Қала көркі – бәрімізге абырой

Ал құрылысқа жауапты мердігерлер талапқа сай жұмыс істеуі керек

0 9

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласында құрылысы қолға алынуы тиіс және құрылысы жүріп жатқан бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады.

Өңір басшысы алдымен «Шөлдала» алқабына барып, футболшыларға арналған бұрынғы спорттық базаның бүгінгі жай-күйін көзбен көрді. Облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбековтің айтуынша, КСРО дәуірінен 2009 жылға дейін қолданыста болған базаны бұрын «Тараз» футбол клубы пайдаланған екен. Ал нысан қазіргі таңда тозығы жеткендіктен қаңырап бос тұр. Базаны аралап көрген Бердібек Машбекұлы аумағы атшаптырым жерді алып жатқан спорттық нысанды қайта қалпына келтіріп, кәдеге жарату керектігін баса айтты.
– Облысымыздан талантты аяқдоп шеберлері шығу үшін жеткіншектерді жастайынан тәрбиелеп, спортпен алаңсыз айналысуына бар жағдай жасауымыз керек. Ауыл-ауылдан іріктеліп келген жастарды осында дайындаса болады. Ол үшін жаңадан асхана, жатын орын, оқу корпусы, екі футбол алаңы салынуы тиіс. Келешекте спорттық базада жаттыққан балалардың жақын орналасқан, жүктемесі аз мектептерге барып білім алуын да ойластыруымыз қажет. Нысан Аса өзенінің жағалауында, облыс орталығына жақын орналасқан. Инфрақұрылымы да дайын тұр. Бірақ алдымен мұнда салынатын нысандар мен жұмсалатын қаражатты есептеп, жобасын жасап, маған ұсыныңыздар. Өйткені бұл жан-жақты зерделеп барып қолға алатын шаруа, – деді Бердібек Машбекұлы.

Былтыр «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің аумағымен шектесетін, бүгінгі таңда облыс орталығының ажарын ашып, сәнін келтіріп тұрған «Арбат-1», «Арбат-2» жобалары жүзеге асқаны белгілі. Қазіргі таңда «Арбат-3» жобасы қолға алынуда. «MART» сауда орталығының артындағы 2,47 гектар алып құрылыс алаңына айналған. Мұнда ұзындығы 320, ені 4,4 метр болатын су бұрқағы салынып, көлік тұрағы да қарастырылған. Сондай-ақ аумағын абаттандыру, көгалдандыру және кіші архитектуралық формаларды қою жұмыстары атқарылған. Облыс әкімі арбатты аралап, жаңадан салынып жатқан кәсіпкерлік бағыттағы нысандар мен жаңғыртудан өтіп жатқан бұрынғы «Әулиеата» мешітінің құрылыс жұмысымен танысты. «Әулиеата» мешіті Ұлыстың ұлы күні мерекесіне дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде. Төбесіне жаңадан күмбез орнатылып, сыртқы қабырғасы Самарқандта жасалған қыш кірпішпен өріліп, кей жері қыш жапсырмалармен қапталып жатқан мешіт құрылысы қызу жүргізілуде. Ал екі қабаттан тұратын, астында асханасы, қонақ күтетін залы, үстіңгі қабатында балалар ойын алаңы бар осы тектес сан түрлі бағыттағы барлығы бес кәсіпкерлік нысанның құрылыс жұмыстары уақытынан кешігіп жатыр екен. Сәулеті де көзге қораш көрініп тұр.
– Бұл тараздықтармен қатар, сырттан келген қонақтар да бір ауық сейіл құратын орын. Біз осыны тұрғындардың лайықты демалуы, қаланың көркі үшін жасап отырмыз. Ал сіздер құрылысты уақытынан кеш жүргізгенмен қоймай, ғимараттың қасбетін әрлеуде қала әкімдігі ұсынған шығыстық үлгідегі эскиздік нұсқадан ауытқып кеттіңіздер. Осыдан бір ай бұрын эскиздік нұсқаға сай жұмыс істеу жөнінде тиісті тараптан ескерту берілгенімен, олқылықты қалпына келтіруді, нәтиже шығаруды қаперге алмағансыздар, – деген өңір басшысы қала әкімі Айтқазы Қарабалаев пен мердігерлерге және «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы секілді басқа да жауапты мекемелерге жұмысты талапқа сай атқаруды,
20 наурызға дейін нысан құрылысының сыртқы әрлеу жұмыстарын аяқтауды жеткізді.
Бұдан кейін Б.Машбекұлы Бейбітшілік көшесінің бойында салынып жатқан «Central park» көпқабатты тұрғын үй кешеніне ат басын бұрды. 3000 шаршы метр аумақта орналасқан үш қабатты тұрғын үй 24 пәтерлі екен.
– Тұрғын үйде екі, үш, төрт бөлмелі пәтерлер болады. Екі бөлмелі пәтердің жалпы ауданы 100 шаршы метр болса, үш бөлмелі пәтерлер 120 шаршы метр. Екі бөлмелі пәтердің құны шамамен 18-20 миллион теңге аралығында. Тұрғын үй ауласында үсті шатырланған көлік тұрағы, балалар ойын алаңы және үй аумағының кіреберісінде күзетші отыратын орын болады, – деді «ҒимаратСтройКом» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Қалдарбек Сматов.
Өз кезегінде Бердібек Сапарбаев аталған тұрғын үй құрылысының сапасына мән беріп, мердігерге мүмкіндігінше үйдің қабырғасын қаптауда сары түсті кірпіштерді де пайдалану қажеттігін еске салды.

Нұрым Сырғабаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.