Қоғам

Қала жаңғырды. Енді сана жаңғырса игі…

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында «Біз ең ұсақ құқықбұзушылықпен, бұзақылықпен, мәдениетсіздікпен ымыраға келмеуіміз керек, өйткені осының өзі қоғам тыныштығын бұзады, өмірдің сапасына селкеу түсіреді. Тәртіпсіздік пен бетімен кетушілікті сезіну одан да елеулі қылмыстарға жол ашады. Ұсақ құқықбұзушылыққа төзбеу ахуалы – қоғамдық тәртіпті нығайтуға, қылмыспен күреске бастайтын маңызды қадам», – деп айрықша атап көрсеткен еді.

Мәселені нақ осы Жолдау жолдарында айтылған міндеттерден бастауымыздың өзіндік сыры бар. Оған 350 мыңнан аса тұрғыны бар Тараз қаласындағы тіршілікке тағылықтан гөрі жабайылыққа саятын сүреңсіз көріністер себепкер болуда. Түсінікті болу үшін бәрін басынан бастасақ.
Жыл басында облысымызға басшы болып келген Асқар Мырзахметовтің бастамасымен көне шаһарды көркейту мақсатында қыруар тірліктер қолға алынды. Көше кеңейіп, саябақтардың сәні кірді. Көрікті орындар гүлмен көмкеріліп, көпшіліктің шаттығын шалқытты. Алайда, қуанышымыз көпке созылмады. Турасын айтқанда, бұдан бұрын және қала күні қарсаңында пайдалануға берілген Тұрар Рысқұлов, Қайрат Рысқұлбеков, Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағы, «Желтоқсан сквері», «Темір жол вокзалы аллеясы» секілді демалыс орындары мен әртүрлі кешен және ескерткіштер бүгінде ерекше қорғауды қажет ете бастады.
Себебі, жақсы іспен қауышып үлгермей жатып, саябақтардағы жарықшамдар сынып, орындықтардың тақтайшалары тоналып, қиратылып, гүлдер мен көк шөптер тапталып, әр жерге бір кісі есімдерінің жазыла бастауы ойды сан-саққа жүгіртіп отыр. Бұл бассыздық әсіресе, Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында белең алуда. Газетіміздің бұдан бұрынғы санында да белгісіз біреулердің осы демалыс орнындағы жарықшамдардың бірлі-жарымын талқандап, орындықтарды қиратып, кейбіріне кісі есімдерін шимайлап жазғанын тілге тиек еткенбіз. Сонымен қатар, Ауған соғысы ардагерлеріне арналған танк үстіндегі жауынгерлер ескерткішінің бірінің өкпе тұсына бұранда (шруп) бұрап кеткенін, «Ерлік» мемориалды кешеніндегі 105 мың жауынгердің тізімі жазылған «Даңқ» аллеясы тұсындағы құны 25 мың теңге тұратын павловния ағашының көшетін сындырғанын айтып, жұртшылықты бүтінді бүлдірмеуге шақырған едік. Мұнымыздан әзірге еш нәтиже шықпай тұр.
Біз өткен жексенбіде аталған саябақты тағы да бір аралап, батыр Бауыржан Момышұлының ескерткішіне жарық түсіретін тұғырдағы шамдардың сындырылғанын, орындық бетіндегі тақтайшалардың қолды болғанын, темір қоршауларға кісі есімінің жазылғанын көріп, адам санасының осыншалықты төмендігіне қапа болдық. Барды бағалай алмау, еткен еңбек, төгілген маңдай терді сезінбеу мәдениетіміздің қай деңгейде екенін көрсетсе керек. Ортақ меншікке жауыздықпен қарау «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» деген мәтелді еске түсірді. Мына түрімізбен түбінде біздің қоғам дамусыз, өркендеусіз қалмаса игі дедік іштей. Бұған мәдени демалысқа мән бере білетін жұртшылық та қапалы. Осы орайда саябақта сейіл құрып, серуендеп жүрген қала тұрғыны Ержұман Бимырзаұлын сөзге тартқанымызда азаматтың ашу-ызасын айқын аңғардық. Ол мынадай бассыздықпен қоғам болып күресу қажет екенін айтады.
– Менің жасым 70-тен асты. Бір мезгіл осындай демалыс орындарын аралап, серуендеп тұру әдетім. Осы жазда қаламыз қатты өзгеріп, жаңа келбетке ие болды. Осындай игі іс жасап, шаһарға шырай беріп отырған облыс басшысы Асқар Мырзахметов екенінен хабардармыз. Жаз бойы жанталасып, болашақтың қамы, қаламыздың көркі деп жасаған еңбек бүйте берсе еш кететін түрі бар. Орнатқан орындықтардың тақтайшасын сыпырып кету кімге қажет? Ол отыннан басқаға жарамайды ғой. Менің ойымша, біріншіден, саябақтарды түгелдей арнайы бір мекемеге өткізіп, материалдық жауапкершілікті соларға жүктеуіміз қажет. Тараз қаласында орналасқан ішкі әскердің сарбаздарын тек ықшамаудандардың тыныштығын күзетуге ғана жұмылдырмай, олар саябақтарды да қамтыса жөн болар еді. Мейлінше бейнебақылау құрылғыларын орнатып, бұзақылық жасағандарды аяғын тартатындай етіп жазалау керек. Адам болған соң әркімнің сана сезімі әртүрлі. Ал, оны жөнге салатын темірдей тәртіп. Бұдан басқалай амалмен мәдениеттілікке жетудің жолы тым алыс секілді, – дейді Е.Бимырзаұлы.
Саябақты аралау барысында қоғам тыныштығына жауапты төрт адамнан құралған жаяу жасақ өкілдерін жолықтырдық. Олардың айтуынша, демалыс тыныштығы күндіз және түнгі ауысым арқылы үздіксіз бақылауға алынған. Десе де, қоғамға жат әрекетке баратындар әзірге көзге түспеуде.
– Аумағы 15 гектар болатын саябаққа ел қандай пиғылмен келгенін білу әсте мүмкін емес. Десе де, біздің міндетіміз – қоғам тыныштығын бұзуға, құқықбұзушылықтың орын алуына жол бермеу. Кейде мұнда адамдар ішімдік ішіп, масаң күйде келуі мүмкін. Ондайларды саябаққа мүлде жолатпаймыз. Тұрғындардың көпшілігі жаңадан егілген шымды таптауға арланбайды. Ал, енді бірі балаларын көзбе-көз танкке мінгізіп, кейде оның ұзын оқпанына өздері де отырып алып, суретке түсіп жатады. Кешеннің алдындағы тас төсеменің үстіне көлігін қойып кететіндер де жоқ емес. Темекінің қорабы, сусынның ыдысы секілді қоқыстарды лақтыратындар да бар. Осыларды сөзге тартып, мәдениеттілікке шақыру да үлкен жұмыс. Көпшілігі мұндай іске байқамай қадам басса, ал орындық, жарықшамдарды қирататындар жасөспірімдердің ісі, әрі оны әдейі жасайтын секілді. Сол себепті, кез келген азамат базбіреулердің әлгіндей оғаш қылығын байқаған жағдайда өз елімізге, өз жерімізге жанашырлық жасау мақсатында тиісті орынға, анығы 102 нөміріне хабарласса жөн болар еді, – дейді жаяу жасақ өкілдері.
Расында да, қоғамда мәдениеттілік пен тәртіп орнау үшін көпшілік болып әрекет етуіміз керек. Мұның дұрыс еместігін әсіресе, жастар санасына сіңіруіміз қажет-ақ. Бұл тұрғыда «Жасыл ел – Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшысының орынбасары Мұхаметжан Арзымбетов тұрғындар ортақ мүддеге жанашырлықпен қарап, қоғамға зиянын тигізуден аулақ болса екен дейді.
Облыстық пікір-сайыс одағының «Еркін пікір» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрсейіт Қарабаев та замандастарының оғаш қылығына қапалы. Ол биыл «Жасыл ел» еңбек жасағының жұмысын жүргізу, үйлестіру барысында тазалықты тұрғындардың бәрі бірдей сақтай бермейтіндігіне көз жеткізгенін айтады.
– Негізінен, бар дүниені бағалау, өзгеге зиян тигізбеу бойға тәрбие арқылы ата-анадан берілетіні анық. Мұны сөз етуімнің себебі, күні кеше ғана, яғни қала күніне орай 20 нысан пайдалануға беріліп, оған барша жұрт қуанғанымен, соңғы уақытта саябақтардағы нысандарды бүлдіру, орындықтарды қирату, сурет салу секілді жабайылық әрекетке біз де іштей қынжылдық. Әсіресе, бұл жайт жастардың атына үлкен сын келтіруде. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында сананы өзгерту керектігін, адам өткеннен өнеге алып, болашақта өзіне қажет болатын жақсы дүниелерді бойына сіңіру қажеттігін баса айтқан еді. Осының мәнін біз әлі де ұға алмай жүрміз. Өйткені, біз тазалық жұмысына араласу барысында дап-дардай кісілердің қоқысты арнайы орынға жеткізбей, жөл-жөнекей лақтыра салатынына немесе көпқабатты тұрғын үйдің кіреберісінің алдына қойып кететініне талай мәрте куә болған едік. Ал, соны көрген бала-шаға үйден ұзап шыққанда қандай әрекетке баратынын топшылай беруге болады. Сондықтан, қаланы жаңғыртумен қатар, сананы да қоса жаңғыртуға күш салу қажет секілді, – дейді Н.Қарабаев.
«Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» дейді Бауыржан Момышұлы. Расында да, қоғамдық ортада тәртіп сақтау – ортақ міндет. Тіпті, әрі-беріден соң, қоршаған ортаны ластау, мемлекет қаржысына атқарылған дүниеге нұқсан келтіру құқықбұзушылық екенін, ондай қадамға барғандардың заңмен жазаланатынын ұмытпағанымыз абзал.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ПІКІР