«Қақпасыз қала» – шаһардың шырайын кіргізеді

0 3

Әрбір азамат өзінің тұрып жатқан жері мен айналасын күтіп ұстауға міндетті. Бұл адамды тәрбие мен жауапкершілікке шақырады. Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев та осындай бастамаға жан бітіріп, «Қақпасыз қала» жобасын жандандыруда.

«Бәріміз таза, жасыл желекті және қауіпсіз қалада өмір сүргіміз келеді. Шаһардың көркі мен тазалығын сақтау қала әкімшілігіне жүктелгенімен, әрбір саналы азамат өзі тұратын ортаның таза әрі қолайлы болуына үлес қосуы керек.
Тараз күн сайын көркейіп, аллеялар мен демалыс орындары көбейіп келеді.
Көгалдандыру жұмыстарына да мән беріліп, жасыл желектер мен гүлдер егіледі.
Алайда Тараз қаласының өзіне тән сәулеті мен келбетін жөнсіз ілінген жарнамалар мен заңсыз орын тепкен нысандар бұзып тұр.
Осы орайда әкімдік қала сәулетін біркелкі етуді қолға алады», – дейді шаһар басшысы тұрғындарға арнаған үндеуінде.
Ержан Жұматұлы бұл сөзін нақты бастамалармен де айқындап отыр.
«Сіздерді ғимараттардың сырты мен жарнама құралдарын орналастырғанда біркелкі үлгіні ұстануға шақырамын.
Құрылыс компаниялары мен өңірдің кәсіпкерлері жаңадан салынып жатқан нысандардың көріксіз қоршауларын ретке келтіргені жөн.
Қаланы жайлы ету үшін «қақпасыз қала» қағидасы негізінде мекеме сыртындағы қақпалар мен қоршаулар алынып, сәулеттік жоба бойынша бірізділікке көшіріледі.
Туған қаласына шын жанашырлық танытатын тұрғындар осы игі бастамаларға қолдау білдіріп, шаһардың шырайын ашуға өз үлестерін қосады деген сенімдемін»,– дейді қала әкімі.
Міне, осылайша Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев жақсы жобаға жан үрлеп отыр. Енді бұған бұқара болып үн қосу парыз. Себебі бұл ең бірінші өзіміздің тұрып жатқан шаһарымызды шырайландырып, таза әрі жасыл желекті қалаға айналдыру үшін маңызды.

Саян ТІЛЕУЖАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.