Қоғам

«Қамқор» дүкендерінің қатары толықты

Written by Aray2005

Кісіге қамқорлық жасап, мейірімнің шуағына бөлеу пейілі даладай дархан қазақтың сүйегіне сіңген асыл қасиет. Ата-баба аманатына айналған бұл ізгі амалды жоғалтпау қажет. Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының бастамасымен өңірде жүзеге асып жатқан «Қамқор» волонтерлік-қайырымдылық жобасы дәл осы талаптың үдесінен шығады. Апта басында осынау жоба аясында облыс орталығынан тағы бір «Қамқор» волонтерлік-қайырымдылық дүкені ашылды.

Өз жұмысын Тараз қаласының орталығындағы Ы.Сүлейменов көшесінде орналасқан ғимараттардың бірінен бастаған ерекше дүкеннің ашылу салтанатында облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа жобаның мән-маңызын жан-жақты таныстырып өтті.
– Бұл жоба өңірде өткен жылдан бастап қолға алынған еді. Жыл соңына дейін облыс орталығындағы мұндай дүкендердің санын 5-ке жеткізуді жоспарлап отырмыз. Ал облыс аумағында осындай 16 дүкен ашылмақ. Қазіргі таңда әр ауданда бір-бір «Қамқор» дүкені бар. Дүкеннің қоры халықтан жиналған киімдерден тұрады. Оларды өңдеп, қайта қалпына келтіріп, мұқтаж жандарға үлестіреміз.
Жаңа «Қамқор» дүкенінде кедендік ресімдеу кезінде мемлекеттік тәркілеуге алынған киімдер жинақталады. Қазір дүкенде әлеуметтік дүкен арқылы таратылуы керек 50 тонна таза киім бар. Оларды көпбалалы, аз қамтылған, тұрмысы төмен отбасылардың мүшелері тегін ала алады. Бір адамға киімнің екі үлгісін алуға рұқсат беріп отырмыз. Ол үшін жеке куәлігі мен анықтамасын алып келсе жеткілікті.
Жалпы өткен жылы «Қамқор» дүкендері арқылы 6 тоннаға жуық киім-кешек жиналған. Бүгінге дейін 4-5 тонна киім мұқтаж отбасыларға таратылды. Тек Тараз қаласының өзінде бұл дүкеннің қызметін тұтынатын мыңнан аса отбасы бар, – дейді облыс әкімді жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Қайратұлы.
Басқарма басшысы дүкен қызметін тұрақты тұтынатындардың электронды базасы жасалғанын айтады. Жаңа оқу жылы қарсаңында демеушілер есебінен дүкен сөрелеріне кеңсе тауарлары мен балалар ойыншықтары қойылмақ.
Ал жалпы жобаны ұйымдастырумен «Еріктілер қозғалысы» қоғамдық қоры айналысады.

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР