Сұхбат

«Қаламды тастап, өлеңмен қоштасты деген бекер сөз»

Written by Aray2005

«Оқшау ой» айдарының бүгінгі қонағы – Алматы облысы, Қарасай аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры, ақын Серік ҚАЛИЕВ

– Серік аға, кейінгі кезде көрінбей кеттіңіз. Қазір немен айналысып жүрсіз?
– Тірі адамда тіршілік бітпейді екен. Шама-шарқымызға қарай елмен етене болуға тырысамыз. Ал, қызметке келер болсақ, дәл қазір Алматы облысы, Қарасай аудандық тарихи-өлкетану музейін басқарамын. Негізгі қызметім – осы. Одан бөлек қосымша жұмыстарым да көп. Соның бірі де бірегейі – мақал-айтыстарын ұйымдастыру.
– Алғаш естіген адамға мақал-айтыс деген таңсықтау дүние ғой. Бұған қызығушылық қайдан пайда болды?
– Қазақ – ақын халық. Ойға көсем, тілге шешен кемел билері мен кемеңгер қариялары көп өткен ел. «Тілі бардың тіріде ақысы кетпейді», «Өнер алды – қызыл тіл» деп ұққан жұртпыз. «Тіл ерді қабірге, нарды қазанға салады» деген де біз. Аталарымыз ердің құнын екі-ақ ауыз сөзбен шешіп отырғанын ескерсек, олардың ұрпақтарының тілінің дәмі, сөзінің мәні қазір қандай деңгейде деген заңды сұрақ туады. Оның жауабы – бұрынғының қойшысының сөзін бүгінгінің тойшысы түсіне алмайды десек дұрыс шығар.
Ресей отаршылдары тілімізді, ділімізді, дінімізді де қатты қыспаққа алды. Мұны өткен шақ десек те, көңілімізде сызы, өмірімізде ізі, тілімізде шұбары, ойымызда мұнары қалды.
Ел болдық. Еңсе тіктедік. Ес жиып келеміз. Енді тілімізді айтып тілене бергенше, шешендікті меңгеріп шіренетін кез келді. Сондықтан, сөздің сөлі, ойдың маржаны болған мақал-мәтелдерімізге мән беріп, мағынасына ой жүгіртіп, тұрмысымызда пайдалана білсек, жанымыз байып, рухымыздың асқақтайтыны анық. Себебі, мақал – сөздің мәйегі ғана емес, ұлт тәрбиесі.
Мұнда аталар дәстүрі, жолы бар. Бабалары­мыздың ғасырлар, заманалар бойы жинаған даналығының інжу-маржандары көрінеді.
– Мысалы…
– «Арық қазған су ішер, араздасқан у ішер», «Аяғы жаман төрді былғайды, аузы жаман елді былғайды», «Сыртынан сөккен – сөкет, көзіне мақтаған – көргенсіз», «Білімді әр нәрсенің байыбын айтады, білімсіз біреулердің айыбын айтады» деген сынды мақал-мәтелдерді айтып өскен жастың ой-пікірі дұрыс қалыптаспауы мүмкін бе?
Елбасымыз өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтқан: «…Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, тамырымызда бүлкілдеп жатқан, ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек» деген сөзін іс жүзінде қолдап, рухани жаңғыру аясында ауданымыздағы оқушылар арасында «Мақал-айтыс» ойынын өткізуді қолға алудамын. Өйткені, «Мақал-айтыс» – ойын ғана емес, ойлау пәні. «Ақпаған су сасиды, ойламаған ми сасиды» деп, Бауыржан атамыз бекер айтпаған ғой.
Бұл ойын жастарды ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке, бауырмалдылыққа, мейірімділікке, ерлікке, кеңдікке тәрбиелеу ісіне тамшыдай болса да үлес қосады деп сенеміз. Аудан бойынша әр мектепте ойын өткізіліп, жеңімпаздары аудандық «Мақал-айтысқа» келіп қатысты. Алды жетпіс мың теңгеден бастап, төрт жүлде тағайындадық. Ойын жеңімпаздары облыстық мақал жарысына жолдама алды. Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы өткізген бұл тәрбиелік жұмыстың жүлделері әлдеқайда қомақтырақ болды. Одан әрі республикалық жарысқа ұласады деген бұл ойын жобасы жыл сайын тұрақты түрде өткізіліп тұрады деген ниетіміз бар. Және де оқушылармен ғана шектеліп қалмай, студенттер, түрлі сала мамандарын қамтысақ деген ойымыз да жоқ емес. Әрине, ең бастысы – атақ пен жүлде емес, жастарымызды дұрыс тәрбелеу ісі бірінші кезекте тұратынын естен шығармауымыз керек. Бабаларымыз түсініскен тілдің мәртебесін көтеру – әрбіріміздің ел-ана алдындағы перзенттік парызымыз екенін ұғынып, бұл жобаға зор жауапкершілікпен атсалысуға тиіспіз.
