Каменск тұрғынының жақсылығы

0 22

Жеңіс… Қандай қиындықпен, қандай азаппен келді десеңші… Міне, сол зұлматты жылдардың аяқталғанына биыл 76 жыл толып отыр. 1941 жылдың 22 маусымында басталған сұрапыл соғысқа Кеңес одағының құрамында болған қазақстандықтар да қатысып, ерліктің ерен үлгісін көрсете білді.

Осы қанды майданға Қайназаров әулетінен екі бірдей атам барды. Ұлдан екінші Үсенбай ата 1904 жылы туып, 1942 жылы Совет Армиясы қатарына шақырылған. Майдангерден 1943 жылы тамыз айында хат келген. Жеделхатта қарша борап жатқан оқтың арасында жүргені, ауыл-аймақты, туған-туысты сағынғаны жайлы жазыпты. Бір өкініштісі, осы күнге дейін атамнан ешқандай хабар жоқ. Қай майданда, қай жерде, қандай жағдайда мерт болғаны белгісіз. Әкем– Жарылқасын көптеген архив, жазбаларды іздестіріп, табанынан таусылды. Асқар тау әкесінің бір уыс топырағы кіндік тамған өлкесіне бұйырсын деп армандаған әкемнің өзі де арамыздан алыстағаны қашан?!
Ал Уалихан атамыз 1946 жылы елге аман-сау оралды. Айтуынша, Рейхстаққа ту тігілді деген хабарды естіген соң қаруластарымен бірге Жеңіс күніне дайындық шараларына қатысса керек. Сөзімізге «Великая Отечественная война» киноэпопеясының 11 сериясы дәлел. Сол түсірілімде атамыз алғы шепте қаруын асынып келе жатқаны көрінеді.
Бірде майдангердің майдандағы естеліктері жазылған күнделігі қолыма түсті. Онда: «Каменск ауылы фашистер үшін де, Қызыл Армия жауынгерлері үшін де өте қолайлы орын болатын. Ауыл бірде біздің иелігімізде болса, енді бірде немістерге пана болды. Бірде кезекті шабуылдан соң біз ауылды тастап, арттағы бекініске тұралауымызға мәжбүр болдық. Мен шегініп үлгермедім. Жақын маңдағы үйге кіріп, жасырынуыма тура келді. Өкініштісі, көзіқарақты неміс офицері мені байқап қалса керек. Сүт пісірім уақытта үйге бас-көктеп кіріп, кемпір мен шалға оқты көзін қадады. Совет солдатының қайда жасырынғанын бірнеше мәрте сұрағанымен кемпір мен шал тіс жармады. Ақыры неміс офицері шалды атып өлтіріп, жөніне кете берді. Мен кемпірдің төзімділігі мен риясыз адалдығына тәнті болдым. Қолындағы қапшықты азық-түлікке толтырып, қолтығыма қыстыра беріп: «Отомсти офицер, за гибель старика, ценою жизни спасшего тебя, за проганную Родную Украину», деп көзіне жас алды. Мен кейуанаға алғысымды білдірдім. Егер Каменскіде жомарт жүректі жандар кездеспегенде, бұл күнделікке сия басылар ма еді?! Осы сәттен бастап, біз неміс әскерлерінің тауанын қайтарып, соққы жасай бастадық», депті майдангер.
Оқ пен оттың, өмір мен өлімнің арасында жүріп, өшпес ерлік көрсеткен аталарымыздың өмір жолы, ғибратты ғұмырнамасы өскелең ұрпаққа мәңгілік мұра болып қалатыны даусыз.

Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ,
Жамбыл ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.