Қоғам

Қалтада жүріп қағажу көре бере ме?

Written by Aray2005

«Memlekettіk tіl jáne BAQ» baıqaýyna

Тіл төңірегіндегі түйткілді «айта-айта, Жамал апам да қартайғаны» жасырын емес. Әйтеуір мемлекеттік тілге келгенде тіл байланып, көмейге құм құйылғандай күй кешеміз. «Ана тілімізді ардақтайық» деп ұрандағанымызбен одан өзгеріп жатқан дүние шамалы. Егемендігіміздің отыз жылында отыз ауыз сөз білмейтіндер аз емес. Қазақ тілінде амандасқанды абырой санайтын атқа мінерлеріміз де жетерлік. Ал мемлекеттік тілді «еркін меңгергенмін» дегендердің өздері кейде өзекті өртеп жатады. Сондай сәтте, мойындағың келмесе де, солақай саясаттың санамызда әлі де салқыны сезіліп тұрғанын сезінесің.

Ең әуелі күнделікті тұрмыста қолданып жүрген қарапайым қалта телефонын мысалға алсақ. Жаңа ғасырдың белесінде жаппай қолданысқа енген ұялы телефондардың бастапқыда қазақ тілді бағдарламасы болған жоқ. Алайда кейін келе заман ағымына қарай қазақ тілді мәзір қосылды. Бірақ, осы қазақ тілді батырманы бүгінде қолданамыз ба? Қолды жүрекке қойып айтар болсақ, бұл бағдарлама тек телефонның сәнін келтіру үшін тұр. Қазір қолыңызда тұрған телефонды ашсаңыз, онда бөлімдер «телефон», «сообщения», «галерея», «камера», «календарь», «настройки», «контакты» болып сақталып тұрғаны айдан анық. Ал егер тілді ауыстырсаңыз, он жыл бойы қолданған телефоныңыздың тілін түсінбей қалуыңыз мүмкін. Біз тәжірибе үшін ұялы телефонның орыс тілді бөлімін өшіріп, толықтай қазақ тіліне көшіріп көрдік. Шындығын айту керек, бірқатар бағдарламалардың атауы өзгермей сол қалпында қалды. Мәселен «телефон», «галерея», «камера», «калькулятор» және телефонды шығарған компания бағдарламаларының түпнұсқасы сақталды. Десе де, «сообщения» — хабарлама, «контакты» — контактілер, «календарь» — күнтізбе, «настройки» — параметрлер болып өзгергенін байқадық. Яғни, ұялы телефондарға қазақ тілінің толық нұсқасы әлі де болса енгізіле қоймаған. Ал өзгергеннің өзімен жұмыс жасау қиынның-қиыны. Мәселен, телефонның қазақша нұсқасындағы параметрлер бөліміне кірсең, «қосылымдар», «есептік жазбалар және сақтық көшірме», «сандық ахуалы», «тербелу үлгісі», «қолданба белгішесінің белгілері», «күй жолағы», «қолданбаның жедел пернелері», «қалқымалы терезе көрінісі», «қос хабаршы», «әдепкі пернетақта», «мәтіннен сөйлеуге», «меңзер жылдамдығы», «негізгі тінтуір түймешігі» сынды сөздердің мән-мағынасын түсіну қиын. Бөлімдер қазақша теріліп тұрғанымен, оның қандай қызметтер атқаратынын болжап қана біле аласың. Осы орайда телефон мәзірін қайта орыс тіліне ауыстыру үшін сурет арқылы әзер тауып барып, өзгерттік. Сондағы «қосылымдар» дегені подключения, «есептік жазбалар және сақтық көшірме» — биометрия и безопасность, «қолданба белгішесінің белгілері» – учетные записи и архивация, «тербелу үлгісі» — звук и вибрация, «күй жолағы» — ярлыки приложений, «қалқымалы терезе көрінісі» -локация деген мағынаны білдіріп тұрған екен. Міне, қарапайым қалта телефонына келгенде қазақша аудармалардан осындай қиындық көріп, сосын амал жоқ орыс тілді мәзірді қолданғанды тиімді көреміз. Телефонның қазақ тілді мәзірін бүгінде жастар түгілі қазақы болмысы бұзылмаған ауылдағы үлкендердің өздері пайдаланбайтыны ақиқат. Оған дәлел ретінде біз «Ұялы телефоныңызды қай тілде қолданасыз?» деген тақырыпта онлайн сауалнама жүргізіп көрдік. Біз сауал жолдаған 100 респонденттің бірде-біреуі қазақ тілді мәзірді қолданбайтын болып шықты. Осы орайда, біз өмір жолын қазақ тілі мен әдебиетін оқытуға арнаған ұлағатты ұстаз Дәнен Бейсебаева осы сауалмен қайырылған едік.
