Астанаға 20 жыл

Қадамы құтты құрдастар

Елордамен бірге 1998 жылы дүниеге келген жастар да бүгінде жиырма жасқа толып отыр. Олар жоғары оқу орындарында оқитын болашақтағы сан саланың білікті мамандары. Ұлы Даланың төріне айналған Астананың төл құрдастары өнерден де кенде емес. Барлығының мақсаты бір, мүддесі ортақ. Оған маржан қаланың мерейтойы қарсаңында Тараз қаласындағы «Достық үйінде» өткен шарада куә болдық.

Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты Тараз жастарының арасында Астананың құрдастары аз емес екен. Салтанатты жиында төбе көрсеткен жастардың барлығы жігерлі, өнерлі, талантты. Қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен шарада заңғар ойлы замандастардың әрқайсысы ізгі лебіздерін айтып, өздерінің әрбір жетістіктерін Астанаға тарту ететіндіктерін жеткізді.

– Астана қаласы жиырма жылдың ішін­­де гүл­деніп, өсіп-өркендеп келеді. Елорданың құрдастары осы уақыт аралығында ат жалын тартып мініп, азаматтық келбетін қалыптастырып үлгерді. Сондықтан да, бүгінгі шараның символикалық мәні зор деп есептеймін. Бас қаланың мерейтойымен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Астана қаласы сияқты асқақтап, биікке өрлей беріңіздер, – дей келе, қалалық жастар ресурстық орталығы ақпараттық-мониторинг секторының меңгерушісі Ержан Дәуренбеков түрлі жарыстар мен байқауларда топ жарып, жеңіске жеткен жиырма жасты Алғыс хатпен марапаттап, сый-сияпат көрсетті. Одан кейін сөз тізгіні Астана құрдастарына берілді.
– Астана – әлемдегі ең жас әрі озық қа­ла­лардың бірі. Астана – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың батыл ойлары мен қажырлы еңбегінің жемісі. «Мәңгілік ел» болудағы көпұлтты халықтың мерейі мен мәртебесі, абыройы мен айғағы. Мен Астана қаласының құрдасы болғанымды мақтан тұтамын, – деді Аружан Өміржанқызы.

Сондай-ақ, кеш барысында айтыскер ақын Дидар Апбасов, тай-құлындай тебіскен талантты жастар Орынбасар Бақытұлы, Мырзатай Медеу, Ілияс Қорғанбай сөз алып, Астанаға арнаған жүрекжарды жырларын оқып, Елорданы әнге қосты.

Нұржан Қадірәлі
Тараз қаласы

ПІКІР