Қала тұрғындарын қара түтінге тұншықтырған зертхана

0 22

Енді Ит-құстың биологиялық қалдықтарын өртемейтін болды

 

Қаланың қақ төрінде ит-құстың биологиялық қалдықтарын өртейтіндерге тұрғындардың өкпесі қара қазандай. Айтуларынша, республикалық ветеринариялық зертхананың облыстық филиалы ай сайын қан өртеп, салдарынан Пушкин және Мичурин көшелерін қара түтін тұмшалайды. Тұрғындар үшін түзде де, үйде де тыныс алудың өзі  мұң болған.

Қою қара түтін қолқаны қапса, жан-жағынан естен тандыратын өлексенің иісі аңқып жатыр. Дәл қалдықтардың көзін жоятын арнайы пештен он метр жерде тұрғын үйлер мен көлік жөндеу орны тұр. Ол жерде таңнан қара кешке дейін нәпақасын тауып отырған жиырма шақты жұмысшы да бұл мәселеден әбден мезі болған.

– Ит-құстың қанын, өлекселерін өртейтін пеш үйімізге өте жақын орналасқан. Талай жылдан бері бұл мәселені көтеріп келеміз. Аулада балаларымыз ойнай алмайды. Себебі қара түтіннің иісіне бала түгіл, ересектер де шыдамайды. Оның үстіне қазіргідей жазғы ыстық уақытта есік-терезені ашпай отыра алмайсың. Ал ашсаң, жағымсыз иістен көзіміз жасаурап кетеді. Зертхана болғандықтан өртенген жануар ауру ма, сау ма, ол да белгісіз. Шағымданып барсаң, аулаларына адам кіре алмайды. Күзетшісі де тірі жанды жолатпайды. Мәселемен қалалық әкімдікке, учаскелік инспекторларға да талай мәрте хабарластық. Ешкім жанайқайымызды құлақтарына ілген  жоқ. Бұл зертхана республикаға қарайтын болғандықтан жергілікті тұрғындардың жағдайы қызықтырмайтын болса керек. Санитарлық талап бойынша мұндай зертханалар қала ортасында орналаспауы қажет қой. Ақыры тұрғындар, яғни қырық адам жиналып, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі «Ветеринариялық бақылау және қадағалау» комитетіне, бас прокуратураға,  Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі және Денсаулық сақтау министрлігіне арыз жаздық. Онда санитарлық аумақ тұрғын үйлерден кем дегенде 300 метр қашықтықта орналасуын талап еттік, – дейді Мичурин көшесінің тұрғыны Роза Мұсабаева.

Республикалық ветеринариялық зертхананың облыстық филиалы Жамбыл даңғылы мен Пушкин көшесінің қиылысар тұсында орналасқан. Қасында мейрамхана да, дүкен де, кәсіпкерлік нысандары да аз емес.

– Бізге көлік жөндеуге күнде келім-кетім адам көп. Таңнан кешке дейін осында жұмыс жасаймыз. Қала тұрғыны ретінде мен мұндай орталықта жануарлардың крематорийі болғанына үзілді-кесілді қарсымын. Бұл жерден зауыттардағыдай қара түтін ай сайын шығады. Зауыттар мен өндіріс орындары қаланың сыртында ғой.  Бұлардың мұндай әрекеттеріне жол болсын. Өртенгенде оның иісі Пушкин мен Мичурин көшелерінен бастап, көпшіліктің қарасы қалың Жамбыл даңғылына дейін жетеді. Біз кешке дейін жұмыс жасаймыз да, одан кейін үйге қайтамыз. Ал мұндағы жергілікті тұрғындарға тіпті обал. Көлігін жөндетуге келген кісілердің өзі «Қалай демалып отырсыздар?» деп қайран қалады. Дәл іргемізге тиіп тұрған пештің айналасы өлексе аңқиды. Күн ысығанда мүлде  демала алмай кетесің. Қаннан шыққан қара түтінді талай мәрте видеоға да түсіріп алдым.  Мұндағы тұрғындар үшін бұл талай жылдан бері айтылып келе жатқан мәселе. Ертерек шешімін тапса екен, – дейді көлік жөндеу орталығының басшысы Миркуат Сабиров.

Ізін ала аталмыш зертханаға ат басын бұрдық. Өкінішке қарай басшысы да, қосшысы да орнында жоқ болып шықты. Дегенмен ондағы мамандар пештің жұмысы ресми түрде тоқтатылғанын жеткізді. Тұрғындардың шағымы бойынша салалық министрлік тарапынан өртеу жұмыстарын тоқтату және қала сыртына ауыстыру туралы жауап келіпті.

– 19 мамырдан кейін өртеген жоқпыз. Ең соңғысы сол кезде болды. Негізі пеште қан өртеледі. Қан бұған дейін арнайы  вакутейнермен алып келінетін. Ол пластик болғандықтан пеште жабық жағдайда жанып кететін. Енді бізді қайтадан шыны ыдыспен жұмыс жасауға ауыстырды. Сынама алынған қанды арнайы төгетін жер әзірленді. Ал ыдысы жуылады. Орталықтан пластик жіберілмейтін болды. Кезінде сол мақсатта осы пешті іске қосқан еді. Ал пештің қасындағы қоқыстардың өлекселерге еш қатысы жоқ. Ол апта сайын тазаланып тұрады. Домна пешінің қуаты күшті болғандықтан мұнда ешқандай қалдық қалмайды. Барлығы өртеніп кетеді. Бір айда бір мәрте пеш іске қосылатын. Министрлік тарапынан қаулы шыққалы бері пештің жұмысы тоқтатылды. Енді қалдықтар қаланың сыртына жеткізіледі, – дейді республикалық ветеринариялық зертхананың облыстық филиалының өкілі Қуаныш Есенбаев.

Тұрғындардың арызы бойынша «Ветеринариялық бақылау және қадағалау» комитетінен келген жауапта биологиялық және медициналық қалдықтарды инсинераторлық пеште өртеу жұмыстары тоқтатылғаны жазылған. Егер олқылық қайталанса, сотқа жүгіну де ескертіліпті. Ендігі талап бойынша қалдықтар аудандық зертханаларға жөнелтілмек.

Осылайша мұнарасынан жағымсыз иіс мүңкіген пештің есігіне қара құлып салынды.

Тараз қаласы

Нұржан Қадірәлі

Leave A Reply

Your email address will not be published.