Қала маңында қандай мәселелер бар?

0 0

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласы мен салалық басқармалардың басшыларына облыс орталығының шеткі ауданы мен саяжай алқаптарының қордаланған мәселелерін шешу бойынша жоспар-кестесін әзірлеуді тапсырды. Ондағы тұрғындармен кездесулер өткізіп, оларға түйінді түйткілдердің жергілікті бюджеттің мүмкіншілігіне қарай кезең-кезеңімен шешілетіндігін ашық түсіндірудің маңыздылығын баса айтты.

Аймақ басшысы әлеуметтік мекемелер мен қажетті инфрақұрылымдардың құрылысы қомақты қаржыны талап ететінін, дегенмен өзекті мәселелерді шешу үшін кез келген жағдайда тиісті шараларды қабылдау керектігіне назар аудартты. Бұл орайда басты талап – жүктелген міндеттерді уақытылы орындау, халықпен ашық диалог жүргізу.
Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаевтың айтуынша, «Шалғай Қарасу» тұрғын алқабында 25 келушіге арналған дәрігерлік амбулаторияның құрылысын жүргізуді, оның одан әрі жұмыс істеуін қамтамасыз етуді жергілікті кәсіпкердің бірі өз мойнына алып отыр. Ол үшін арнайы жер телімі де бөлініп қойыпты. Емдеу мекемесінің құрылысы ағымдағы жылы аяқталады деп күтілуде. Амбулатория келісімшартқа сәйкес сенімгерлік басқаруға берілмек.
Сондай-ақ қазіргі таңда аталған алқаптың мектеп жасындағы 2 388 баласы қаланың әр қиырындағы оқу орындарына қатынап оқуға мәжбүр. Демек мұнда жаңа мектеп салу қажеттігі туындайды. Бұл бойынша алдын-ала есепке сәйкес, жоба құны 2,1 миллиард теңгені құрап отырғандығы айтылды.
– 600 орындық мектеп үшін бұл өте жоғары баға. Жоба құнын қайта қарау керек, – деп атап өтті облыс әкімі.
Бұл орайда өңір басшысы құрылыс тек келесі жылы, құжаттамалар мен мемлекеттік сараптаманың қорытындысы дайындалғаннан кейін басталуы мүмкін екендігін алға тартып, әзірге балаларды тасымалдау ісін дұрыс ұйымдастыру қажеттігіне көңіл бөлді.
«Шалғай Қарасудың» жеті жаңа тұрғын алқабына ауызсу мен электр желілерін тарту қажет. Ол жұмыстар бюджеттен бірінші кезеңде 570 миллион теңге, екінші кезеңде 450 миллион теңге қарастыруды талап етеді. Тиісті құжаттар дайындалу үстінде. Жобаларды жүзеге асыру келесі жылдың жоспары енгізілген.
Облыс орталығындағы барлық жолдарды бірден асфальттау мүмкін емес, сондықтан бірқатар көшелерге қиыршық тас төселсе, кейбір жолдар ағымдағы жылы жөндеуден өтпек.
Айтқазы Қарабалаев жеке автобус парктерінің қоғамдық көліктері шеткі аудандарға қатынай бермейтінін атап өтіп, келесі конкурс талаптарында осындай тиімділіктерді ескеру керектігін жеткізді.
Аталған тұрғын алқаптағы тағы бір мәселе – жергілікті көшелердің тарылуы. Ондағы көптеген тұрғындардың рұқсатсыз әртүрлі шаруашылық құрылыстарын жүргізуі қоғамдық көліктердің қозғалысы үшін ыңғайсыздық туғызуда.
Бұл мәселелер қаланың барлық саяжай алқаптарына ортақ. Алқаптарды электр желілерімен қамтуға 1,5 миллиард теңге, ауызсумен қамтамасыз етуге – 2 миллиард теңге қажет.
– Тараздықтар қоғамдық көліктердің жағдайына және олардың жұмыс кестесіне жиі шағымдануда. Шағын автобустарды ыңғайлы отандық көліктермен ауыстыру керек. Қоғамдық көлік кемінде сағат түнгі 22:00-ге дейін жұмыс істеуге міндетті, бұл талап келісімшартта нақты жазылуы тиіс. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне осы шарттың орындалуын қатаң бақылауда ұстағаны абзал, – деп атап өтті өңір басшысы.
Бердібек Сапарбаев осы мәселені Тараз қаласы әкімінің тиісті орынбасарына жолаушылардың шағымдарына назар аударып, тасымалдаушыларға қатаң шара қолдануды тапсырды.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі саябақтарды, скверлер мен аллеяларды облыстық басқармаларға бекіту, Тараз тұрғындарын тарта отырып, ауқымды сенбіліктер өткізуді бастау туралы тапсырмасын қайта нықтады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.