"Сырғалым"

Қадамы құтты қауымдастық

Отбасының ырысын арттырып, берекесін кіргізетін әйелді халқымыз қашанда құрметтен кенде еткен емес. Сонау ықылым заманнан бабаларымыз шаңырақтың бақыты мен баянын нәзік жаратылыс иелерінен іздеп, салт-санамызға осы түсінікпен сабақтас небір қанатты сөздер мен мәні терең философиялық теңеулерді қалыптастырып кеткен. Әрине, ол қанатты сөздер ауызекі айтылып қана қоймай, шынайы өмірде, күнделікті тіршілікте көрініс беріп келген. Бір сәт өткенге көз жүгіртсек, қай қоғамда болсын әйел ошақ қасындағы күйбің тірліктен тысқары ер азаматының сенімді серігі, керек кезде кеңесер, жөн сілтер ақылшысы да бола білген. Бір сөзбен айтқанда, отбасының тәрбиесі, тіпті қоғамның жауапкершілігі – ерлі-зайыптылардың иығына теңдей артылған үлкен міндет. Бүгінде сол міндетті асқан жанашырлықпен атқарып келе жатқан ұйымның бірі – Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы.

Қазір елімізде жұмысын қыз-келіншектер жүргізіп отырған қоғамдық ұйымдар аз емес. Десек те, іскер әйелдер азаматтық институтының жөні бөлек. Бұл ұйымның өкілдіктері еліміздің барлық облысында бар. Биыл құрылғанына 23 жыл толған қауымдастық осы уақыт аралығында іргелі ұйымға айналып, тармақталған филиалдық желісі көпке үлгі көрсетуде.

Сол тармақтың бірі – қоғамдық жауапкершілігі мығым, кәсібилігі жоғары қыз-келіншектердің басын қосқан біздің облыстағы іскер әйелдер қауымдастығы 1997 жылы құрылған. Өздеріне ортасының алды әрі кәсіби де көшбасшы болуды мызғымас мақсат етіп қойған аталған қауымдастықтың облыстағы өкілдері әйелдердің қоғамдағы беделі мен имиджін көтеруге барынша жұмыс істеп келеді.

Бұл жолда қауымдастықтың берік іргетасын қалаған алғашқы жетекшісі Людмила Сушкова, одан кейінгі жаңашылдығымен танылған Жұмакүл Омарова талай тірліктің жүйесін тауып, тынбай еңбектенді. Ал, 2008 жылдан бері тізгінді қолына алған «Мейірім» медициналық орталығының директоры , облыстық мәслихаттың депутаты Гүлдара Нұрымова да бүгінде жауапкершілік жүгін сезіне қауымдастық жұмысына серпін беруде.

– Облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төңірегіне өңірдің сан саласында белсенділік танытып, өз кәсібінің көрігін қыздырып жүрген 300-ден астам қыз-келіншек топтасқан. Тоғыз бағыт бойынша ортақ мүддеге жұдырықтай жұмылған олардың секциялық көшбасшылары да осал емес, өз ортасынан оза шапқан жандар. Оған қоса облыстық қауымдастық елімізде алғашқы болып он ауданнан өз өкілдіктерін ашты.

Қауымдастықтың түпкілікті мақсат-мүддесіне келетін болсақ, ұйым тек қана іскер әйелдердің басын құрап, жиын-кездесулер өткізумен шектелмейді. Құрылғалы бері әйелдің қоғамдағы рөлін арттырып, құқықтарын қорғау бағытында талай жобаны жүзеге асырып келеміз. «Ел анасы» кеңесі арқылы да отбасы құндылықтарын құрметтеп, бала тәрбиесіне де көп көңіл бөлінуде. Кеңеске бүгінде облыстың Құрметті азаматы Лидия Ахметова жетекшілік етеді, – дейді облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Г.Нұрымова.

2011 жылы құрылған саясаткер әйелдер клубы мен әйелдердің саяси көшбасшылық мектебі де өз алдарына көп міндет қойып, үлкен істерге ұйытқы болуда. Әлеуметтік мәселелер шеңберінде әркез қолға алынған «Ашық жүрекпен», «Ана мен баланың 20 сквері», «Бар жақсылық балаларға», «Армандарды орындау» сынды түрлі акция бойынша жүздеген жандардың жүрегіне жылулық сыйлап жүр. Қысқасы, қыз-келіншектерге қолдау білдіріп, консультациялық кеңес беріп қана қоймай, қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті де барынша сезіне жұмыс істеп жүрген қауымдастықтың бүгінгі беделіне Гүлдара Алданышқызы да бір кісідей үлес қосып отыр. Қайырымдылық жәрмеңкелері соңғы жылдары жұртшылықтан үлкен қолдау тауып, танымалдылығы арта түсті. Оған қауымдастық мүшелері мен кәсіпкерлерді, депутаттарды, банк, мемлекеттік қызмет өкілдерін, сондай-ақ, мұқтаж жандарға қолы ашық кез келген азаматты тартып, үйлестіру жұмыстарын жүйелей білген Г.Нұрымованың әлі талай ізгі істердің ұйытқысы бола беретініне сенімдіміз. Балаларды бақытқа бөлеген бір ғана «Армандарды орындау» акциясы бүгінде тұрмыс тауқыметін тартып отырған, көпбалалы отбасылардан шыққан 2500 балаға шаттық сыйлап үлгеріпті.

Алдағы сәуір айынан Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауқымды шаралар өткізуді бастағалы отырған қауымдастық жұмысына тек сәттілік тілейміз.

Жасұлан Сейілханов

ПІКІР