Қалауын тапса, қағаз да – қазына

«Zhanatas» салфеткасына сұраныс артып келеді

0 70

«Еңбектiң көзiн тапқан, байлықтың өзiн табады» деген көне тәмсiл ешқашан өзектілігін жойған емес. Бүгінгі бейбіт заманда еңбекқор адамға кәсіптің кілтін тауып, аяққа тұруына жақсы жағдай жасалған. Осы орайда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жастарға қатысты келесі мәселе – жұмыспен қамту. Бұл әсіресе өңірлерде аса өзекті. Біз жұмыссыз жастарға жол сілтеп, бағыт-бағдар беруіміз керек. Олардың тұрақты кәсіп табуына көмектесуіміз қажет», деп атап өткеніндей, облысымызда да еңбекке епті, қоғамға септігін тигізіп жүрген азаматтар аз емес. Соның бірі – сарысулық «Baitygan» жеке кәсіпкерлігін ұршықша иіріп отырған Рамазан Байтуған.

Рамазан Бауыржанұлы былтыр­дан бері «Жаңатас салфеткасы» деген атаумен қағаз майлық өндірумен айналысып келеді. Кәсіпкердің айтуынша, тұрмысқа қажет, тұтынушысы бар өнім шығару идеясын ғаламтордан іздеп тауыпты.
– Мен Сарысу ауданының Жаңатас қаласында 1995 жылы дүниеге келдім. Сол Жаңатас қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназияның түлегімін. ТИГУ-дың заңгер мамандығын бітірдім. Оқу орнын аяқтап, ауылыма келген 2019 жыл «Жастар жылы» деп жарияланды. Осы орайда мемлекеті­міз өзінің бағытын тауып, табысты болғысы келетін жастарға қолдау көрсету мақсатында «Жас кәсіпкер» бағдарламасы аясында 3 миллион теңгеге жуық қайтарымсыз қаражат беріп жатқанын естіп, аудандық жастар орталығынан кеңес алдым. Қайтарымсыз грант алу үшін бизнес жоспар бойынша ауданда жоқ кәсіпті ашу керек болды. Бірден есіме ғаламтордан көрген «Тараз» қағаз майлықтары келді. Бизнес-жобамды даярлап, мен 2 миллион теңге қайтарымсыз грант ұтып алдым. Қағаз майлық шығаратын құрылғыны Қытайдан алуға болады екен. Ал шикізатты Түркия елінен Шымкентке алғызып, оны Жаңатасқа өзім жеткіземін, – дейді Рамазан.
Қажет дүниелерді алып, шағын кәсібін бастаған кәсіпкерде іштей сенімділік пайда болады. Оның үстіне істі бастаған соң шегінуге жол жоқ еді. Бастаған табысты тіршілігін дамытып, соңына дейін жеткізу керек деген мақсатпен ізденісте жүрген ол былтыр карантинге қарамастан қағаз майлықтарын өндіру ісін бастап кеткен. Бүгінде қарамағында 2 жұмысшы бар.
– Біз бүгінде 1 тонна шикізаттан 13-14 мың қорап қағаз майлық жасай­мыз. Ал күніне 300, 400 қорап шығара­мыз. Өнімдерімізді Қаратау, Жаңатас қалалары мен Байқадам, Созақ, Шолаққорған ауылдарындағы дүкендерге өткереміз. Қазіргі жұмысы­мыз салыстырмалы түрде жаман емес. Өйткені көптеген жобалар­дың басталмай жатып, жабылып қалып жататынын естіген едім. Дегенмен біздің жобаның жұмыс істеп жатқанына бір жылдан асты, тоқтап қаламыз деген қауіп жоқ. Себебі біздің өнімнің өткерілуіне, халықтың тұтынуына пандемия, карантин әсер етпейді, – дейді жас кәсіпкер.
Ол сөзінің соңында мемлекеттен көмек болса алдағы уақытта дәрет­хана қағаздарын да дайындауды ойлас­ты­рып жүргенін айтып қалды. Талабы таудай жас кәсіпкерге сәттілік тілейміз.

Айжан Өзбекова

Сарысу ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.