Қала тазалығы – әсемдіктің әліппесі

0 6

көне шаһардағы тірліктер көз қуантады

Тамылжыған табиғаты мен әр тасы тарихтан сыр шертетін Тараз қаласы байырдан-ақ талайды тамсандырып келеді. Жасыл желекке бай көне шаһар, әсіресе көктемде құлпыра түседі. Тіршілік атаулыға жан бітіретін мезгілді мұндағы жұрт тазалық маусымымен бастайды. Жылдағы дәстүрмен тараздықтар биыл да 1 наурыздан көктемгі абаттандыру жұмысына кірісіп кетті.

Иә, көктем келді дегенше, жаңару басталды десеңші. Аула, көше қыс бойы қар астында жиналған қоқыстардан тазартылып, ауылдарда арықтар аршылуда. Ағаштардың түбі әктеліп, жаңадан тал-дарақтар отырғызылуда. Ал, Тараз қаласы биыл қайта жасанған аллеямен ажарын аша түспекші. Бұрын ел ішінде «Атшабар» деп аталып келген нысан биылғы Жастар жылына орай «Жастар аллеясы» деп аталмақ.
«Жасыл ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Мұхамеджан Арзымбетовтің айтуынша, қайта жаңартылған аллея Ұлыстың ұлы күні, яғни 21 наурызда салтанатты түрде ашылады.
– Ы.Сүлейменов көшесінің бойында орналасқан аллеяда М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекет­тік университетінің алдынан 550 орынға шақталған амфитеатр бой көтеруде. Орта тұсына интернет-кафе салынып жатыр. Ішіндегі жолдары мен субұрқақтар өзгертіледі. Қырларына қиыршық тастан салынған ұлттық нақыштағы ою-өрнектердің айналасы гүлмен көмкерілмек. Алайда, гүл егуге әлі ерте. Сол себепті, қазір тек ою-өрнектер бедерленіп, құрылыс жүргізіліп, жолы жаңадан салынуда. Және осы аллеяға 200-дей түп шырша отырғызылады. Мұндағы жұмыстарға күнделікті 300-ден аса жұмысшы жұмылдырылуда, – дейді М.Арзымбетов.
Сонымен қатар, бұл көктем тараздық бүлдіршіндерді тағы бір ойын алаңымен қуантқалы отыр. Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағының аумағынан ашылатын балаларға арналған ойын алаңы да жуырда пайдалануға берілмек.
– «Жеңіс» саябағының жанындағы «Тойқазан» мейрамханасының маңайын­дағы бос орынға кішкен­тай­лардың әткеншек теуіп, ойнауына қажетті құрылғылар орнатылып жатыр. Және сауда дүкендері қызмет көрсетеді. Бұдан бөлек жақында тал отырғызу басталады. Соған дайындық ретінде ағаш көшеттерін отырғызу жоспарлануда. Талдардың отырғызылу реті, судың келу жолы секілді барлық қажеттіліктер қарастырылып жатыр. Тараздың шығыс қақ­па­сы­нан кіреберіс тұсқа жаңа тал-дарақтар отыр­ғызылады, – дейді «Жасыл ел-Тараз» жауапкер­шілігі шектеулі серіктестігі дирек­торы­ның орынбасары.
«Ауылын көріп, азаматын таны» дейтін халық сөзін ескерсек, өз қаламыздың тазалығын сақтап, табиғи сұлулығын ұстап тұру – баршамыздың перзенттік парызымыз.

Қамар Қарасаева

Leave A Reply

Your email address will not be published.