Қадірі асқақ, киесі зор домбыра!

0 5

«Дариға, домбыраңды берші маған» деп мұзбалақ ақын Мұқағали жырлағандай даналығының дариясы кең дархан даланың мәңгілік қазынасы – мәртебелі домбыра. Бүкіл елдің тарихын бір күймен жеткізетін құдірет те сол. Онда елдің мұңы, «тар жол, тайғақ кешкен» тағдыры, өткені мен өшпес өнегесі, арманы мен аманаты, парасаты мен киесі бар. Ұлттық домбыра күнінің күнтізбеден өрнектеле орын табуының өзі де халқымыздың осынау қасиетті аспабына деген риясыз құрметті білдірсе керек.

…Бір боранда, бір жаңбырда
қазақ көшті қырдан-қырға,
Күй де көшті қырдан-қырға,
іздеп бізді – келешекті.
Барлық дала – бір домбыра,
мезгіл қолы шебер шертті, – деп жырлаған марғасқа ақын Жұмекен Нәжімеденов өзінің күй туралы тағы бір жырында:
Қара нар аласұрды – жаны ышқынып,
күрсінте қозғады күй алыс мұңын.
Табар ең бір ұқсастық,
білсең егер,
күй менен жетімдікті салыстырып, – дейді. Расында, бүгінгідей құндылықтар алмасып, ар мен ақша, намыс пен нарық «дуэльге» шыққан алмағайып уақытта күйдің «күйі» болмай, ұмыта бастаған ұрпағына риясыз ренішпен мұңайып қарап тұрған қарияның хәлін елестетіп тұрғандай. Абай Құнанбайұлының «…Жан қуаты әуелден кішкене ғана болады. Ескеріп баққан адам ол қуатын зорайтады, ескерусіз қалса, ол қуаттар жоғалады, не аз-маз нәрсе болмаса, үлкен ешнәрсе жарамайтын болады. Адам ішіп-жеп тән қуатын ғана ойламай, жан қуатын да жетілдіруі үшін қам жеуі керек» деп айтқан тұғырлы тұжырымы бар. Ал адамзаттың жан қуатын арттыратын, халқымыздың сан ғасырлық тұрмыс-тіршілігінен мәлімет беретін, ұлттық мәдениетіміздің деңгейін көрсететін асыл қазыналарымыздың бірі – домбыра.
Бір қарағанда қиял дүниесі болып көрінетін күйлерде халықтың тарихы, наным-сенімі, дүниетанымы туралы қаншама құнды мәлімет бар. Оның түп негізін жіті қараған адамға ашылатын терең мағына, құпия сыр мен астарлы әлем жатыр. Халықтың рухын көтеріп, тіліміз бен ділімізді сақтап қалуға көмектесетін құралдардың бірегейі – ата-бабаларымыз мирас еткен мәдени игіліктер. Жас ұрпақты өз елінің патриоты етіп тәрбиелеп шығару жолында ұлттық құндылықтардың алар орны орасан екені айдай анық.
Бүгінгі буынның алдында домбырадай асқақ мұраларымызды жастардың санасына сіңіртудің жаңаша жолдарын табу міндеттері тұр. Осы тұста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты маңызды мақаласында «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» турасында ой орағытып: «Бұл жоба аясында бізге «Дала фольклорының антологиясын» жасау керек… Қазақтың қобыз, домбыра, сыбызғы, сазсырнай және басқа да дәстүрлі музыкалық аспаптарымен орындауға арналған маңызды туындылар топтамасын – «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын басып шығару қажет. Ұлы Даланың фольклоры мен әуендері заманауи цифрлық форматта «жаңа тыныс» алуға тиіс.
Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін көшпенділердің бай мұрасын жүйелеуге қабілетті ғана емес, сондай-ақ оның өзектілігін арттыра алатын отандық және шетелдік кәсіби мамандарды тарту маңызды. Біздің мәдениетіміздің негізгі сюжеттерінде, кейіпкерлері мен сарындарында шекара болмайды, сол себепті оны жүйелі зерттеп, бүкіл Орталық Еуразия кеңістігі мен барша әлемде дәріптеуге тиіспіз. Ауызша және музыкалық дәстүрді жаңғырту қазіргі заманғы аудиторияға жақын әрі түсінікті форматта болуы керек… Сонымен қатар фольклорлық дәстүрдің ортақ тарихи негіздерін іздеу үшін Қазақстанның түрлі өңірлері мен өзге елдерге бірнеше іздеу-зерттеу экспедицияларын ұйымдастыру қажет», деп өрелі ұсыныс айтқан еді.
Осы ретте Жамбылдың жыр жолбарысы жортқан, Кененнің «Көкшолағы» кезген Әулиеата жерінде Қазақ хандығының қазығы қағылып, тұңғыш туы тіктелген аймағымызда «Көне Тараз күмбірі» атты этно-фольклорлық ән-күйлердің MP3 нұсқаларынан CD жинақ жарыққа шыққан болатын. Осының өзі рухани олжамыз болды десек, артық айтқандық емес.
Онда Әулиеата жерінде туған, еліне күмбір күйлерін тарту еткен Ықылас Дүкенұлы, Кенен Әзірбаев, Әбдімомын Желдібаев, Садыхан Әубәкіров, Мәди Шаутиев, Байсерке Қылышұлы, Тұраш Әбуов, Алтынбек Қоразбаев, Боранқұл Қошмағанбетов, Аман Малдыбаев, Мұқтарбай Рахманқұлов, Ержан Рысметов, Талғат Орынтаев, Асыл Жыңғылбаев, Өмірғали Ертуған, Олжас Байбек және басқа да талант иелерінің мол мұрасы кеңінен жинақталған.
Ұлт мәдениетінің арғы-бергі тарихын зерттеп, жүйелеп, бүгінгі жас ұрпақтың кәдесіне ұсыну үшін жарық көрген күйлердің партитуралар жинағы – музыка мамандары үшін де, ұлттық құндылықтарға рухы суарылып өсіп келе жатқан өскелең ұрпақ үшін де ерекше оқиға. Облыстық халық шығармашылығы орталығы мамандарының мәліметінше, жинақты шығаруға республиканың дарынды композиторлары жұмылдырылды.
Жалпы өңірдегі Айбол Құдайбергеновтің «Көне Тараз күмбірі», Марат Бердіғұловтың «Шахристан», «Әулиеата толғауы», Шолпан Қорғанбектің «Төрткүл түмені», «Қасиетті Тараз», «Батыр Бауыржан», Қуаныш Ахметовтің «Қарахан батыр», Есжан Әміровтың «Айша бибі», Руслан Қойшыбаевтың «Қарахан баба», Тоғжан Жахиннің «Кенен ата ізімен», Қалихан Сапаровтың «Тараз толғауы», Дулат Байзілдаевтың «Ақыртас», Ғибадат Тұрғалиевтің «Тарихи Талас», Мұхтарбай Рахманқұловтың «Аңырақай шайқасы», Әбдімомын Желдібаевтың «Әулиеата», Аман Малдыбаевтың «Көне Тараз» туындылары мұқым елге мәшһүр.
Осы тақылеттес, тек домбыраның үнімен жүрекке жететін күйлер бүгінгі таңда өзінің көркемдік қуатын да, тәрбиелік мәнін де, эстетикалық идеалын да жойған жоқ.
Сондықтан қазыналы аспабымызды тек қана домбыра күні немесе наурыз мерекесінде ғана қолға алмай, өскелең ұрпаққа күнделікті насихаттасақ, одан ұтылмасымыз анық.
Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра.
Нағыз қазақ – қазақ емес, Нағыз қазақ – Домбыра!
Білгің келсе біздің жайды, содан сұра тек қана:
Одан асқан жоқ шежіре, одан асқан жоқ дана! – деп ақын Қадыр Мырза Әлі жырлаған қара домбыраның қадірі қашанда асқақ, киесі зор.
Ол – ұлтымыздың, рухани құндылығымыздың символы. Бабаларымыздың арманын, даламыздың сырын, шежіре – жыр аманатын жеткізе білген қазақтың ұлттық аспабы – домбыра әр қазақ шаңырағынан табыла берсе, ұрпағымыздың ұлттық болмысына сай екендігін байқаймыз. Ендігі атадан қалған асыл, баға жетпес мұрамызды жас ұрпақ өз деңгейінде құрметтеп, қадірлеп, келесі буынға қалдырып отырса нұр үстіне нұр болар еді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.