– Өмір – күрес дегенді жиі айтамыз. Бірақ, осыны көпшілік түсіне бермейді. Сіздіңше өмір шынымен күрес пе?
– Негізі, күрес адамның ішінде жүреді. Нәпсің сені ылғи да азғырумен болады. Ал, сен оған берілмеуің керек. Мысалы, кейде ішкі дүние жалқаулыққа, атаққұмарлыққа, ғайбатқа, ашушаңдыққа, сараңдыққа қарай тарта береді. Ал, сен ақыл мен сабырды оған қарсы қойып, бағындыруың керек. Өзіңді жеңе алсаң, өзгелермен күресу қиын емес. «Аюды жеңген жарты ер, ашуды жеңген бүтін ер» деген сөз бекер айтылмаған.
– «Санасы қалың ұйқыда сенің ұлтыңның…» депсіз бір өлеңіңізде…
– Өкінішке қарай, кез келген қараниет жау бізге өзінің вирусын оңай енгізе алады. Оны жойып тастайтын иммунитет бізде болмай жатыр. Мысалы, Анеля, Аида, Зина, Света, Даниял, Дальтон, Мэлс, Ананди сияқты аттарды мағынасына қарай балаларымызға қоя саламыз. Қай кино шықса, соның атына жабысамыз. Олардың жаман мінездерін жылдам жұқтырамыз. Араққа да, анашаға да, кальянға да тез берілдік. Казино әкеп еді, кіріп кеттік. Валентин күні десе тойлай береміз. Сырға берсе, еркек екенімізді ұмытып кетіп, құлағымызға, мұрнымызға тағып аламыз. Кәріс пен қытай киноларында айдар таққандарды көріп, салақұлаш айдар тағып жүр балаларымыз бен жігіттеріміз. Жеткіншектер кәріс киносын көріп шаштарын көздеріне түсіріп шыға келді.
– Серік аға, жаныңызға маза бермей­тін ойлар аз емес сияқты…
– «Ел сенімін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» дейді халық даналығы. «Еліне бала бола алмаған, аға да бола алмайды» дейді және бір сөзінде. Әрине, әрбір сөз айтуға оңай болғанымен, атқарылуы жеңіл бола бермейді. Мысалы, «Әкім бол, хал­қы­ңа жақын бол» деген сөздің артында қаншама ауыр салмақ жатыр. Әрбір істі атқару қаншама тер төгілуін қажет етеді. Бірақ, бейнеті ауыр істің ләззаты да тәуір болмай ма? Ауыл әкімдерімен бірігіп жұмыс жасағым келеді. Өйткені, барлық жүкті әкімге арқалатып қойып, сыртынан баға беріп, үйде отыру адамгершілікке жата қоймас. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» емес пе? Әрбір ауылда жасалынуы тиіс жақсылықтар қаншама! Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «жаңғыру» деген сөздің жаңғырық болып қалмауын қатты ескертті. Ендеше, біз де өзімізден бастап, әрбір отандасымыздың, ауылдасымыздың жанының жаңғыруына, өмірінің жақсы жаққа қарай өзгеруіне себепші болуымыз керек емес пе? Біз «Ауылына қарап, азаматын таны» дегенде, ауылының сыртындағы сән-салтанат емес, тұрғындардың рухани өміріндегі жақсылықтарға мән беруіміз керек шығар. Сырты бүп-бүтін көрінген бауырлардың іштері түтіндеп жатса, елде не береке болады? «Сымбатында сын жоқ, жансарайында дым жоқ» адамдардың арасында бала-шағамыз қайтіп көгеріп-көктейді? Ұрпақтарымыз жақсы жандармен отбасын құрып, өзіміз көргенді кісілермен құда болғымыз келсе, сондай адамдардың қатарын көбейтуге өзіміз атсалыспаймыз ба? Бірақ, қалай? Әрбір ауылда саламатты өмір салтын насихаттайтын іс-шаралар тоқтаусыз жүру керек. Барлық атқарылған істер шын мәнінде тілектестікпен, жанашырлықпен, жауапкершілікпен жасалынсын. Барлығына да бүкіл ауыл адамдары қамтылсын. Бізде кейде мектептің бір сыныбының оқушыларын шақыра салып, «Міне, өткізіп тастадық!» деп, «галочка», «птичка» үшін жұмыс істейтін адамдар кездесіп қалатыны өтірік емес. Әрине, нарық заманында, «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» болып жатқан кезеңдерде, көппен бірге бірнәрсе тындыру оңай емес. Дегенмен, «Тауды биік демеңдер, талаптансаң шығасың» деген аталарымыздың өсиетіне де құлақ түрейік. Қазіргі кезде жастарымыздың арасында әскерге жарамсыздар қаптап барады. Негізгі себептің бірі – қимыл-қозғалыстың аздығы. Қарға адым жерді жаяу жүргісі келмейтін, теледидар мен интернеттен бас көтермей, ыржақ-қылжақты тамашалағысы келетін ойсыз «оғландардың» қатары қаулап өсіп келеді. Ұлтымыздың болашағы ауру-сырқау, жартылай мүгедектер, қала берді, маскүнемдер мен нашақорлар болып қалмай ма? Жүзу бассейндерін салуды қиынсынсақ та, көркем гимнастика, теннис, күрес секілді көп шығынды қажет етпейтін ойындарды ұйымдастыруға не кедергі?! Ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке шақыратын клубтар ашу соншалық қиын шаруа ма?
