«Қадірін білмейміз-ау қолдағының…»

0 3

Жақында әлдебір шаруалармен достарымызбен бірге Алматы қаласына жолымыз түсті. Құрақ ұшып қарсы алған алматылық жолдастарымыз әсем шаһарды аралатып, көркімен көзді арбайтын Есік көліне де апарды. Ел аузында жүрген Есік көліне алып-ұшып барғанда асып-тасыған көңілім су сепкендей басылды.

Өкінішке қарай, демалыс орнын аралап жүргенде туған өлкесінің тарихын, табиғатын танып, тамсанып, мақтанып жүрген қазақты көре алмадым. Шынын айтқанда, демалыс орнында жүргендердің бәрі – өзге ұлт өкілдері. Ойландым. Ойға алдым. Қапаландым. Әр қазақ табиғатын, тарихын көзімен көрсе ғана әсерленеді ғой. Менің жерім, менің табиғатым, менің тарихым деп өскен бүгінгі жас ұрпақ ертең рухты болмай ма?! Ұрпақ рухты болса, ұлт болашағы жарқын болады дейтініміз қайда қалды?
Алматыдан оралғаннан кейін де ұзақ уақыт ой құшағында жүрдім. Есік көліндегі көрініс көз алдымнан кетпеді. Жан дүниемді толқытқан ой қолыма қалам алдырып, өлең болып өрілді.

Есік-қақпа. Есік көлім…

Алып таулар құшағыма сыярмысың,
Саған сірә, жетер ме қиял, күшім?!
Суың бал, зәмзәмдай, ауаң жұпар,
Тәңірім мұндайды да қиярмысың.

Таңғалам көріп бәрін мұндағының,
Қасымда бірге жүрші, сен-дағы інім.
Қарашы, мынау ғажап сұлулыққа,
Қадірін білмейміз-ау қолдағының.

Мынау маңғаз тауларым – Есік-қақпа,
Бір самал есіп өтті, сезім басқа.
Менің бабам күнестен Күн қараған,
Сезінбей сен осыны есік қақпа.

Қарай бер, тамсана бер, аңғал досым,
Өзіме сенбей тұрмын мен-дағы өзім.
Көріп пе ең көлді бұрын мұндай сұлу,
Екеумізге бұл сірә, болды-ау тосын.

Қимайды екем көлімді, Есігімді,
Берші маған аз ғана несібімді.
Жырлап сені кетейін шабыттана,
Көтерші көңілімді осы күнгі.

Қимай міне, барамын Есігімді,
Сынай бердің сен менің төзімімді.
Сақ бабамның сайгезін сайлап алып,
Шіреніп тартсамшы бір шіркін, енді.

Ұлы емен айтатұғын тауға сырын,
Айналдым тауларымнан сен асылым.
Мен сенемін, сеземін бұлқынасың,
Тарихыңмен мақтанбас қай ғасырың.

Сен менің меншігімсің, өткенімсің,
Текке емес, қанша қаным төккенімсің!
Алтын таң басталды ғой мына сенен,
Кептелген көмейдегі кекті үнімсің.

Күш алған қайсар рух бабасынан,
Ар алған қанша ару анасынан.
Ақталман, аппақ арай тарихым бар,
Дұшпанның сақта Құдай табасынан.

Досым-ау, тыңдашы әне, естимісің,
Естимісің, рухыңды сезбеймісің.
Алтынмен аптап асқақ астанасын,
Бабаңның кереметін көрмеймісің.

Жырымды сен оқышы, досым менің,
Өлең деген – әлемім, көңіл кенім.
Сапарымнан оралдым, ойда жүрмін,
Есімнен кетпей қойды Есік көлім.

Сағынтса…
Бір келерміз болсақ аман,
Алматы – арым менің асқақ қалам!
Бабамның ерлік мұрат ертеңісің,
Еңселігім сенсің ғой, «Алтын адам»!

Арман НАДИРБАЕВ,
Н.Киікбаев атындағы
мектеп-гимназияның мұғалімі

Байзақ ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.