адал пейілімен, мемлекетшіл, елдік жанашыр парасатымен дәлелдеуі керек. Қоғамдық бақылау нағыз ықпалды әрекет болмақ.
– Әлеуметтің әлеуетін арттыру – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Дейтұрғанмен түйіні тарқатылмаған түйткілдер әлі де көп. Азамат ретінде сізді қоғамда қандай мәселелер толғандырады?
– Адамдар әртүрлі. Бірақ мемлекеттік тәртіп пен қоғамдық тазалықты сақтауда біз бәріміз бірдейміз. Ешкімге бұл жерде кеңдік болмауы тиіс.
Бұл ұсақ нәрсе емес, ұлтымыздың абыройлы өміріне өте-мөте қажет.
Кейде өзінің шағын бизнесін тәп-тәуір дөңгелетіп үлгерген жас азаматтардың қызмет бөлмесі ме, кабинетіне бас сұқсаңыз, ішкі қабырғасында жамырата іліп қойған мақтау қағаздары мен марапаттарынан көз сүрінетінін байқайсыз. Еңбектерінің аталып өткенін көрсеткісі келген де шығар, жаңа заманның көрнекі насихаты да болар. Алайда, қабырғада ілулі тұрған дипломдар адамды танытуға (бәлкім, адамды адам етуге) аздық етеді. Ол жақсы адам ба? Қоғам дамуына қосқан үлесі қандай? Сол әйтеуір алған дипломдар әлдеқандай әуестіктен, мақтангерліктен, түрлі ұйымдарға жарна төлеп, сатып алған басы артық дүние емес деп айта аласыз ба?..
Жаңа заманды жасайтын мемлекет пен қоғамды ілгерілетуге саяси, елдік білім-біліктілігі толысқан, жүрегі де, қолы да таза, ойлау көкжиегі кең, жаңашыл, батыл да батыр, мықты талантты адамдар қажет болып отыр. Бұл өміршең мәселе барынша ашық қойылып отыр. Жамбыл жері де таланттарға еш кенде болған емес. Бір-екі мысал келтіре кетейік. Мына қиян түкпірдегі Досбол ауылында шағын орта мектепте оқыған Дәулет Шәлібеков деген бала бұл күндері АҚШ-тың Техас штатында адам ғұмырын ұзарту ғылымымен айналысып жүрген талантты ғалым болды. Ұлыбританияда, Үндістанда оқыған, Назарбаев университетінде сабақ берген. Қарапайым кісілердің баласы, әке-шешесін жақсы танимын. Ал, Тараз лицейінің түлегі Қайрат Әшім болса, конкурс арқылы АҚШ-та технологиялар институтын бітіріп, бұл күндері Ұлыбританияда ірі компанияның бірінде абыройлы жұмыс істейді деп естимін. Бұл жігіт туралы телевизияда арнайы хабар түсіргеніміз бар. Көрдіңіз бе? Сондықтан мемлекеттік қызметке жастарды көбірек тартып тәрбиелеуді мықтап қолға алуымыз қажет. Жақында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жергілікті кадр дайындауға қатысты мәселені жүйелі жүргізу қажеттігіне ерекше назар аударды. Жас мамандарды іріктеп, даярлау бір күннің еншісіндегі мәселе емес. Ең әуелі олардың өсу жолын ашуымыз керек.
Жиырма шақты адамды лауазымды қызметке қайта-қайта қонжита берудің не қажеті бар, шын мәнінде?..
– Сөз соңында алға қойған мақсатыңыз туралы білсек.
– Ел ішінде жүрміз. Ежелгі Тараз – ел шежіресі екенін мақтан етеміз.
Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан Тараздың тарихы ұрпақ үшін тағылым аларлық. Сонау алтыншы ғасырда аты әлемге әйгілі болған Таразда Түрік қағаны 568 жылы Византиядан Юстиан І елшісі Земархты қабылдапты деседі. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде Көкбазардың ортасынан алты метр тереңдікте бір бетінде дулыға киіп, найза мен қалқан ұстаған император, екінші бетінде крест ұстаған жеңіс атаулының символы әйел – Құдай бейнеленген Юстиан І алтын түсінің табылуы ғылымдағы үлкен жаңалық болған. Тараздың ежелгі Түркістаннан да жасы үлкен екендігі дәлелденген.
Осы тарихи мәні мен бағасы айрықша экспонат республика Мәдениет министрлігіне қарасты «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музейінің қорында сақтаулы.
Күн айналасы күңгірт болмас, Тараздың байырғы тарихындағы бойтұмар экспонат жәдігерді қалың жұртшылық қызықтап көруге көптеп келетініне дау жоқ. Алайда туристер үшін де адамзаттың қымбат жәдігері тек қоймада сақтаулы тұр. Сондай-ақ көмбеден табылған 90-ға жуық алтын, күміс заттар да музейде тұрған жоқ дейді. Бұл дұрыс па? Әрине, дұрыс емес. Ашық аспан астындағы Музей жұмысын біздің министрлік өз деңгейінде жүргізуі тиіс деп ойлаймыз.
Ойды – ой қозғайды. Тараз қаласы жайында жазылған өлең-жырлардың авторлары мен оқырмандардың көркем оқуларын өткізуді дәстүрге айналдыратын уақыт жеткен сияқты. Үзіп-жұлқымай «Жамбылым – бақ қалам, Жамбылым – шат қалам!» деп жырлағандай, қала өмірінде «Тараз – жыр төрінде» деп пе, әдемі атын табуға болады, жыр кешін ең қызықты, бүкіл халық тыңдайтын өнер мерекесіне ұластыруға болар еді.
Жолым жиі түсетін Алматыға – Алатауға барсам, ұлы шайырлар Тұманбай Молдағалиев пен Қадыр-Мырза Әлінің Тараз, Әулиеата – Жамбыл туралы жырларын, туған жерім Таразда – Қаратауда қазақ поэзиясының жүйрігі Күләш Ахметова мен Нарша Қашағанұлының жүрек толқытып, жандүниеңді тербететін Тараз толғауларын оқып, жаттай бергім келеді. Жап-жас жамбылдық ақын Нұржан Қадірәлінің
«Текті Тараз, тақтан биік топырағың,
Бақтан қымбат, оттан ыстық әр таңың.
Іргетасы ар-намыспен қаланған,
Күмбезімен Құдай сүйген шаһарым!» деген өлең жолдарын да Тараз төріне қашап жазып қояр ма еді деп те ойлаймын.
Біз де «Алдыңда жүрген ағаның етегін баспа, жолын қу, артыңнан ерген ініңнің бетінен қақпа белін бу» деген қағиданы бағдаршам еткен адамның біріміз. Сондықтан да болар, ел басқару ісіне де араластық, көп жыл журналистикада келеміз, ұжым басшысы да болдық, ел жұртқа аз-маз айтарымыз да бар. Оның бірсыпырасын бүгін екеуміз айтқан тәріздіміз.
– Мазмұнды әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Тұрсынбек Сұлтанбеков

ПІКІР