Мәдениет

Қаламынан ой тамған, қазыналы майталман!

Written by Aray2005

Ұлт пен ұрпақтың мүддесі үшін мүлтіксіз еңбек етіп келе жатқан жазушы-журналист, мұрағаттанушы, Қазақстанның мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі, Жуалы және Талас аудандарының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Мақұлбек Рысдәулет биыл жеті асуды жеңіспен бағындырып, 70 жасқа желкен жайып отыр.

Қазақ даласы семсердей сесті батырға да, қаламдай қадірлі ақын-жазушыға да кенде емес. Жарық жылдамдығымен жарысқан жүйрік уақыт өткен сайын қаламның қарудан да құдіреті басым екені жан-жақты дәлелденіп-ақ келеді. Бойында тарих пен болашақтың қуаты, әдебиет пен шығармашылықтың, бабалар аманаты мен өнегесінің киесі сіңген қаламды жанына серік еткен жазушылардың ел рухының алдындағы жауапкершілігі орасан зор. Архивтегі алтынға айырбасталмас ақиқатты анықтап, оны журналистік тілмен қоғамға, жазушылық қабілетпен Ұлы дала ұрпағына мәңгілік аманаттау бір ғана адамның қолынан келетін іс десе былайғы жұрттың көңілі күмәнға күпті болуы мүмкін.
Алайда туған жердің қатпар-қатпар тарихын қаламмен қазып, мұрағат тұңғиығындағы шаңның астында шөгіп жатқан шынайы деректерді жарыққа жетелеп, кемел келешектің көкжиегіне кестелеп жүрген Мақұлбек Рысдәулеттің есіл еңбектерімен танысқан әр буынның өкілі қаламгердің қайраткерлік қабілеттерін еріксіз мойындайтыны сөзсіз. Себебі халықтың қалыбынан шыққан қаламгердің әрбір жазғаны рухымыздың иммунитетін арттырып, ұлттық құндылықтарымызды ұмытпауға, ұлықтауға арналды. Міне, көкірек көзі ояу көпшіліктің риясыз ризашылығына адал еңбекпен бөленген парасат иесі биыл жетпістің жотасына шығып отыр. Адамзат тағдырының астаң-кестеңін шығарған Ұлы Отан соғысы жылдарында өңірден өз еркімен өртке еніп кеткен өр мінезді жауынгерлердің тізімін түгендеп, сүбелі үлесін қосқан қаламгердің мерейтойына арналған кездесу Б.Момышұлы атындағы Жеңіс саябағында жуырда ғана ел игілігіне бой көтерген «Даңқ» залында өтті.
Облыстық мемлекеттік архиві ұйымдастырған «Өрелі сөзді өрнектеген» атты ғылыми конференцияны облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков құттықтау сөзімен ашып берді. Бұдан әрі сөз тізгіндеген облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова мерейтой иесінің тұлғалық қырын, азаматтық айбынын тілге тиек етіп, келелі басқосуды жүргізіп отырды. Ал конференция барысында алғашқы баяндаманы жасаған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, қаламгер, «Жамбыл облыстық кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепберген «Журналистердің ірі тұлғасы» тақырыбында басқосудың бас кейіпкерінің шығармашылық бастауы және журналистік ұстанымдарын, парыз, парасат, позициясы тұрғысында тағылымды әңгіме өрбітті. Ал филология ғылымының докторы, профессор, әдебиеттанушы ғалым Сәмен Құлбарақ қаламгердің қаузаған тақырыптарына кеңінен тоқталып, өнегелі жазбаларының өзегі туған жер төңірегінде өрбігеніне тоқталды.
– Журналистиканың өзі – қиын мамандық. Соның биігіне жеткен адам ғана жазушылыққа бет бұруы мүмкін. Өйткені қарымды да талантты журналист ел-жерді аралай жүріп, өмірді, тіршілікті тереңірек біле бастайды. Көптеген ойлар түюі мүмкін. Сол ойлар журналистиканың қалыбына сыймайды. Көркемділікті, дамытуды қажет етеді. Егер қалам иесі шын талантты және ізденгіш, үлкен еңбек иесі болса, ол бірте-бірте жазушылық бағыт бойынша да алуан түрлі ойға келе бастайды. Өйткені сол ішкі әлемін билеп алған ойларын өзі айтпаса, көзге мүлде түспей қалып қоюы мүмкін екенін сезінеді. Сөйтіп-сөйтіп жүріп, күндердің күнінде ішкі жан дүниесін тербеген көркем ойды, тарихтың тағылымын жазуға тәуекел етеді. Тәуекел етеді де, қашаннан серігі қаламын қолына алады.