– Тіл – ұлттың ең құнды қазынасы. Алайда біз осы құндылығымызды құнттамай келеміз. «Егер тіл мен мәдениетің жоғалса, шекараңды аша сал. Бәрібір неңді қорғайсың? Бұл енді сенің елің емес» деген шығыс ойшылының сөзі бар. Шынында бұл ойдың мағынасы мен мазмұны тереңде.
Қалта телефонын қазақ тілді мәзірде қолдануға болады. Алайда ол үшін көзді үйретіп, бөлімдерді жаттауың керек. Әйтпесе бүгінгілердің аудармасынан түпкі ана тіліңді де ұмытып қалуың ықтимал. Көп адамдар әсіресе жастар қазақ тілді мәзірмен қалта телефонын қолданғанды қиынсынады. Бұл қатарда аға буын үлкендер де бар. Олар қазақ тілін білмейді емес, біледі. Алайда санамызға орыс тілі әбден сіңісіп кеткен. Алғашқы ұялы телефондарды тек орыс тіліндегі мәзірмен қолданғандықтан, бұл бәріміз үшін тиімді болып тұр. Бірақ бойында патриоттық рухы бар әрбір қазақстандық мемлекеттік тілге деген құрметті осындай кішкентай дүниелерден бастауы керек. Бұл көзге көрінбейтін, аса білінбейтін дүниедей көрінгенімен, осы арқылы біз кейінгі ұрпақтың санасын улап жатырмыз. Егер сен ұялы телефоныңды тек қазақ тілді мәзірде қолданатын болсаң, үйде оны қолына ұстаған балаң да қазақы таныммен тәрбиеленетін болады, – дейді ұлағатты ұстаз.
Иә, ағарту саласы маманының сөзі орынсыз дей алмассың. Бұл бүгінде банк карточкаларын қолдануда да өзекті болып тұр. Себебі қазір банкоматқа карточкасын салған он адамның тек біреуі ғана қазақ тілді бөлімді таңдайды. Оның өзі кібіртіктеп, сөздерді ережелеп оқып барып, бөлімдердің атқаратын қызметін түсінеді. Ал орыс тілін таңдаған адамдар сақылдатып, санаулы минуттарда ақшасын банкоматтан шешіп алады. Біздің ақсап тұрған бір тұсымыз да осы. Егер әрбір азамат банкоматтың қазақ тілді бөлімін қолданып, жеке кабинеттегі қызметтерді де қазақ тілінде пайдаланса, бұл да болса біздің санамызды қазақыландыруға өзіндік септігін тигізер еді.
Тағы бір жанға бататындығы – үйдегі техникалық бұйымдарды орнатуда немесе дәрі-дәрмектерді қолдану тәртібін қарауда біз бірден орыс тілді анықтамалығын оқимыз. Ал қазақ тілді түсіндірмені қарасаң, жазулардың мағынасын түсінбей, сөзжұмбақ шешкендей боласың. Бұны көрген үлкендердің өздері «Әй, орысшасын оқышы сонда бәрі түсінікті жазылған» деп ақылын айтады. Бұдан кейін кімге өкпелеп, кімге кінә артамыз?
Жасыратыны жоқ, бүгінде аурухана, халыққа қызмет көрсету орталығы, төтенше жағдайлар қызметі немесе құзырлы мекемелерге бара қалсаңыздар қабырғаға ілінген анықтамалықтардың орысша нұсқасын оқитындықтарыңыз анық. Себебі орысша нұсқасы сізге түсінікті жазылғандай көрініп тұрады. Тіптеп келгенде банктен несие аларыңызда немесе жұмысқа қабылданарда берілетін келісімшарттың да қазақ тілді нұсқасы бола тұра, орыс тілді жағын оқитыныңыз ащы да болса шындық. Және орыс тілді бөлімін оқығаннан кейін ойланбай қолды қонжитып қоя саласыз. Ал қазақ тілді нұсқада кейбір сөздерді түсінбегендіктен қол қоюға қолыңыз бармай, жалтақтап тұратыныңыз тағы ақиқат. Осы тұста түсінбеген жеріңізді орысша нұсқасынан қарап алып барып, жүрегіңіз орнына түседі. Сонда бұл не? Қазақ бола тұра ана тілімізде жазылған сөзге сенбеу ме? Бейне бір қазақ тілді құжатқа қол қойсақ, бірдеңені бүлдіріп қоярдай неге үрке қараймыз? Міне, біздің бүгінгі кемшін де, қасіретті тұсымыз осы.
«Тілі мәңгі жасаған халық өзі де өлмейді» дейді Шыңғыс Айтматов. Ал біз мемлекеттік тілді біле тұра, өзге тілді өрістетіп, қазақ тілін қағажу көрсетіп жатырмыз. Сонда жылдар бойы тіл саясаты туралы ұранды сөз қозғап, «қазақ тілін қорғап жүрміз» дегеніміз қайда? Егер ана тілімізді бірінші өзіміз құрметтеп, тұрмыста да, жұмыста да қолданбасақ, басқасынан не сұраймыз?

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР