"Көңілашар"

Қалыңдықтың гүл лақтырғаны дұрыс па?

Written by Aray2005

Үйлену тойы – әрбір адам үшін ең маңызды сәттердің бірі. Қыздар қауымының осындай бақытты шақта барлығы ойдағыдай өтсе екен деп те уайымдайтыны бар. Сол үшін де кейбір қуаныш иелері той сценарийіне дәстүрге келсін-келмесін түрлі рәсімдерді тықпалап жататыны да жасырын емес. Әсіресе той барысында қалыңдықтың тұрмыс құрмаған құрбыларына гүл лақтыруы әдетке айналып келеді. Бұл қаншалықты дұрыс?

Гүл лақтыру үрдісі батыстан келген дүние. Тіпті ежелгі славян халқы да бұған үлкен мән беріпті. Сәнді дестені күйеужігіт арнайы бақыт пен мызғымас шаңырақтың белгісін білдіретін гүлдер жиынтығынан өз қолымен жасап, отбасыларының берік болуын тілейді. Ал қалыңдық сол гүлді кеудесіне қойып, сезімін жеткізеді. Тойдың соңында құрбылары қол ұстасып қалыңдықты айналып жатқанда көзі шүберекпен байланған келін кез келген тұсқа гүлін лақтырып жібереді. Келесі той сол гүлді тосып алған бойжеткендікі болады деп топшылайды екен. Мұны байқаған жігіттер алдағы уақытта қандай қыз тұрмыс құруға дайын, қайсысы бойжетіп отырғанын сол арқылы біліп, әлгі қыздың үйіне туыстарын құдаластыруға жібереді екен. Бірақ «Құдайсыз қурай да сынбайды» дегендей, бұйрық болмай қанша гүл тоссаңыз да ұзатылмайтыныңыз ақиқат. Бұл тұрғыда қашанда жүрегі қазақ деп соғатын жазушы Зейнеп Ахметованың кеңесіне құлақ түрген артықтық етпейді.
– Кейінгі кезде қалыңдық ортада тұрып, артына гүлді лақтыратын әдет пайда болды. Сол тойда үлкен-кіші түгел жүреді, қыздардың әке-шешелеріде тұр. Байсырап бара жатқандай улап-шулап, соған таласып-тармасып, не көрінді сонша? Ұят нәрсе. Сол гүлді лақтырғанша, үкісін артындағы қыздарға үлестіріп бергені дұрыс, – дейді З.Ахметова.
Жастар жазушы апамыздың қазіргі заман тойларының бей-берекетсіздігі жайлы айтқан осы пікірін қаперінде ұстаса игі.

А.ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ

ПІКІР