– Оншалықты оңай да емес шығар…
– Ықылас болса, көпшіліктің ынтасын оятуға болады. Бұл біздің ғана елімізде емес, бүкіл әлемдік проблемаға айналған экологиялық апаттар, денсаулыққа төнген қауіп-қатерлерден, рухани азғындықтардан сақтанудың жолдарын ел болып қарастыруымыз қажет. Ол үшін «Үлгілі ауыл» номинациясы бойынша жарыс ұйымдастырсақ. Оған бұрынғы істелген игі істердің бірін де қоспай, жаңа жасалған жақсылықтарды есепке алу керек. Мысалы, қандай спорт секциялары ашылды? Қанша адам қамтылды? Қандай нәтижелер көрсетті? Осы жақтары есепке алыну керек. Жеңімпаз елді мекеннің әкімін марапаттап, оны үлгі ретінде ақпараттық құралдар арқылы республика көлемінде насихаттасақ. Өйткені, әрбір атқарылған іс лайықты түрде бағалану керек. Осындай игі істерге жастар ұйымдары мұрындық болып, тіпті, ақсақалдар алқасы да қолдау көрсетіп жатса, нұр үстіне нұр болмай ма? Қысқасы, кешегісі бүгініне, бүгіні ертеңіне ұқсаған адамның ұтылатынын Елбасы өзінің мақаласында баса айтты. Санамыз ісімізден ілгері жүріп отырмаса, санымыздың көптігінен не пайда?
– Поэзия мен прозаның сіз үшін айырмасы қандай?
– Екеуі де жол. Егер жүректен шығып жүрекке жететін жақсы шығарма болса, проза – айналма жол, поэзия – төте жол сияқты.
– Ақындық миссия, азаматтық позицияңыз қандай?
– Ол жайлы мына бір «Мұратым менің» атты өлеңімде түгел баяндалған.
Құлшынбаймын да:
«Қаламмен құдық қазам!» деп.
Мақталғым келіп, кетпейді бекер мазам көп.
Алдыма мақсат қойғанмын айқын –
жұртыма
Керемет емес, керекті өлең жазам деп.
Жарқылдап көзге түспей-ақ қойсын жырларым.
Атаққа қарай атымның басын бұрмадым.
Кемерін керген арыны асау арна емес,
Бақшаға қарай бұрылып аққан жылғамын.
Әрбір түп дақыл түбіне сөзім бара алса!
Шөліркеп қалған түйнектер одан нәр алса…
Төрт көрпе төсеп, төрінен сайлап орынды,
Еркелетпей-ақ қойсыншы елім мені онша.
Қажетін қамдап өзімді өсірген қоғамның,
Өмірімді сүргім келеді нағыз адамша!
– Сіз ақын болып танылғансыз. Бірақ, соңғы жылдарда режиссерлік туындыларыңызды да жиі көріп қалып жүрміз. Дәлірек айтсақ, 5-6 фильміңізді тамашаладық. Бәрі де ұнады. Ақыры осы жағына ойыссаңыз, неге көбірек шығармайсыз?
– Біріншіден, мен қаламымды тастап, өлеңмен қоштасқан жоқпын. Екіншіден, елге осындай көркем шығармалар қанша керек болса да, оларды шығара беруге мүмкіндік туа бермейді. Олар менің күнкөріс көзіме айнала алмады. Оншақты қысқаметражды фильм түсіріппін. Екі-үшеуін өз ақшама, қалғанына Бекболат Тілеухан, Мұхамеджан Тазабек, Қанат Жұмаділдаев, Абай Жүніс, Өскемен қаласының бас имамы болған Нұрлан Асан, Дәурен Әбдіхамитов бауырларым көмектесті.
– Ал, кейінгі кезде жарық көрген кітаптарыңыз бар ма?
