Қамшы өру шеберімен кездесу

0 3

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында ұлттық бірегейлікті сақтау, атап айтқанда, «Ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деген болатын. Жас ұрпақ бойында ұлттық құндылықтарымызға деген құрметті қалыптастыру мақсатында  Түймекент ауылдық округінде «Дәстүр мен ғұрып» тақырыбында еңбек ардагері, қамшы өру шебері Қырғызбай Жоралбаевпен кездесу өтті.

 

Қырғызбай ата жастармен кездесу барысында қамшының түрлері, құрылымы, атаулары және  бөлшектерінің мән-мағынасын түсіндіріп берді. Қамшының өрілу процесін  көзбен көрген жас толқын қамшы жай ғана ат айдайтын құрал емес, өнер туындысы, сый-сияпаттың төресі, ер жігіттің серігі, шаңырақтың киесі, батырдың қаруы екендігін түйсінді. Сондай-ақ ардақты қария ертеректе шеберлер қамшының сабына ерекше көңіл бөлетіндігін жеткізді. Сапты тобылғыдан, ырғайдан, қамыстан, еліктің, киіктің сирағы мен мүйізінен, таутекенің мүйізінен жасайтындығын мысалдар арқылы тарқатты.

Қамшы жасауға жұмсалатын қажетті шикізаттың барлығын өзі әзірлейтіндігін, сабына  тауда өсетін тобылғы ағашын пайдаланатындығын айтты.

– Қамшының өрiмi сабынан бiр жарым еседей ұзын болады. Оған ешкі, серке, бұқа терісін илеп, оны қайысқа айналдырып, дайын былғарыны өз қолыммен әзірлеймін. Бұл қолөнерді әкемнен үйрендім, немерем Әділетке үйретудемін, – деді Қырғызбай ата.

Ұлттық құндылығымыздың бірі саналатын қамшы – бүгінде әр қазақтың шаңырағына сән беретін ұлттық бұйым. Халқымыздың тұрмыс-тіршілігінде, салт-дәстүрінде қамшының алатын орны ерекше екендігін кездесу барысында жастар зейін қоя тыңдап, туындаған сауалдарына жауап алды.

Сонымен бірге қамшы өру өнеріне қызығушылықтарын білдірген жастарға  Қырғызбай ата қолынан шыққан бұйымдарын  тарту етті. Өз кезегінде жас буын  қарияның иығына  шапан жауып, құрметтерін көрсетті.

 

Нұрлан ТЛЕНОВ,

Түймекент ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі аға инспекторы,

Байзақ ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.