Біз танымал журналист Мақұлбек Рысдәулеттің жазушылыққа келуін ең алдымен осылай пайымдаймыз. Ал оның нәтижесі қандай? Ол өз алдына бөлек әңгіме. Кейбір қарымды журналист қанша дегенмен жазушылық биікке көтеріле алмай жатады. Бәлкім, көркем шығарманың бөлек табиғатын терең түйсіне алмай қалып жататын болар. Бәлкім, журналистік баяндаудан шыға алмай, қарабайырлыққа ұрынатын шығар. Бәлкім, жазушылыққа ауадай қажет көркем қиялға, образдар әлемін тереңдетуге шамасы келмей қалатын болар. Ондай шығармашылық журналиске бедел әкелмейді. Былай айтқанда, көтере алмас шоқпарды белге ілу болып табылады. Ал кей журналист жазушылықта да белгілі табысқа жетеді. Жазғаны оқылады. Сол журналистің жаңа бір қыры, шығармашылық келбеті болып көпшілікке танылады. Оның жазғанынан тарихи тұлғаның бұрын көріне қоймаған жаңа бір сыры, ұлтжандылығы, туған жерге деген ерен еңбегі, болмаса туған жерінің басынан өткен қилы тарихы, батыл мінез, қайратты адамдары, әрқилы тағдырлары көрініс береді. Туған жердің көркем көріністері де оқырманын баулиды. Бұрын аңғарыла қоймаған тарих сырлары ашылады. Мұндайда журналист өзінің көркем шығармасымен де көркемдік әлемін байыта, толықтыра түседі. Біз журналист-қаламгер Мақұлбек Рысдәулетті осы сипаттағы талантты да қарымды қалам иесі деп деп білеміз… «Күміс белдік» пен «Қараңғыдағы жалғыз» хикаяттарының ортақ сипаты автор туған жер әңгімесін, оның тарихы мен өткен заманын, батырлары, әулие-әнбиелері мен жер-су аттарына қатысты аңыз-әңгімелерін шығармаларына сыналай енгізіп отырады. Құлан тауы мен өзені, Қошқарата, Шақпақ ата, Бақа ата, Теріс, Күркіреусу, Аса өзені мен Билікөл, Маймақ, Жуантөбе, Көкқия, Долан асу мен Жетіөгіз, Шатырбұлақ деп келетін атаулар шығармадағы оқиғаның қайда өрбитінін аңғартумен қатар, оқырмандарына туған жер тарихынан,табиғатынан мол хабар береді. Біз қарымды журналист-қаламгер Мақаңа үлкен шығармашылық табыс тілейміз. Туған жер тарихына құрылған тың шығармалармен оқырманды қуанта бергейсіз, – деді қаламгердің бірқатар шығармаларына жеке-жеке тоқталып өткен Сәмен Оразғалиұлы.
Ал өз кезегімен сөз алған тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Бақыт Мырзабеков қаламгердің жан-жақтылығын қаузап, архив саласында қызмет атқара жүріп, киелі Жамбыл жерінің тың деректерін анықтауға мол үлес қосып келе жатқанын тілге тиек етті. Бұдан кейін мерейтой иесінің үш жылдан аса уақыт түрлі архив қорларын ақтарып, тәркілеу науқанының тойымсыз азуына ілігіп кеткен әулиеаталық байлардың тағдыры жайлы жазылған «Конфискация» атты тарихи кітабының тұсауы кесілді.
Тағылымы мол кітаптың тұсаукесерінен кейін белгілі сатирик-жазушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, қаламгердің курстас досы Көпен Әмір-Бек, жазушы-баспагер, Жуалы ауданының Құрметті азаматы Талғат Айтбайұлы, мемлекеттік қызмет ардагері, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы Қаржаубай Кемелов сөз тізгіндеп, жазушы жайлы жылы лебіздерін жеткізді. Мазмұнды басқосу марғасқа майталманға марапаттар мен құттықтауларды табыстаумен қорытындыланды.

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР