Қамшының қандай түрлері бар?

0 1

Қамшы – қазақтың ғасырлар бойы ұстаған ұлттық бұйымдарының бірі, ер жабдықтарының ішіндегі ажырамас бөлігі. Қолына қамшы ұстаған қазақ сұсты, айбарлы, сәнді көрінген. Сондықтан қазіргі таңда қамшы өруді, қамшыгерлікті жас ұрпаққа үйретіп, насихаттап отырса елдік, ерлік дәстүріміз жалғасын табар еді.

Адамзат жылқыны қолға үйретіп мінісімен аттың өзін жүргізу және алдындағы малды айдау үшін қандайда бір құрал қажет болған. Алғашында атқа мінген адам атты әртүрлі шыбықпен, ағашпен айдап жүргізген. Уақыт өте келе бұл құралды малдың шикі терісінің өзінен жасаған, бертінірек өрме өнері шыққанда шикі қайысты өріп, өрменің санына байланысты қамшылар үш таспа өрім, төрт таспа өрім, алты таспа, сегіз таспа, он екі, жиырма төрт, қырық сегіз таспа болып бөлінген.

Қамшы – ғасырлар бойы қазақтың қаруының бірі болды. Жылқы алып, жылқы айдаған барымтада кісі өлімі болмауының бір кепілі де қамшы. Сонымен қатар үйленуге байланысты жөн-жоралғылар жүйесінде де қамшының өзіндік қызметі бар. Қызға құда түсуге келген жігіттің әкесі қамшысын белгі ретінде үйдің төріне іліп кеткен. Егер жігіт жақ кешігіп, қыз жағы айныса, қамшысын кері қайтарған, мұны «қамшы қайтару» деп атаған.

Баланы бесікке саларда жүгенді ат ұстайтын ер-азамат, ел қорғайтын батыр болсын деп қамшыны кебенекпен бірге жапқан және тақымыңнан тұлпар кетпесін, бәйге бермес шабандоз бол деп бесіктің екі жағынан қамшы үйіріп те тілек тілеген. Қазақта «қамшы сабы сынса әйел өледі, пышақ сабы сынса күйеуі өледі» деген әрі ырым, әрі сөз тіркесі бар. Ер адам сапарға атқа мініп аттанайын деп тұрғанда әйелі жолы болсын деп ырымдап, еріне қамшысын ұстатқан кезде арқасын ауыртпай сипай қамшы салу әдеті де болған. Әйелі ешқашан бұл мезетте қайда барасың деп сұрамаған. Егер сұрағысы келсе күні бұрын немесе атқа мінбей тұрып сұрауы қажет.

Қамшыгерлік қазіргі уақытта ұмытылып қалған ұлттық өнердің бір түрі дегенмен, қамшымен соғудың, ұрудың көптеген әдістері болған. Олар:

Қамшы үйіру; Қамшы білеу; Қамшымен жасқау; Сипай қамшылау; Батыра қамшылау; Орап тарту; Шықпырту; Оса тарту; Тіле тарту; Баса тарту; Көсіп жіберу; Серпе тарту; Көсите тарту; Салып қалу; Сілтеп қалу.

Қамшының қаскөй, зұлым күштерден қорғаушы функциясы да бар. Яғни шамандық діннің қағидасымен, бақсылардың қамшысы негізгі атрибуттарының бірі. Қазақта жылқының тері сіңген қамшыдан жын-шайтан, пері-албасты қорқып жоламайды деген сенім бойынша қазақ бақсылары аурудың жынын қағу үшін қамшы қолданса, аяғы ауыр әйел босанар сәтте үйдің төріне іліп қойған. Тувалықтар қамшы ішінде қызыл сапты қамшының күші айрықша болады, сондай қамшы ұстаған кісіден шайтан безіп қашады деген. Сонымен қатар тувалықтар қамшыны малдың, жылқының құты, байлық әкелуші ретінде санаған. Қамшыны әкету, ырыс-берекені әкету деп есептеген. Ал алтайлықтар тобылғы сапты қамшыны дәріптеп, сабын отпен күйдірмеген. Олардың сенімінше, қамшы қаскөй күштерді қуса, от ағаштың қасиетін, күшін кетіреді.

Қамшы туралы жөн-жосындар жүйесінің қазақтың дәстүрлі этикетінде, әдет-ғұрпында, халық медицинасында өзіндік орны бар. Мәселен, адам қамшысын босағаға қалдырмаса, жай келмегені, қолына қатты ұстаса, онда дауласып, жанжалдасуға келгені. Егер қамшыны төрге алып шығып, ортаға тастаса, көпке созылған жанжалдан шаршап, бітімге келейік, қашанғы созамыз дегенді білдіреді. Ал үйге кірісімен қамшысын тастамастан, төрге оза шығып, екі бүктеп жамбасының астына салып отырса, дауға келдім деген ишарасы екен.

Қамшының түрлері:

Тобылғы сапты қамшы, Мүйіз сапты қамшы, Ырғай сапты қамшы, Орама сапты қамшы, Сарала қамшы, Сылдыр қамшы, Қасиетті (киелі) қамшы, Жыланбауыр қамшы, Шыбыртқы қамшы (бишік), Дырау қамшы, Дойыр қамшы, Бұзаутіс қамшы, Жортуыл қамшы, Білеу қамшы, Бала қамшы, Өзекті қамшы, Шашақты қамшы, Жеңсе қамшы, Шолақ қамшы, Күдері қамшы, Күмістелген қамшы, Алтындалған қамшы, Ат қамшы (ат жүргіш).

Қазақта әрбір отбасы мүшесінің өз қамшысы болған. Балаларға ат жалын тартып міне бастағанда (ұл, қыз бірдей) әдейі арнап ер-тұрман жасатумен қатар ата-анасы арнайы  өргізіп берген. Көші-қонда, ас-тойларда салт атты адамның, еркек болсын, әйел болсын қамшысыз жүруі сөлекет саналған. Тіпті қамшы салдырмайтын жүрдек аттардың өзін сипай қамшылап отырады. Ер адамдарға қарағанда қыз-келіншектердің қамшысын ерекше әшекейлеген. Қазіргі таңда Моңғолия мен Қытай қазақтарында жиі кездесетін сабына жез ораған сарыала қамшыларға ертеде алтын, күміс шыбықтарды шырмауықтай орап, шашақтарына дейін алтын, күміс домалақ салпыншақтар орнатқан. Мұндай қамшылар сән қамшысы, алтындалған қамшы, күмістелген қамшы деп айтылған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.