– Құдайға шүкір! Жазушылар Одағына мүше болмай тұрғанда шыққандарды айтпағанда, соңғы он бес жылдың көлемінде он бес кітабым жарық көріпті. «Иманым – менің жиғаным» деген жыр жинағым жиырма мың тиражбен басылып, түгел сатылып кетті. «Болашаққа хат» атты кітабым 6 мың тиражбен шығып, ол да таусылып кетті. «Ынтымаққа ынтығу» атты кітабым 3000 тиражбен шыққан. «Алла діні – аманат», «Жүздесу», «Көңіл терезесі» секілді жыр жинақтарыммен қоса, таңдаулы әңгіме, мақал, жұмбақтардан «Ғибратты әңгімелер», «1001 мақал, 101 жұмбақ», «Қазақтың мақал-мәтелдері» деп аталатын кітаптарды құрастырып шығардым. Арасында жеке тұлғалардың өнегелі өмірлері жайлы кітаптар да шығарып көрдім. Қазір де баспаларға өткізіп қойған шығармаларым бар.
Қолыма қалам алып, ақ қағаздың бетіне шығармашылық шимайларымды түсіре бастағаныма да аттай 40 жыл болыпты. Әлемдік әдебиеттің қорына қомақты үлес қосқан талай мықтыларыңнан ұзақ жасаппын. Дәл осы менің жасымды Мұқағали, Пушкин, Есениндерге берсе, қаншама дүниелер жазып тастар еді. Бірақ, «алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» демекші, азды-көпті, жақсылы-жаманды өлеңдер жаздық.
– Тектілік жайлы не білгеніңіз бар?
– «Әркім теке қояды өз лағын» демекші, елдің бәрі тектілік жайлы айтылса, өзін ойлайды. Мансапқордың баласы қызметке құл болса, текті ме? Дүниеқордың ұлы дүниеқор бай текті ме екен? Меніңше, текті – ол өтірік айта алмайтын адам. Мансапқа да, байлыққа да адам шын талаптанса, жетуге болады. Ал, адам қанындағы асыл қасиет оны арзандыққа жібермейді.
– Адам бойындағы қандай қасиеттерді жоғары бағалайсыз?
– Еңбекқорлықты. Қаншама таланттар шаң басып, топыраққа көміліп қалды. Өзіне қатты сеніп, басқаларды көзге ілмей шіренгендердің талайы арақ ішіп, ит қуып, тоз-тозы шығып кетті. Тамшы тасты теседі. Неге, қалай? Тұрақтылығымен. Табандылығымен. Сол секілді мақсаты айқын, табанды адам еңбекқорлығымен жерде қалмай, бір жерді тесіп шығады. Сосын оны жанбай қалған талант иесі күндеп, күңкілдеп, сыртынан кіжініп жүріп өмірден өтеді түк бітірмей.
Менің бір інім «Мектепті алтынға бітірген әйел алу керек екен, бәрібір түсінігі тәуір болады басқаға қарағанда» дейді. Сөзінің жаны бар. Мектепте сабаққа салғырт қараған адамның көп жағдайда өмірде де салақтықтары байқалып тұрады.
Әр адамға берілген көптеген мүмкіндіктер бар, солардың көбі ашылмаған күйі кетеді.
– Оған кім кінәлі?
– Өзі де, айналасындағылар да. Абай атам айтпақшы: «Адам баласын замана өсіреді, кімде-кім жаман болса, замандасының бәрі виноват». Мысалы, дауысын ақшаға айналдырып жатқандарды білемін. Тележурналистердің жазған мәтінін әдемі үнімен мәнерлеп оқып берген адам кәдімгідей ақша алады. Өйткені, ондай жағымды дауыс әркімге беріле бермейді. Сондықтан ол сатылады. Табиғатынан спортқа бейім қаншама адам өзін дәлелдей алмай, өмірден өтіп жатқанын ойласаң ішің ашиды. Соның бәрі Отанның байлығы еді. Ұлттың рухын асқақтататын тұлғалар болар еді. Қамшылайтын, жетектейтін, қайрайтын ешкімі жоқтығынан, қатардағы көптің бірі, кейде соңы болып салпақтап күйкі тірліктің күйбеңінен аса алмай жүріп жатқан жайлары бар.
Мен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сынып­тас­тарымен кездесіп, әңгімелесіп тұрамын. Ол кісі жайлы кітаптар оқыдым. Сонда оның мектепте жүргенде Қазақстанды басқара­мын деген талабына таңғалдым.
Мемлекетшілдік түсінікті жоғары баға­лай­мын…
Адал достық жайлы көп ойлаймын….
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Мақсат БЕГІЛДАЕВ

ПІКІР